Ертең жер-жаһандағы шахмат жанкүйерлерінің назары Қазақстан астанасына ауады. Өйткені 7 сәуір мен 1 мамыр аралығында елордада шахматтан әлем чемпионатының алтын тәжі сарапқа салынады. Биылғы бәсекеде 32 жастағы ресейлік Ян Непомнящий мен 30 жастағы қытайлық Дин Лижэнь шеберлік байқасады.
Негізі чемпиондық тәж үшін 2022 жылғы жеңімпаз норвегиялық гроссмейстер Магнус Карлсен мен былтырғы үміткерлер турнирінің үздігі ресейлік Ян Непомнящий сынға түсуі тиіс еді. Алайда норвегиялық шахматшы биыл чемпиондық атағын қорғаудан бас тартып, жарысқа қатыспайтынын мәлімдеді. Сөйтіп, Халықаралық шахмат федерациясының ережесіне сәйкес спортшы әлем чемпионы атағын қорғаудан бас тартқан жағдайда, оның орнына үміткерлер бәсекесінде екінші орынға ие болған шахматшы шығады.
Ал былтыр Испанияның астанасы – Мадридте өткен үміткерлер турнирінде қытайлық гроссмейстер Дин Лижэнь Непомнящийден кейінгі екінші орынға жайғасқан болатын. Бұл жарыста Теймур Раджабов (Әзербайжан), Хикару Накамура мен Фабиано Каруана (АҚШ), Ян-Кшиштоф Дуда (Польша), Ян Непомнящий (Ресей), Алиреза Фирузджа (Франция), Рихард Раппорт (Мажарстан) және Сергей Карякин (Ресей) бақ сынауға тиіс еді. Алайда Ресейдің Украинаға қатысты саясатын ашық түрде қолдағаны үшін Карякин аталған турнирден шеттетілді. Оның орнына жарысқа қытайлық Дин Лижэнь қатыстырылды. Нәтижесінде Пиреней түбегіндегі тартыс Ян Непомнящийдің жеңісімен аяқталып, ол чемпиондық тәж үшін таласу мүмкіндігіне ие болды. Ал Магнус Карлсен бәсекеге түсуден бас тартқаннан кейін таңдау үміткерлер турниріне ойда-жоқта қосылып, екінші орынға ие болған Дин Лижэньге түсті.
Қазіргі таңда елордада өтетін шахмат әлеміндегі айтулы бәсекеге қызу дайындық жүріп жатыр. Ян Непомнящий мен Дин Лирен арасындағы барлық кездесу (14 ойын) Астанадағы «St. Regis Astana» қонақүйінде өтеді. Бәсеке елорда уақытымен күн сайын сағат 15:00-де басталады. Әр 2 турдан кейін шахматшыларға бір күндік демалыс беріледі.
Ереже бойынша ойын кезінде шахматшыларға алғашқы 40 жүріске – екі сағат, қалған 40 жүріске бір сағат уақыт беріледі. Ал 61-жүрістен бастап әр ойыншының еншісінде 30 минут қалады. Бұл аралықта оларда жүріс жасауға 30 секунд уақыт болады. Тең түскен жағдайда жеңімпаз жылдам шахмат арқылы анықталып отырады.
Осы бір маңызды жарысты тамашалауға ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович, шахматтан 14-ші әлем чемпионы Борис Крамник, шахматтан 15-ші әлем чемпионы Виши Ананд, әйелдер арасындағы шахматтан 4 дүркін әлем чемпионы Хоу Ифань, сондай-ақ гроссмейстерлер – Данил Дубов, Виорел Бологан, әйелдер гроссмейстері, Латвияның бұрынғы экономика және қаржы министрі Дана Рейзнице-Озола сияқты бірқатар атақты қонақтар келеді деп күтіліп отыр.
Сонымен қатар елордада жалауы желбірейтін шахматтан әлем чемпионаты аясында қонақтар бір мезгілде бірқатар семинар мен ойын сеанстарын өткізеді. Мәселен, әлемдік дода кезінде 14 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында «Future World Champions 2023» I кезеңі ұйымдастырылады. Бұл кезең 2023 жылғы Қазақстан Республикасы Балалар кубогінің финалына қатысатын үміткерлерді анықтап береді. Сондай-ақ жанкүйерлер әйелдер арасындағы Қазақстан мен әлем құрамасының тартысты кездесулерін тамашалай алады. Қазақстан мен әлем құрамасы 17-18 сәуірде рапидтен, ал 19 сәуірде блицтен кім мықтыны анықтайды.
Бұл сынға әр командадан 8 ойыншы қатысады. Оның ішінде 20, 18, 16 және 14 жасқа дейінгі шахматшылар міндетті түрде болуы керек. Олар өз жас санаты бойынша бір-бірімен ойнайды. Ал қалған 4 әйел шахматшы өз қарсыластарымен all-play-all Схевенинген форматында күш сынасады. Матчтың қорытындысында барлық жекелеген ұпайларды есептеп, жарыс қорытындысы шығарылады. Егер ұпай саны тең болған жағдайда, тең ойындардың нәтижелері саналады.
Шахмат сарапшылары мен жанкүйерлерін қызықтырған бұл ойынға әлем құрамасын әйелдер арасындағы рейтингтің көшбасшысы, қытайлық Хоу Ифань бастап келеді. Сонымен қатар қытайлық гроссмейстер Хоу Ифань (рейтингтегі ұпайы – 2618), грузиялық гроссмейстер Нана Дзагнидзе (2462), үндістандық гроссмейстер Харика Дронавалли (2447), әзербайжандық Гюнай Мамедзаде (2348), болгариялық Нургюль Салимова (2347, U20), Зсока Гаал (Мажарстан) немесе Савита Шри (Үндістан, U18) және өзбекстандық Афруза Хамдамова (2135, U14) Астанада шеберлік байқасады.
Қазақстан құрамасы сапында гроссмейстер Жансая Әбдімәлік (2454), Динара Сәдуақасова (2402), Бибісара Асаубаева (2359), Меруерт Қамалиденова (2273), Лия Құрманғалиева (2152, U20), Ксения Балабаева (2111, U18), Алуа Нұрманова (2193, U16) және Зарина Нұрғалиева (2070, U14) өнер көрсетеді. Лия Құрманғалиева мен Ксения Балабаева жуырда Алматы қаласында өткен Қазақстан чемпионатында осы жас санатында жүлдегер болған.
Астанадағы жарыстың жүлде қоры 2 миллион еуроны құрайды. Сол соманың 60 пайызы жеңімпазға тиесілі болса, 40 пайызы жеңілген ойыншыға табыс етіледі.