Депутат Ринат Зайытов Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтен мәдениет, архив және кітапхана қызметкерлерінің жалақысын көтеруді сұрады. Ол бұл туралы өзінің депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бүгінде мемлекеттің айнасы болып отырған мәдениет қызметкерлерін мүлдем ескерусіз қалдырып отырмыз. Мәдениет саласының қызметкерлері дегеніміз – тек қана сахнада өнер көрсететін тұлғалар емес, солардың жағдайын жасап отырған сахна сыртындағы еңбек адамдары. Олар мемлекетіне шынайы махаббатпен қарап, мәдениетке бар ықыласымен қызмет ететін: сахна техниктері, костюмерлер, гримерлер, жарық түсірушілер, дыбыстаушы деген сияқты мыңдаған адамдар. Жанға бататын бір жайт, аталған қызметкерлер әлі күнге дейін санаты жоғарылап, жалақысы өсіп жатқан ұстаздар, дәрігерлер сияқты мамандар қатарынан да орын алған жоқ», деді депутат.
Ринат Зайытовтың айтуынша, қазіргі таңда мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы 60 мың теңгеден басталып 100 мың теңгеге жетер-жетпес межеден аса алмай тұр. Бұл білікті мамандардың жұмыстан өз еркімен кетуіне себеп болып, мәдениет ошақтарының жұмысын тежеп тұр.