• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Шілде, 2014

Ел дамуының еңселі бағыты

342 рет
көрсетілді

Президент Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландырудың бірінші бесжылдығының қорытындысын шығарды Біз тек жолдың басындамыз. Біздің міндетіміз – өңдеуші өнеркәсіптің өз маңызы жөнінен шикізат саласы деңгейіне жетіп, ал келешекте одан асып түсуіне қол жеткізу.

Нұрсұлтан На­зарбаев,

Қазақстан Республикасының

Президенті.

Кеше «Назарбаев орталығы» Тұңғыш Президент кітапханасында мемлекеттік үлкен шара өтті. Онда Мемлекет басшысының қатысуымен Үкіметтің мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру жұмысы туралы есебі тыңдалды. Шара аясында бірқатар Үкімет мүшелері өз жұмыстарының нәтижелерін баяндап, өңірлермен телекөпір ұйымдастырылды. Жан жадыратар жаңа нысандар Елдік шара басталмас бұ­рын Мемлекет басшысы жаңа ғима­ратты аралап көрді. Сондай-ақ, «Назарбаев орталығы» көп функ­циялы ғылы­ми-талдау және гу­ма­нитарлық-ағарту мемлекет­тік мекемесінің арқауында құрыл­ған Тұңғыш Президент кітапха­насының жұмысымен танысты. Кітапхана қоры 20 мың ең­бекті қамтиды. Мекеме Пре­зидентке сыйға тартылған экспо­наттарды жинақтаумен де айна­лысады. Қазіргі күні мемлекет бас­шылары­ның және олардың ресми өкіл­дерінің сыйлықтарын, өнер туындылары мен тарихи жәдігерліктерді қосқанда, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке коллекциясынан алынған 500 экспонат бар. Ғимаратта көшпелілер мен дала төсіндегі қалалардың санғасырлық тарихында қалыптасқан қазақ халқының философиясын танытатын «Мәңгілік ел» галереясы орналасқан. Мемлекет басшыларының мұн­дай орталықтары, кітап­ха­налары мен қорлары әлемдік тәжірибеде, атап айтқанда, АҚШ-та, Фран­цияда, Түркияда және басқа елдерде бар. Олардың басты міндеті ел басшыларының жеке мұрағатын жинақтау және жүйелеу болып саналады. Мұнымен қатар, Елбасы ғи­ма­рат ішіне орналастырылған отандық өнім шығаратын үздік кәсіп­орындардың арнайы ұйым­дас­тырылған көрмесін аралап көрді. Көрмені аралап, танысып шық­қан Елбасы жаңадан ашы­лып, салтанатты шара өтіп жат­қан ғимаратқа қатысты өз ойын білдірді. «Бұл ғимарат бас қаланың көркін одан сайын ажарландыра түсті. Келешек­те халық игілігіне жұмыс істей­тін мәдени орталық болады деп ойлаймын. Бұл әсем қаламыз Астананың туған кү­ніне жасалған ғажайып тарту-таралғыларымыздың бірі. Кең-байтақ даламызда түндігін түріп тастап, еркіндікке негізделген өзіміздің киіз үйімізге ұқсатып салынған. Қабырғасы мен төбесінің шыны пакетпен жабылуының өзі ғимаратты жылыту мен жарық­тандыруға кететін шығын көле­мінің азаюына зор септігін тигі­зетін болады. Сондықтан да, мына ғимарат «Назарбаев орталығы» Тұңғыш Президент кітапханасы» деп аталғанымен, бұл жерді ұлты­мыз­дың игілігіне жұмыс істейтін мә­дениет орталығы ретінде қабылдау керек», деді Мемлекет басшысы. Президент биіктігі 9 қабатты құ­райтын, жалпы көлемі 30 мың шар­шы метрден тұратын ғажайып ғи­марат қазіргі замандағы ең атақты сәу­летшінің бірі Норман Фостер­дің Астанадағы үшінші керемет сәулет өнері екендігін де айтты. Сондай-ақ, елордада тағы бір мәдени ошақтың осы күні ашылатынын үлкен қуанышпен жеткізді. «Көрсе көз тоймайтын Астанамызда бір опера және балет театры мен орталық ұлттық музей жетіспей тұратын. Театрдың игілігін ел кө­ріп жатыр, енді бүгін орталық мұ­ра­жай­ды ашатын боламыз», деді Н.Назарбаев. Үдемелі даму үрдісі Келесі кезекте Президент бүгінгі шараның негізгі бөліміне өтіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы әңгімеледі. Биылғы жылы үдемелі индустриялық-инно­ва­­ция­лық бағдарламаны жүзеге асы­­­рудың бірінші бесжыл­ды­ғы қо­рытындыланатынын жет­кізді. Онда «Қазақстанның ин­дус­­трия­­­­лық-ин­новациялық да­му бағ­дар­лама­сын (ИИДБ) жүзе­ге асыру қорытындыла­ры ин­­­дус­­­­трия­ланды­рудың екінші бесжыл­­дығын бастау үшін «бас­тапқы ба­ғыт» ретінде аса үлкен мәнге ие бол­ды», деп атап айтты Президент. – Енді басты мақсат 2050 жыл­ға бет алған сәтте өзіміз бастаған бас­тапқы бағыттар аса маңызды. Кез келген жол алғашқы қадамнан бас­талады, сондықтан, 2014 жыл­дың алғашқы қорытындылары біз үшін аса маңызды. Жартыжыл­дық­тың басты нәтижесі мына қара­пайым шындықта: Қазақстан эконо­микалық өсімнің қажетті дина­ми­касын жинау­да. Әлем экономи­касының қалпына келуі баяу жүріп жатқанын ескеретін болсақ, бұл өте маңызды. Көптеген сарапшы­лар түйіндегендей, 2014 жыл жа­һан­дық экономикалық өсімнің ұс­тамды болжамдарын берді, – деді Мемлекет басшысы. Оған қоса, Президент индус­трия­­ландырудың екінші бесжыл­дығы­ның жаңа жобаларын таныс­тыру – ағымдағы жылдағы Үкімет пен әкімдердің жұмыстарының маңызды аралық қорытындысы екеніне баса назар аудартты. «Жаңа Үкіметтің жұмысына жақын күндерде 100 күн толады. Ен­деше, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жасалған жұмыстың баяндамаларын тың­даймыз деген ойдамын», деп то­лықтырды сөзін Н.