• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Денсаулық 05 Сәуір, 2023

Ғасыр дерті: Үміт пен үрейдің күресі

332 рет
көрсетілді

Деректерге сенсек, АИТВ\ЖИТС-ті жұқтырған адамдардың саны тоқсаныншы жылдардың аяқ тұсында үш миллионнан асып жығылған. Бүгінде Жамбыл облысында АИТВ жұқтырғандардың саны 1502 адамға жеткен, деп хабарлайды Egemen.kz.

«АИТВ  немесе адамның иммун тапшылығы – иммундық жүйе жасушаларына шабуыл жасайтын вирус. Ол ағзаның қорғаныс жүйесіне жауап беретін T-хелперлерді жойып, олардың орнын өздерінің көшірмесімен толтырады. Вирус қанша көп тараса, адамның иммунитеті де соншалықты әлсіз болады. Сондықтан ретровирусқа қарсы терапия қабылдамаған науқас жиі сырқаттанады», дейді Жамбыл облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес және аурудың алдын алу орталығының бас дәрігері Айбек Исаев.

А. Исаевтың айтуынша, бойын дерт меңдеген азамат уақтылы емделмеген жағдайда АИТВ иммун тапшылығы синдромына, анығырақ айтсақ, ЖИТС-ке ұласады екен. Оның сөзіне сенсек, АИТВ жұқтырғандардың саны өңірде 1502 адамға жеткен.

«Бұл ауру әр кезеңде әртүрлі симптомға ие болады. Вирус жұқтырғаннан кейін алғашқы 2-4 аптада науқастың 40-90 пайызы өзін суық тигендей  сезінеді. Дел-сал болып, тамағы ауырады, тоңады, денесі қышиды, ауыз қуысында жара пайда болып, лимфа бездері ұлғаяды. Тесттің бәрі болмаса да, көпшілігі вирус арқылы бөлінетін антиденелерді анықтай алады. Жалпы азаматтар әр жарты жылда немесе жылына бір рет ЖИТС-ке тест тапсыруды әдетке айналдырған жөн. Оның үстіне  қазақстандықтар тексерудің бұл түрінен тіркелген емханасы арқылы тегін өте алады», дейді дәрігер.

Мамандардың айтуынша, иммун тапшылығы вирусын емдеуге мүмкіндік мол. Алайда одан толық айығып кету мүмкін емес. Ретровирусқа қарсы күшейтілген терапияның арқасында вирус жұқтырған пациенттердің өмірін 70-80 жасқа дейін ұзартуға болады. Аталған терапия жасушадағы ақуыздарға әсер ететін ферменттердің қызметін әлсіретеді. Нәтижесінде иммун тапшылығы ЖИТС-ке айналмайды.

Жамбыл облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес және аурудың алдын алу орталығының бас дәрігері А. Исаевтың айтуынша, вирус анықталған адам ең алдымен ЖИТС орталығына барып тіркелу керек. Өйткені ауруды бақылауда ұстаудың маңызы өте зор. Есепте тұрған азаматтар кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде ретровирусқа қарсы тегін ем алады. АИТВ жұқтырған аналардың балаларына арналған тағамдар мен дәрі-дәрмек тегін беріледі.

«Адамдар жақындасудың алдында сақтықты ұмытпағаны жөн. Ал сақтанбаған жыныстық қатынастан кейін күмәнданған жағдайда жақындасуға дейінгі және жақындасудан кейінгі профилактика шараларын пайдаланған ләзім. Ретровирусқа қарсы препараттар – тенофовир және эмтрицитабин деп аталады. Бұл әдіс вирус жұқтыру қаупін 90 пайызға дейін төмендетеді. Жалпы алғанда емді жыныстық қатынастан кейін алғашқы 72 сағат ішінде бастап, дәрілерді 28 күн қабылдау қажет.

Адамның бойындағы иммун тапшылығы вирусы – үкім емес. АИТВ жұқтырғаннан кейін де өмір бар. Індет тырнағына ілінгендер де отбасын құрып, дүниеге перзент әкеле алады. Жақын адам дерт жұқтырған жағдайда кеудесінен итермей, қолдауға тырысу қажет. Өйткені науқастың күйзеліске толы болатын ендігі өмірінде достары мен туыстарының қолдауы ауадай керек», дейді А. Исаев.

 

Жамбыл облысы