Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) Түркияның Анталия қаласында мәресіне жеткен «Grand Slam» жарысынан кейін дзюдошылардың әлемдік рейтингін жаңартты.
Өкінішке қарай, халықаралық ұйым ұсынып отырған рейтингте Қазақстан балуандарының нәтижесі жанкүйерлердің көңілін көншітпейді. Өйткені жаңартылған рейтингтің ТОП-10 тізіміне бір-ақ балуанымыз енген. Кейінгі уақытта тәуір нәтижесімен көзге түсіп, үнемі жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрген Әбиба Әбужақынова (48 кг) өз салмағында бесінші сатыға жайғасқан. Одан кейінгі үздік нәтиже ерлер құрамасының өкілдері – Мағжан Шамшадин (60 кг) мен Данияр Шамшаевке (73 кг) тиесілі. Екі балуанымыз да рейтингте 15-орында тұр.
Ал Түркиядағы жарыста Қазақстан құрамасы сапынан жалғыз қола жүлдені жеңіп алған Нұрқанат Серікбаев әлемдік рейтингте 15 саты жоғарылап, 60 кило салмақ дәрежесінде 36-орынға көтерілді. Өзге салмақтағы балуандарымыздың рейтингіне тоқталар болса, Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) – 24, Абылайхан Жұбаназар (81 кг) – 22, Дидар Хамза (90 кг) – 24, Нұрлыхан Шархан (100 кг) – 24, Әділ Оразбаев 41-орында келеді.