Назарбаев. Әрі қарай ойын жалғаған Мем­лекет басшысы үдемелі индус­трия­лық-инновациялық даму бағдар­ламасын жүзеге асыру әлі де ел эко­номикасының құрылымына жет­кілікті әсер ете қоймағанын айтып, әйтсе де, бірінші бесжылдықта жағымды нәтижелерге қол жет­кі­зілгенін атап өтті. Сөйтіп, кей­бір елдердегі әлеу­меттік-эконо­ми­калық саясаттың дұрыс жүргі­зіл­меуін тілге тиек ете отырып, ел да­муының басым бағытына тоқ­талды. Мемлекеттік бағдарлама – маңызды құрал Елбасы ендігі кезекте, әуелі тиісті ведомство басшыларының баян­дамаларын тыңдап, одан кей­ін телекөпір шарасына өтуді ұсын­ды. Сөз кезегі Экономика және бюд­жеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевқа берілді. Аталмыш ведомство басшысы Қазақ­станның жаңа ин­дус­­триялан­дыру бағытында атқар­ған жұмыстарына тоқталып, үсті­міздегі жылдың ал­ғаш­қы жар­тысындағы нәтижелерін баяндады. Министрдің айтуынша, әлем­ді дағдарыс жайлаған ке­лең­сіз кезеңдердің өзінде осы бағ­дар­ламаның арқасында ел экономи­касын тұрақты ұстап тұруға мүм­кіндік туды. Атап айтар болсақ, 2010-2013 жылдар аралығында аталған бағдарламаны қаржыландыру мақсатында 3,7 трлн. теңге бөлінді. Бұған қоса инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға 2,4 трлн. теңгеден артық жеке инвестиция тартылды. Нәтижесінде, 2008-2013 жылдар аралығында жылдық орта мөлшермен есептегенде экономиканың өсу қарқыны 6,4 пайызды құрады. Ішкі жалпы өнім 30 пайызға өсті. Қазақстанның эко­номикалық бәсекелестікте тө­теп беретін тағы бір көрсеткіші – ең­бек өнімділігі. 2013 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу саласында еңбек өнімділігі 57,5 мың долларды құрап, 2008 жылмен салыстырғанда 1,6 мың АҚШ долларына өсті. Экономиканың басқа салаларымен салыстырғанда, бүгінде еңбек өнімділігі осы өңдеу саласында ұлғайып келеді. Айталық, ауыл шаруашылығы, теміржол машиналары мен автокөлік жасау, фармацевтика және химия салаларында да оң өзгерістер байқалады. Сонымен қатар, әлемдік тәжірибеге сәйкес, экономиканы әртараптандыру нәтижесінде еліміздің ішкі жалпы өніміндегі шикізат экспортының және өңдеу өнеркәсібінің үлесі артып келеді. Мысалы, соңғы бес жылда өңдеу өнеркәсібінің нақты өсуі 24,5 пайызды құрады, оның ішінде тау-кен өнеркәсібі 21,1 пайыз болды. Негізінен 2015-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы экономиканың тең­дестірілген құрылымын жасау­ға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталады, деді министр. «Қазақстан-2050» Стратегия­сында Сіз экономикалық саясатты жа­ңарту мен экономиканы әртарап­тандыру бойынша жаңа міндеттерді алдымызға қойған болатынсыз. Аталған міндеттерді іске асыру барысында 2015-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы маңызды құралға айналмақ», деді бұл ретте Е.Досаев Елбасына берген есебінде. Сондай-ақ, ол ҮИИД-2 мемлекеттік бағ­дарламасында 6 бағытқа ба­сымдық берілетінін тілге тиек етті. «Ең алдымен оны іске асыруда кешенді амал-тәсілдер қол­даны­лады. Индустрияландыру бағдар­ламасының екінші кезеңі эконо­миканың теңдестірілген құры­лымын жасауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталады», деп толықтырды сөзін министр. Жаңа жұмыс орындары елдің экспорттық әлеуетін арттыратын қайта өңдеу саласында, макроэкономикалық тұрақ­тылық пен оның өсіміне қар­жылық негізді қамтамасыз ететін дәс­түрлі шикізат секторында, инно­вациялық және қызмет көрсету салаларында ашылмақ. Бұл ретте көліктік, индустрия­лық және энергетикалық инфра­құрылымдардың озық дамуына ерекше назар аударылмақ. Сонымен қатар, министр Қа­зақстан экспортталатын тауарлар санын арттыруға да айрықша мән беріп отырғанын алға тартты. Дүниежүзілік банк және Азия даму банкі сынды халықаралық ұйым­дардың ұсыныстарын ескере отырып, басымдық тек салаларды әрта­раптандыруға ғана емес, сонымен бірге, экспорт барысында сауда серіктестерді және тауарлар мен қызметтер номенклатурасын әртараптандыруға берілетініне тоқталды.