Бұл – биылғы жылы елордада дүниеге келген алғашқы үшем, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Үш баланы босанған ана бірден көпбалалы жанұя қатарына қосылды. Әсел Шонтаева отбасымен былтыр тамыз айында Жамбыл облысы Қордай ауданынан елордаға көшіп келген. Үшемнің екеуі – қыз, біреуі – ұл. Қала тұрғыны №3 көпбейінді қалалық аурухана дәрігерлеріне алғысын білдірді.
Қуаныш иесін арнайы құттықтау үшін Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов барды.
«Бала денсаулығы басты назарда, әрі елордамызда жыл сайын тұрғындар саны, оның ішінде балалар қатары артып келе жатқандықтан, тағы да екі перинаталдық орталық салу жоспарда тұрғанын айтқым келеді. Қазір үш бірдей перзентхана жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек кадрлардың кәсібилігін арттыруға ерекше көңіл бөлетініміз баршаңызға мәлім. Былтыр 800-ден астам маман жергілікті бюджет қаражатынан шетелде білім алып келді. Олардың арасында неонатолог, педиатр мамандары жетерлік», деді басқарма басшысы.
Жыл сайын аталған ауруханада 8 мыңнан астам әйел медициналық көмек алады. Биыл Астанада 7 мыңнан астам сәби дүние есігін ашқан. Тәулігіне акушерлер 15-25 жүкті ананы қабылдайды. Елордада жылына 33 мыңнан астам сәби дүниеге келсе, оның ішінде эко күшінсіз үшем өмірге келуі сирек жағдай.
«Былтыр ана өлімі болған жоқ, нәресте шетінеп кеткен жағдай ең төмен дейгейде болды. Пациенттерімізге көрсетілетін қызмет сапасы үнемі бақылауда», дейді бас дәрігер Жұлдыз Данбаева.
Сәния, Самира және Айсұлтан есімді балапандардың денсаулығы қазір жақсы. Дәрігерлер сәбилерге күтім көрсетіп, үйіне шығуы үшін дайындап жатыр.