Шымкент-Түркістан тасжолы бойы Темірлан ауылы маңында Қызыл кітапқа енген Грейг қызғалдақтарын жұлу орын алып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл жағдай қазіргі кезде облыс аумағында жаппай орын алып жатқан болуы мүмкін.
Сондай-ақ Facebook әлеуметтік желісінің қолданушылары Түркістан облысы полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденовке аталған жағдайға байланысты арнайы түсіндірме жұмысын жүргізуді ұсынды.
«Құрметті Мұрат Қабденов мырза табиғи байлығымызды сақтап қалу үшін қызғалдақтардың тығыз шоғырланған аумақтарда арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізсек», деп жазды әлеуметтік желі қолданушысы.
Айта кетейік, Грейг қызғалдағы – лалагүл тұқымдасына жататын көпжылдық өсімдік. Шоғы қып-қызыл, ал сабағы қоңыршаң келген қызғалдақтың бұл түрін алғаш Қаратау етегінен тапқан Ресей бау-бақша қоғамдастығының директоры Самуил Грейг болатын. Қызғалдақтың аты да сол кісінің есімімен аталған.
Жапырағы жалпақ таспа тәрізді, кейде жиегі иректеліп, үстіңгі бетінде қою күлгін таңбалары болады. Гүлі дара, қызыл, қызғылт сары түсті, көктемде гүлдейді.
Бұл қызғалдақ ғылымда ХІХ ғасырдан белгілі.
Елімізде бұл гүлді Ақсу-Жабағылы мен Қаратау қорығында, Берқара бауында кездестіруге болады. Грейг қызғалдағы мемлекеттік қорғауға алынып, Қызыл кітапқа енгізілген.