Министрдің атап өтуінше, Азия даму банкі сарапшыларының бағалауына сәйкес, бүгінгі таңда Қазақстан басқа елдермен салыстыра қарағанда, небәрі 127 ұстаным бойынша ғана тауар экспорттайды. Үдемелі индустриялық-инно­вациялық даму мемлекеттік бағ­дар­ламасының екінші бесжылдығын іске асыруға бағытталатын ин­вес­ти­циялардың жалпы көлемі 6,6 трлн. теңгеге жуық болып табылады. 6 трлн. теңгені квазимемлекеттік жә­не жеке сектор инвестициялары есе­бінен тарту жоспарланып отыр. Бюджеттік қаржыландыру 650 млрд. теңгеге жуық болмақ. Ізденіс іздері Қазақстанның жаңа индустрия­ландыру бағдарламасының 2014 жылғы алғашқы жартыжылдығы­ның нәти­желері туралы бұдан әрі Пре­мьер-Министрдің орынбасары – Ин­дустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев баяндады. Биылғы жылдың соңына дейін 700 млрд. теңгеге индус­трия­ландырудың 120 жобасы салынып бітеді екен. «Биылғы жыл елімізді индустрияландырудың бірінші бесжылдығының соңы бо­лып табылады. Үкімет аталған бағ­дарламадағы жобаларды жүзеге асыруға барынша күш салады. Негізгі 12 индикатордың ішіндегі 10-ы көзделген деңгейде орындалады деген сенім бар. 2014 жылдың бірінші жартысының өзінде 21 жоба іске қосылады», деп бастаған ви­це-премьер бірінші бесжылдық ин­новацияларды дамытуға да негіз болғанын айтты. Ә.Исекешев мемлекеттік ин­дус­­триялық-инновациялық бағ­дар­­ламаны жүзеге асырудың ар­қа­сында, яғни өткен 4 жылда еліміз­дің халықаралық рейтингтері жақ­­сартылғанын жеткізді. Осы ара­лықта технологиялық иннова­цияларға шығындар 7 есеге өсіпті, ал ҒЗТКӘ жобаларына тікелей ше­телдік инвестициялар ағымы 3 есеге дейін артыпты. «Жалпы, машина жасау 2009 жылдан бері 75 пайызға, құры­лыс индустриясы – 47 пайызға, хи­мия­лық сала 28 пайызға көтерілді. Нә­тижесінде, Қазақстан өңдеу эко­но­­микасының қарқынды дамуы­на ие болды. Сөйтіп, Түркия, Ресей, Оңтүстік Корея мен Поль­ша­дан кейінгі орынды иеленіп отыр», деді баяндамасында Ә.Исе­ке­шев. Сонымен қатар, шикізаттық емес экспорт пен мемлекеттік сатып алулардағы қазақстандық маз­мұн­ның екі көрсеткіші бойынша кестеден қалу байқалғанын да на­зарға салды. Сәтті жүзеге асы­рыл­­ған жобаларды да еске алды. Біз теміржол құрамдарын жасау өнімі бірден өскендігін байқаймыз, темір­жолдық машина жасау – 20 есеге, автокөлік өндірісі 11 есеге кө­бейді. Бұл бірқатар мықты сала құруға мүм­кіндік берді», деді ол. Нәтижесінде, бүгінгі таңда саты­латын әрбір төртінші көлік Қазақ­станда жасалып, дайындалатын болыпты. Жалпы, 4,5 жыл ішінде индустрияландыру картасы бойынша 672 жоба жүзеге асырылып, 69 мың жұ­мыс орны ашылыпты. Сөйтіп, индустрияландыру картасы жобалары тарапынан 3,2 трлн. теңгенің өнімі өндіріліп, экспорт құны 133 млрд. теңгеге жеткен. Ал экспорттағы дайын өнім үлесі 8 пайызды құрапты. Осынау уақыт аралығында жаңадан 325 тауар түрі қосылған. Үкімет басшысының орынбасары Астанада Назарбаев Уни­вер­­ситетінде геологиялық клас­тер құрылатындығы жөнінде де баян­дады. «Оның құрамына тау-кен ісі мектебі мен жер туралы ғы­лыми институты кіреді. Сон­дай-ақ, гео­логиялық зерттеу орталығы ашылады. Орталықтың құрылысы биылғы жылдың төртінші тоқсанында басталады деп жоспарланып отыр», деді Ә.Исекешев. Еліміздегі жер қойнауын пай­даланушылардың келісім үдесінен шыға алмай жүргендеріне қол­да­нылған шаралар жөнінде де сөз болды. «Өз міндеттерін атқармайтын жер қойнауын пайдаланушылармен жұмыс жалғасып жатыр. 2010 жылдан бастап 160 келісімнің күші жойылды. Десек те, биылғы жылы Рио Тинто, Илюка және Корес тәрізді ірі әлемдік компаниялармен бірлескен жобалар іске қосылады. Қазақстан жер қойнауын пайдалану саласындағы озық технологияларды меңгереді», деп қайырды сөзін вице-премьер. Айта кетейік, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында Индус­трияландыру картасы шеңберінде 21 жоба пайдалануға беріліп, 2 мың­ға жуық тұрақты жұмыс орындары құрылған. Ал, екінші жартыжыл­дықта шамамен 100 жоба пайда­ла­нуға беріліп, 8 мың тұрақты жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Жаңа нысандар, тың қуаттар Осы күнгі негізгі шара Ел­ба­сының телекөпір арқылы бірқатар аймақтардағы жобаларды іске қосуы болды. Онда Қазақстанда ха­лықаралық талапқа сай 20-дан астам жаңа ірі өнеркәсіп орнын іске қосу жоспарланғаны мәлім. Соның бірі – Алматы облысындағы «Қорғас шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағындағы құрғақ порт логистикалық орталығы. Ай­тулы өнеркәсіп орнында өт­кен телекөпірде «DP WORLD» ком­па­­ниясының директоры Анил Сингх Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевқа орталық жайлы баяндап, құрылыс жұмысын бастауға рұқ­сат сұрады. Бұл құрылыстың Еура­зия континентіндегі