Бүгінгі заман талабы – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан саналы ұрпақ тәрбиелеу. Әрине, бұл мақсатта қазір балаларға арналған түрлі орталықтар жұмыс істейді. Мұндай орындарда жас өскіндер қоғаммен араласып қана қоймай, өздерін жаңа қырынан да танып үйренеді. Жаңа тынысы ашылады. Яғни қосымша орталықтар мен үйірмелердің балаға берер пайдасы көп. Астана төріндегі Ұлттық музей де балаларға ұлттық тәрбие беру мен дамыту іс-шараларынан кенде емес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Түптеп келгенде, дамудың бірден-бір жолы – білім саласы. Сондықтан бұдан ешкім ұтылмайтыны сөзсіз» дегеніндей Ұлттық музейде барлық жастағы балалардың қалыптасуына, дамуына бағытталған әртүрлі сабақ апта сайын өткізіліп тұрады. Бұл туралы Экскурсиялық жұмыстар, музей педагогикасы және экспозициялық залдарды сақтау қызметінің басшысы Жанар Бейісова баяндады.
– Ұлттық музейдің басты бағыттарының бірі – еліміздің мәдениетін, тарихи ескерткіштерін танымал етуге бағытталған мәдени-ағартушылық саласы. Музей қорында, экспозицияларда ұлт тарихынан сыр шертетін бірегей экспонаттар шоғырланған. Мәдени-ағарту бағдарламасының аясында «Шаңырақ», «Тарихи тұлға», «Әсемдікке құштарлық», «Дана», «Музейдегі мектеп күні» секілді бірнеше жоба бар. Сонымен қатар музейге келушілердің барлық категориясымен жұмыс істейміз. Мәселен, мәдени-ағарту бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Қолөнер ғаламшары» үйірмесі ашылды. Жыл сайын инклюзивті фестиваль ұйымдастырылып тұрады. Сондай-ақ өткен жылы музейге келуші ерекше жандар үшін «Тактильді экспозиция» ашылған болатын және құлағы дұрыс естімейтін келушілерге сурдоаудармамен экскурсиялар да бар. Жалпы, мәдени-ағарту бағдарламасы аясында көптеген іс-шара ұйымдастырылады. Ал қазір Наурызға арналған ертеңгіліктер өткізілуде, балалардың қысқы, жазғы демалыс уақыттарымен тұспа-тұс келетін жобалар мен бағдарламалар да көп. Бұл уақыттарда оқушылар музейге тегін келе алады, – дейді.
Сондай-ақ аталған музей өкілінің айтуынша, балалар өздері оқып, үйреніп, музей бойынша экскурсия жүргізетін «Мирас» үйірмесі жұмыс істеп тұр. Одан бөлек мектепке дейінгі балалардың музейді аралауына арналған «Балдырған гид» бағдарламасы бар. Музейдегі каникулдар балалар орталығында жүзеге асырылады. Ауқымды жобалардың бірі ретінде «Музейдегі мектеп күнін» жобасын атап өтуге болады. Яғни мұғалімдер, ғылыми қызметкерлер оқушыларға күнтізбелік жоспармен сабақ өткізеді. Мәселен, әр бейсенбіні «Тарих сабағы күні» деуге болады. Осы жоба аясында түсірілген бейнесабақтар да бар, оның барлығын сайт арқылы көріп, мектеп оқытушылары сабақтарында қолдана алады.
Музейдегі сондай үйірмелердің бірі – «Көркем бейнелеу өнері». Жетекшісі – Еуразия Дизайнерлер одағының, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Мұхтар Байбосын. Алғашында 5 оқушымен өз жұмысын бастаған үйірмеге қазір келушілер көп. Аптасына екі рет өткізілетін сабақта оқушылар бейнелеу өнерінің графика, кескіндеме, мүсіндеу және композиция сияқты салаларымен танысып, жұмыс істейді.
Бүгінгі күнге дейін үйірме қатысушыларының көптеген байқауға қатысып, біраз жетістіктерге жеткенін де айта кету керек. Жақында ғана ЮНЕСКО мектебінің ұйымдастыруымен өткен «Қызыл кітап балалардың көзімен» атты республикалық байқауында үйірмеге қатысушы Таир Байменов үшінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал «Жыл басы – Наурыз» республикалық көркемсурет байқауында Айша Қасенова «Үздік сурет» номинациясын жеңіп алған.