Теннистен Қазақстанның әйелдер құрамасы 14-15 сәуір күндері елордада Билли Джин Кинг кубогінің іріктеу кезеңі аясында Польша теннисшілерімен шеберлік байқасады. Матч Астанадағы «Beeline Arena» ұлттық теннис орталығының кортында өтеді. Осы кездесудің алдында Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Ярослава Шведовадан теннисшілердің жауапты кездесуге дайындығын, жерлестеріміздің биылғы маусымдағы мақсат-міндеті қандай екенін сұрап білген едік.
– Ярослава, алдағы матчтың маңыздылығы сондай, Қазақстан құрамасы жеңіске жеткен жағдайда өз тарихында екінші рет командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алады. Әрине, матч өз алаңымызда өтетіндіктен, Қазақстан құрамасының жеңіске жету мүмкіндігі көбірек екені күмәнсіз. Дегенмен қарсыласқа жоғарыдан қарауға да болмайтын шығар.
– Иә, әрине, қай қарсылас та өз алдына үлкен мақсат қояды. Сондықтан жауапты сәтте қапы қалмау кім-кім үшін де өте маңызды. Сол себепті біз Астанада ойын басталмастан бір апта бұрын жиналуды көздеп отырмыз. Орталық кортта топырақ төселді, спорт кешені матчқа толық дайын. Бізде кортқа ертерек бейімделіп, жақсылап дайындалуға мүмкіндік болады.
– Алдағы бәсекеге ойыншылар қандай жағдайда келгелі отыр?
– Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда теннисшілеріміздің барлығы өз бабында. Маусымды табысты бастап, Аустралия ашық чемпионатының финалына дейін жетіп, Индиан-Уэллстегі «Мастерс» додасында жеңіс тұғырынан көрінген команда көшбасшысы Елена Рыбакинаның аяқ-алысы тек жанкүйерлерді ғана емес, бізді де қуантады. Ол Майамиде де табысты өнер көрсетіп, финалға дейін жетті. Анна Данилина мен Юлия Путинцева топырақ төсенішінде әдеттегідей тәуір ойнауы керек, әсіресе Юлия жап-жақсы өнер көрсете алады. Сондай-ақ командамыз жаңарып жатыр. Құрамаға Гөзал Айнитдинова мен жастар сапынан Жанель Рүстемованы шақырдық. Қыздарға қосалқы ойыншы ретінде Аружан Сағындықова да көмек көрсетеді. Жанель мен Аружан – біздің болашағымыз. Біз олардың негізгі ойыншылардың қатарына ертерек қосылуын қалаймыз.
– Польша теннисшілерін қаншалықты зерттеп үлгердіңіз?
– Польша – тәжірибе мен жас теннисшілер шоғырланған мықты ұжым. Олардың әлсіз және мықты тұстарын әлі де зерттеп, зерделеп жатырмыз. Былтырғы іріктеу кезеңінің жеребесі біз үшін сәтті болып, елордада өткен матчта Германия құрамасын жеңіп, әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алған болатынбыз. Биыл да іріктеу бәсекесін Астанада өткіземіз. Бұл жолы да тек жеңіс үшін ойнап, жанкүйерлерімізді қуанту үшін бар күшімізді саламыз және де жанкүйерлеріміздің ерекше қолдауын күтеміз.
– Жарақатына байланысты Астанаға әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентек келмейтін болды. Бұл Қазақстан құрамасы үшін қаншалықты тиімді болмақ?
– Қазіргі таңда Ига – тек Польша құрамасының ғана емес, әлемнің үздік ойыншыларының бірі. Әрине, Швентек келгенде матч біздің теннисшілерге оңайға соқпайтыны белгілі еді. Бірақ Билли Джин Кинг кубогі командалық әлем чемпионаты болған соң, бұл жерде теннисшілердің рейтингтегі орны, жеке шеберлігі маңызды рөл атқара бермейді. Польша командасы Швентексіз де мықты, әлемнің 20-ракеткасы Магда Линетт, жұптық сында жақсы ойнайтын теннисшілері бар. Польша құрамасы Швентексіз де қауіпті, мұны жақсы түсінеміз.
– Сіз Қазақстанның әйелдер құрамасымен бірге біраздан бері жұмыс істеп келесіз. Капитан ретінде көңіліңіз толмайтын тұстар бар ма?
– Қазір менің бар ойым, мақсатым – алдағы матчта жеңіске жетіп, қыздармен бірге Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңіне шығу. Ең бастысы, біз қайда жүрсек те, қайда өнер көрсетсек те, елдің, жанкүйерлердің қолдауын сезініп келеміз. Бұл – үлкен бақыт. Ендеше, ел үмітін ақтаудан басқа мақсат жоқ бізде.
– Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге көп рахмет.
Әңгімелескен
Әли БИТӨРЕ,
«Egemen Qazaqstan»