маңызына тоқ­талған Елбасы, құрылысты бастауға рұқсат берді. «Еліміздің логистикасын дамытуда маңызды орны бар жобаның іске қосылуын күтіп жүрміз. Өйткені, бұл өте маңызды жоба. Бұл желімен Шығыстан Тынық мұхитына дейін жүктер тасымалданатын болады. Негізгі тауарлар арнайы контейнерлерге тиеліп жөнелтіледі. Бұйыртса, бұл транзиттік желі екі аралықтағы жол уақытын бірнеше есе қысқартпақ», деді Мемлекет басшысы. Аталған порт Панфилов ауданы, Пенжім ауылдық округі аума­ғындағы «Алтынкөл» халық­аралық теміржол бекеті мен Нұр­кент қалашығының аралығында орын теуіп, жалпы аумағы 700 гектар жерді алады. Онда Қы­тай­дан әкелінетін және шетелге жіберілетін жүктерді тиеп, түсі­ретін логистикалық ор­талық, ин­дустриялық аймақ және құр­ғақ порт құрылысы салынады. Құры­лыс жұмыстарына 227 млрд. теңге жұмсалса, оның 150 мил­лиарды жеке инвесторлар есебі­нен қарастырылады. Құрылыс нысанындағы 25 мың жұмыс орны­ның 10 мыңы биыл ашылады. Бү­гінгі таңда 200 техника пайдаланылып, 500 адам еңбек етуде. Атырау облысындағы әр жоба мұнай-газ өнеркәсібімен тығыз байланыста іске асырылады. Сол себептен, осы салада заманауи өзгеріс көп. Мәсе­лен, «Жігермұнайсервис» ЖШС-де алмаз кристалдары бар бұр­ғылау қашауларын шыға­руды қолға алды. Оңтүстік Корея­дан алынған ең озық технология көме­гімен құрастырылған бұр­ғы қон­дырғысына қажетті қашау­лардың алғашқы легі Маңғыстау өңіріндегі кен орындарында сыналыпты. Енді көп ұзамай отандық зауытта шығарылған бұл өнім Қытай, Ресей, АҚШ секілді алпауыт елдердің осындай қашауларына бәсекелес бола алады екен. Бұл сөзді телекөпір барысында зауыт директоры Асхат Дүйсәлиев Елбасына мәлімдеді. Бұрын осы зауыттағы қон­дыр­ғылар өте ескі еді. Көне технологияны жаңасына толық ауыс­тырып, қайта құрылымдауға 20 мил­лион доллардан астам қаржы салы­ныпты. Заман талабына сай жаб­дық­талған зауыттың жаңа техноло­гиясы екі жылдан соң толық қуатында жұмыс жасай бастамақ. Сол кезде жылына 250 дана бұрғы қашауы шыға­рылатын бұл зауытты жаңғыр­туға салынған қаржының қайта­рымы болады. Мұндағы жаңа тех­нологияның тілін жетік мең­гер­ген отандық мамандардың бар­лығы да шетелдегі осындай заманауи зауыттарда кәсіби білімін жетілдіріпті. «Жігермұнайсервистің» қа­шау­лары мұнайшылар үшін таптыр­майтын өнім. Өйткені, жеті қат жер астындағы «қара алтын­ға» бұрғы ұшындағы қашау­лар арқылы арна салынады. Әлемнің бар елінде мұнай солай алынады. Демек, бұрғы ұшына бекітілетін қашауларға тек отандық кәсіпорындардан ғана емес, өзге де елдердің компанияларынан сұраныстың мол болары дау тудырмайтын көрінеді. Ал, өнімнің сапасына алаңдауға негіз жоқ екен. Зауыт басшысының баяндауына ден қойған Мемлекет басшысы қазір біздің елімізге жаңа технологияны жетік меңгерген инженер мамандар көптеп керек екендігін айтты. Зауыттың жүзеге асырып жатқан жұмыстарына ризашылығын білдіріп, салада маман дайындау ісіне жауапкершілікпен қарауды тапсырды. «Біз қазір 4-5 мың метрлік тереңдікті қазып жүрміз. Жалпы, сарапшылардың айтуынша, мұнан да төмен тереңдікте Қазақстанның байлығы бірнеше есе көп. Сондықтан да бұл жаңа технология – Қазақстанда бұрын болмаған технология. Бұрғылайтын қондырғыларды жасау сіздер үшін зор бақыт. Сіздер тұңғыш оны игер­ген адамдар ретінде тарихта қала­сыздар», деген Мемлекет басшысы өндіріс ошағын қосуға рұқсат берді. Телекөпірде «Самұрық-Энер­го» ак­ционерлік қоғамы басқар­масының төрағасы Алма­са­дам Сәтқалиев Ерейментау қала­­сының іргесінде салынып жатқан өнеркәсіптік жел паркінің құрылысы жөнінде есеп берді. Елбасы бұл жобаға оң баға­сын беріп, инновациялық сәтті қадам­ның маңызы орасан екендігін атап көрсетті. «45 мегаватт деген Көк­шетау мен Петропавл қалаларында тұрған электр стансаларымен бір­дей. Сондықтан Астананың ірге­сін­дегі Ерейментауда салынып жатқан тұңғыш жел энергия стансасы құтты болсын», деді Н.Назарбаев. Қайталап айтамыз, қуаты 45 мегаваттық жел паркін салу елі­мізде тұңғыш рет қолға алынып отыр. Оның құрылысын «Са­мұрық-Энерго» акционерлік қоға­мы жүргізуде. Ал­дағы уақытта нысан­ның қуатын 300 мегаватқа жеткізу көзделген. Мұ­ның өзі 80 мың пәтер электр қуаты­мен қамтамасыз етіледі деген сөз. Бүгінгі күні жел электр стан­са­сының 85 метрлік 3 мұнарасы мен аумағы 93,2 метрлік роторлары бой көтерген. «Алып қанаттар» желдің жылдамдығы секундына 3 метр болғанда да жұмыс істей береді. Басқарма төрағасы А.Сәт­қа­лиев жо­ба құрылысына отандық және шетелдік компаниялар тар­тылғанын атап өтті. Қуат қондыр­ғысы жүйелерінің барлығы өңірдің ерек­ше климаттық жағдайына бейім­дел­ген. Баламалы қуат көзін пайдалану үнем­шілдікпен қатар, қоршаған ор­та­ның тазалығына да оң әсерін тигізеді. Алматы қаласының әкімі Ах­мет­жан Есімов Алатау ауданы шең­берін­де орналасқан жаңа индус­триялық аймақтың даму барысы туралы баяндады. Жаңа технологияларды мең­геріп, заманауи ғылымды дамыту үшін және инновациялық жобаларға инвестиция тарту мақсатында жа­сақталған аймақта әзірге бой көте­ретін жалпы құны 72 млрд. теңгелік 21 жоба мақұлданып, келешекте бұл жоба аясында 4 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы 490 гектарды алып жатқан аумақта 20 мың адамдық жұмыс орны ашылып, қала өнеркәсібінің 30 пайыздық өсімін беретін болады. Қазіргі таңда Алатау ауданын­да құрылыс жұмыстары қызу жүр­гі­зіліп жатқанын тілге тиек еткен әкім, ауданда жаңадан 1 концерттік және 2 кинозалы бар 1100 орындық мәдениет орталығы ашылғандығын, «Универсиада-2017» жобасына сай 12 000 орындық спорт сарайы мен 5 мың орындық олимпиада ауылының құрылыстары қарқынды жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Сонымен қатар, қала әкімі Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың қол­­дауы­мен қала аумағында жаңа Наурызбай ауданының бой көтер­гендігін салтанатты түрде мәлімдей келіп, бұл жаңа аудан Алматы қаласының ауқымын кеңейтіп қана қоймай, келешекте қала дамуын жаңа деңгейге көтеретіндігін айтты. Қала әкімімен бірге телекөпірге қатысқан Қазақстан-Малайзия бірік­кен «Karmatura metal» АҚ бас­шысы Темуджин Нүкенов Ала­тау ауданында орналасқан жаңа индустриялық аймақ аумағында жалпы құны 9 млрд. теңгені құрайтын, 180 жұмыс орнымен қамтамасыз ететін болат арматура дайындау зауытын салуға дайын екендіктерін жеткізді. Бүгінге дейін жаңа зауыт салынатын орынға инженерлік коммуникациялар мен кәсіпорындық жабдықтардың мемле­кет есебінен жасақталғанын жә­не сол үшін Елбасы Нұрсұлтан Назар­­баев­қа біріккен кәсіпорын аты­нан ал­ғыс сезімін білдіретіндігін жеткізді. Баяндауларды тыңдаған Мем­ле­кет басшысы ел аумағындағы 9 арнайы экономикалық аймақтардың бәрі­нің маңызы айрықша екенін айтты. Сөйтіп, олардың бәріне жет­кілікті дәрежеде қаржы ажы­ра­тылғанын жеткізді. Сөйтіп, олар­дың бәріне коммуникациялар мен ин­фра­құрылымдар жасалғанын тілге тиек етті. Бұл тұрғыда Алматыдағы арнайы экономикалық аймақтың мәні аса зор екендігіне назар аударт­ты. Сөйтіп, мемлекеттің әлеу­етіне көп үлес қосатын жаңа ин­дус­триялық жобалар қадамына сәт­тілік тіледі. Елбасының кәсіпкерлік қолдау саясатының нәтижесінде бүгінде қаншама адам өз ісін ашып, шағын кәсіпкерлікпен шұғылдана бас­тады. Қазіргі таңда «Бәйтерек» холдингі 13 банкпен келісім жасап, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту саласындағы 118 жобаны қаржыландыруға 33 млрд. теңге бөлді. Құны 55 млрд. теңге болатын тағы 205 жоба мақұлдану үстінде. Осы­лайша жуық арада Ұлттық қор­дан бөлінген қаржының 88 пайызы толығымен тиімді игерілмек. Әрі осы бағдарламаның аясында өн­ді­рістік өнеркәсіп саласында жаңадан 2700 жұмыс орны ашылмақ. Міне, осы саланың бір топ өкілі де кеше тікелей эфирге шығып, Елбасына өз кәсіптерін таныстырды. Телекөпірге Оңтүстік Қазақстан облысынан екі жоба қатысты. Оның ішінде терезелерге арналған ПВХ-профильдер шығаратын «Триумф ММС» ЖШС-і зауыты жобасын жүзеге асыруға 1 200 млн. тең­ге инвестиция жұмсалған. Кәсіп­орын Үкіметтен бизнесті қолдау­ға бөлінген 1 трлн. теңге аясын­да кеңейту жұмыстары үшін «Бәй­терек» ҰБХ» АҚ арқылы қосым­ша 216 млн. теңге қаржы алып отыр. Жобаға «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жол, электр энергиясы, су және кәріз жүйесі тартылып, 161 тұрақты жұмыс орындары ашылған. Зауытта пластиктен жасалатын витраж және терезелерге арналған қосалқы бұйымдардың толық жиынтығы шығарылады. Кәсіпорынның қызметкерлері еуропалық мамандардан тәлім алған. Екінші жоба – Сайрам ауданында іске қосылған глюкоза-фруктозалық шырын өндіретін «Bio Grain» ЖШС-нің өндіріс орны. Кәсіпорын тех­нологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігінің инновациялық грантын алып, глюкоза-фруктозалық шырын өндіретін ТМД елдеріндегі алғашқы зауыт болып отыр. Жобаға 318 млн. теңге инвестиция тартылып, 48 жаңа жұмыс орны ашылған. Кәсіпорын жылына 14 мың тонна өнім шығарады. Тікелей эфирден бұдан әрі Ақ­төбе облысынан «Айс- Плюс» ЖШС директоры Гүлнар Жандәулетова байланысқа шықты. – Біздің кәсіпорын сүт және сүт өнімдерін өндіреді. Серіктестік өнімдері облысқа ғана емес, одан тысқары жерлерге де жақсы таныс. Біздің өнімдеріміз экологиялық таза тағам болып табылады. Сондықтан да өтімді, тұтынушылардың сұра­нысы жоғары. Біз Еуразиялық эко­номикалық одақтың тиімділігін дұрыс пайдалануымыз керек. Осыған байланысты сүт және сүт өнімдерін құятын жаңа технологиялық же­ліні пайдалануға беруді қолға ал­дық. Бұл жобаны жүзеге асыру өндірілген өнімді көршілес Ре­сейдің Саратов, Самара, Орынбор және басқа облыстарына өткізуге мүмкіндік береді. Осылай біздің кәсіпорын өнімдерінің Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы бәсекелестікке қабілеттілігі артады. Жобаның жалпы құны 219,8 млн. теңге тұрады. Оның 184,0 млн. тең­гесін «AsiaCreditBank» АҚ Ақ­төбе филиалынан 10 жылға 6 пайыз өсім­­мен беріліп отырғанын сіздің ша­­ғын және орта бизнеске деген қам­қор­лығыңыз деп сезінеміз, – деді ол. Жобаның қуаттылығы жылына 7 тонна сүт өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді. Жоба іске асқанда 20 жұмыс орны ашылады. Технологиялық желіні пайдалануға беру 2015 жылдың қаңтарына жос­парланып отыр. Жоба жүзеге асқанда бір жұмысшының еңбек өнімділігі 24,6 мың АҚШ долларынан 55,2 мың АҚШ долларына дейін өсетін болады. Яғни шығарылатын өнімнің көлемі 2 мың тоннадан 7 мың тоннаға дейін жетеді. Азық-түлікке – айрықша назар Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысынан «Raimbek Vostok Agro» корпорациясы тікелей байланысқа шықты. Атап айтар болсақ, «Raimbek Vostok Agro» корпорациясы Үдемелі индустриялық-инновациялық да­му бағдарламасы аясында құны 1,2 млрд. теңге болатын зауытты қал­пына келтіру жұмыстарын жүзеге асырды. «Шығыс-Сүт» ЖШС база­сында құрылған сүт кластері тәулігіне 400 тонна сүтті өң­деуге, сүт өнімдерінің 60 түрін шыға­руға мүм­кіндік береді. Өңдеуге қажет­ті ши­кізатты сегіз аудандағы 20 шаруа­­шы­лық қамтамасыз етеді. «Шы­ғыс-Сүт» ЖШС директоры Сей­іл­жан Сайлаубаев Елбасына кәсіп­орын­ның мүмкіндігі жөнінде баяндады. – Құрметті Президент! Кәсіп­орында 250 адам жұмыс істейді. Ұлттық қордан бөлінген қаржының арқасында Өскеменде жаңа сүт комбинатының жобасын жүзеге асырып отырмыз. Бұл зауыт сапалы, бағасы қолжетімді сүт өнімдерін өндіреді, – деді кәсіпорын басшысы. Зауыт директоры шағын және орта кәсіпкерлерге айтарлықтай көмек жасап отырғаны үшін Елбасына шексіз ризашылығын білдірді. «Шығыс сүт» кәсіпорны Ресей мен Белоруссияға сүт өнімдерін шығарады. Бүгінгі күні зауыттың ірімшік өнімдері Ресейдің Омбы, Новосібір, Барнаул қалаларына тасымалдануда. Кәсіпкерлердің ісіне сәттілік тілеген Елбасы өз сөзінде қазіргі таңда елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін дамыту аса маңызды екенін атап өтті. «Біз тамақпен өзімізді өзіміз қамтамасыз ете алмасақ бұл өте қауіпті. Сырттан әкелінетін азық-түлікті азайтуымыз керек. Елді азық-түлікпен қамтамасыз ету тәуе­л­сіздікпен бірдей болып саналады» деді Президент. Бұл ретте, яғни, еліміздің отандық азық-түлікпен қамту бағытында ша­ғын және орта кәсіпкерліктің рөлі орасан. Сол себепті де еліміз кәсіп­кер­лікті дамытуға барынша қолдау көрсетіп жатқанын айта отырып, сол қолдауды дұрыс әрі тиімді пайдалануды ескертті. Еліміздегі экономиканы әрта­раптандыру саясатының нәтижесінде қол жеткізген жетістіктердің бірі химия өндірісінің қарқын алуы десек болатындай. Соңғы төрт жарым жылда елде химия саласы бойынша бес кәсіпорын іске қосылған. Соның бірі биылғы жылдың алғашқы жартысында құрылысын аяқтап отырған – Жамбыл облысының Қаратау қаласындағы натрий цианиді шығаратын алып зауыт. Телекөпір арқылы осы зауыттың тұсауы ке­сілді. Зауытты оның директоры Бақтияр Алдашев таныстырды. Бұл Қазақстан бойынша осы тектес хи­миялық өнім шығаратын бірден-бір кәсіпорын. Химиялық өнімді алтынды керексіз қоспалардан айыруға және басқа да өнеркәсіп орындарында пайдаланады. Зауыттың құ­ры­лысына 13 млрд. теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Жаңа ашылған кәсіпорынның ар­қасында 491 адам жұмыспен қамтылып отыр. Барлығы дерлік жергілікті мамандар. Олардың бі­разы Қытай және еліміз аума­ғындағы жоғары оқу орындарында білім алып, тәжірибе жинақ­тады. Зауыт жылына 15 мың тонна натрий цианидін өндіреді. Бұл еліміздегі өндіріс орындары сұранысының тең жартысы деген сөз. Химиялық өнім бұған дейін шеттен тасымалданып келген-ді. Зауыт түгелдей озық техникалық қондырғылармен жабдықталған. Заманауи технология мен барынша жетілдірілген өндірістік желі – өнім сапасының жоғары болуына және экологиялық қауіпсіздікке негіз болады. Шикізаттан дайын өнімге дейінгі әрбір өндірістік саты жіті тексерістен өтеді екен. Зауытты ашуға рұқсат бере отырып Мемлекет басшысы: «Бұл Қазақстанға өте қажет зауыт. Бұл жаңа өндіріс жаңа тауар шығаратын болады. Мемлекет еліміздің оңтүстігінде өндірісті өркендетуге үлкен күш салып жатыр. Ел халқының көпшілігі Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында тұрады. Жұмыссыздық та көп. Жыл сайын еңбекке келетін жастардың саны да мол. Сондықтан біз Жамбыл облысында химиялық өнеркәсіпті дамытуға күш салатын боламыз. Өйткені, бұл өңірде фосфорит кен орны бар. Соның арқасында осындай зауыттардың салынуы да өте қажет», деп атап өтті. Бұдан әрі телекөпір байланысы арқылы Қарағанды облысындағы «Бёмер Арматура» ЖШС шарлы кран мен ілмекті арматура өндіретін зауыт іске қосылды. Елбасы бұл кәсіпорынның маңыздылығын айрықша атап өтті. Зауыт «Сарыарқа» арнайы эконо­микалық аймағының аума­ғында салынған. Инвесторы – Гер­­манияның «Bohmer GmbH» ком­па­ниясы. «Жобаға 1 млрд. теңге­ден астам инвестиция салынды. 160 жұмыс орны құрылды. Бұл – Қа­зақстандағы ғана емес, Орта­лық Азия­­дағы жалғыз зауыт», деді Мем­лекет басшысына «Бёмер Арма­тура» ЖШС бас директоры Андрей Кефер. Мұнай және газ құбырлары, жылу және сумен жабдықтау, басқа да салалар үшін 15-тен 1400 мм. дейінгі диаметрлі шарлы крандар шығарылады. Бұйым жоғары қы­сымға арналған. Зауыттың өнді­рістік қуаты жылына 10 мың өнімді құрайды. Бұл межеге кәсіпорын 2015 жылы шығады деп жоспарланған. Айта кетейік, «Бёмер Арматура» ЖШС шарлы крандары мен ілмекті арматура өндіретін зауыт Қарағанды облысынан Индустрияландыру картасына енгізілген 80 жобаның бірі. Телекөпір арқылы Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кен­тінде орналасқан «Каспий Цемент» кәсіпорыны да іске қо­сылды. Бұл аталмыш кенттегі бір­ден-бір зауыт. Тұрғындарды жұ­мыспен қамтып, өңір экономикасына кіріс келтіретін нысанның тұсаукесеріне маңғыстаулықтар зор қошемет, ықылас көрсетті. Қазақстанның үдемелі индус­триялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына енген «Каспий Цемент» зауыты – еліміздің батыс өңіріндегі жалғыз ірі цемент зауыты. Мұнда цемент құрғақ түрінде, ең алдыңғы қатарлы, экологиялық таза және энергия қуатын үнемдейтін технологиямен өндірілмек. Ұнтақтау барысында құрғақ борды пайдалана отырып, клинкер шығару цемент өнеркәсібін дамытудағы жаңа қадам болса, қазақстандық бұл зауыт осы технологиядағы әлемдегі бірден-бір цемент зауыты болып табылады. Кәсіпорын толық автоматтандырылған, онда заманауи құрал-жабдықтар орналастырылған. Жалпы инвестиция көлемі 200 миллион еуроны құраған зауыттың өндірістік қуаты жылына 1 млн. тонна өнім өндіру деп күтіледі. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындары есебінен 400 жұмыс орны ашылды. – Зауыт өнімін дайындау үшін жақын жердегі Шетпе-Оңтүстік және Аусар кен орындарының өнім­дері пайдаланылады, жергілікті тұрғындар жұмысқа орналастырылды, арнайы оқудан өтті. Бұл мемлекетіміздің жергілікті үлесті арттыру саясатына толық сәйкес келеді. Цемент өндіру үлкен энергия қуатын талап етпейді, қоршаған ортаға ықпалы аз. «Каспий Цемент» зауыты аймақты әртараптандырудың маңызды құрамдас бөлігі болатынына сенімдімін, – деді Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев белгілеп берген Үдемелі индус­трия­лық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама еліміздің өнеркәсіп кешенінде өндірістің тұрақты өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Соның нәти­же­сінде бір ғана Солтүстік Қазақ­стан облысының өзінде Индус­трия­ландыру картасына 38,2 миллиард теңгенің 31 жобасы енгізіліп, 28-і пайдалануға берілді. Бұл жолғы телекөпірге «Петропавл ауыр машина зауыты» АҚ энергетикалық қа­зандық қондырғыларын шығаратын өндірістік учаске ұсынылды. – Мұнай ұңғымаларын күр­делі және жерасты жөндеу қон­дыр­­ғылары, жүк көтергіштігі 40-100 тонналық арнайы автомо­бильдер, цементтеуші аппарат­тар, автоцистерналар, жылу алмас­тыр­ғыштар және басқа да бұйым­дарды елімізбен қатар Ресейге де жөнелтетін кәсіпорында 1200 адам жұмыс істейді. Орташа ай­лық жалақы 96 мың теңгеден айналады. Мемлекеттің қаржылық де­меуі арқасында №5 цех жаб­дықталып, мұнай ұңғымасын бұр­­ғы­лау кезінде қолданылатын жаңа технология орнатылды. Ал Индустрияландыру картасы аясында №3 цех механикалық өңдеу өнді­рістік цехы ретінде қайта жаңар­тылды. Зауыттың бас директоры Қуаныш Бишімов 600 миллион теңге қаражат жұмсалып, жылына 1,5 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы энергетикалық қазандық қондырғыларын шы­ға­ратын кешеннің озық жобасымен таныстырды. Осы күнге дейін Қазақстанда мұндай құрыл­ғы шығарылмаған. Оның құры­лысына шетелдің энергетика сала­сындағы жетекші компаниялары жұмылдырылып, әзірге баламасы жоқ бірегей өндіріс құрылысын тұрғызған. Мәселен, дәнекерлеу стансасы, тұрбаларды дайындайтын қондырғылар кіретін негізгі өндірістік жүйелерді әлемде жетекші орны бар «Pemamek Oy Itd» фирмасы (Финляндия) жет­кізсе, термоөңдеу пешін Санкт-Петербургтің «Сикрон» ААҚ ор­натқан. Іске қосылған жоба жергі­лікті өнім үлесін 45-60 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Был­тыр зауытта 5,6 миллиард теңге­нің өнімдері өндірілсе, енді нарық­тық та, экспорттық та әлеуеті әлде­қайда ұлғайып, бәсе­кеге қабілетті бұйымдарды Ресей, Ук­раи­на ел­деріне жөнелту көзделіп отыр. Бұдан соң телекөпір арқылы Петропавлдағы энергетикалық қа­зандық жабдығын шығаратын өндіріс іске қосылды. Елордамен тіке­лей байланысқа шыққан Пет­ропавл ауыр машина жасау зауыты өкілінің айтуынша, жылына 4 мың тонна энергетикалық қазандық жабдықтары дайын өнім болып шығарылатын болады. Жобаны «Қазақстан инжиниринг» компания­сы қаржыландырып отыр. Телекөпір кезінде Қостанайда бой көтерген Тұрғын үй құрылыс комбинаты да таныстырылды. Тобыл-Торғай өңірінде салынып жатқан зауыт, басқа да өндірістер аз емес. Бәрі де өңірдің экономи­касы мен әлеуметтік әлеуетін алға сүйрейді. Ал Тұрғын үй құры­лыс комбинатының іргетасы қалан­ған­нан-ақ қостанайлықтардың жүзінде қуаныш үйірілді. – Нарықты зерттеп, зерде­ле­ген соң ғана іске қол соққан дұрыс. Қалалықтар үшін баспана ыл­ғи да ауызға алдымен алынады, қазір де оның өзектілігі кеміген жоқ. Сондықтан тұрғын үй құры­лысы комбинатын салуымыз заң­ды емес пе? – дейді «Қостанай-МБИ» жау­апкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Майль Тороян. Тұрғын үй құрылысы комбинаты құрылысы кезінде 70 қостанайлық жұмыс орнын осы жерден тапқан болатын. Міне, енді жұмысын бас­тағанда мұнда 150 адам еңбек ете­тін болады. Бұл инвестициялық жоба «Индустрияландыру картасы» шеңберінде жүзеге асты, құны 4 миллиард 370 миллион теңгеге түсті. Оның 770 миллион теңгесін «Қостанай-МБИ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өзі салды. Президент Нұрсұл­тан Назар­баев қостанайлықтарды маңызды кәсіпорын құрылысының аяқта­луымен құттықтады. Сондай-ақ, теле­көпір барысында Көкшетау қала­сында құны 1265 миллион теңгелік жаңа құрама жем зауыты да іске қосылды. Аймақ­тағы бірегей жобаға тапсырыс берген «AgroTraiding-2007» ЖШС өн­діріске Германияның озық техно­логиясын енгізіп, әлемдік стандарт­тар талабын қамтамасыз етіп отыр. Жұмысы толық автомат­тандырылған кәсіпорын жылына 36840 тонна өнім шығара алады. Құнарлы азықтың 60 пайызы ішкі, 40 пайызы сыртқы рынокқа ба­ғытталған. – Заманауи зауыттың құрылысы өткен жылы басталған еді, – деді салтанат үстіндегі сөзінде кәсіпорын басшысы Сергей Миленко. – Біз «ҚазАгро»Ұлттық холдингінің» құрамындамыз. Сондықтан, мемлекет тарапынан үлкен көмек көрсетіліп, 634 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие қаржысы бөлінді. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде зауытқа коммуникациялық жүйе толық тартылды. Қазіргі күні кәсіпорында 24 адам жұмыс істесе, алдағы жылы оның саны екі есеге өспек. Телегазеттің мүмкіндігі мол Телекөпір барысында жүзеге асырылған жобалар қатарындағы айрықша жоба – «Телегазет» жо­басының да тұсауы кесілді. Бай­ланыс және ақпарат агенттігінің бастамасымен қолға алынған «Те­легазет» жобасы «Отау ТВ» ұлт­тық телехабар тарату желісі арқылы «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерін электронды нұсқада 3 млн. адамның оқуына мүмкіндік жасады. Осы ретте телекөпір арқылы Қы­зылорда облысындағы шет жайлап, қиыр қонған елді мекеннің бірі – Қазалы ауданындағы Сары­бұлақ ауылы Астанамен байла­нысқа шықты. Астанадан 1,5 мың, ал Қызылорда қаласынан 500 ша­қырым қашықтықта жатқан ауыл өркениет көшінен қалып отырған жоқ. Бүгінде Сарыбұлақ ауылдық округінде 83 отбасы тұрып жатыр. Ал осы 83 шаңырақтың 74 түтіні үйлеріне «Отау ТВ» спутниктік қондырғысын орнатып алған. Бұл тек Қазақстанның ғана емес, әлемнің әр тарапынан ақпарат алып отыру үшін таптырмас құрал екені белгілі. Бәрінен бұрын құмның арасында қарапайым өмір сүріп жатқан ауыл Елбасымен телекөпір арқылы сөйлесті. Ризашылықтарын білдірді. Елбасы елде атқарылып жатқан жұмыстың барлығы қарапайым халық үшін, ауылды түлету мақ­сатында істеліп жатқанын айтты. Ал «Телегазеттің» жұртшылық үші