Жаңартылған білім бағдарламасы жағдайында Қазақстан географиясы пәнін оқытуда туындаған мәселелерді сала мамандары бірнеше рет талқылап, «Egemen Qazaqstan» газетінде «Байтақ елдің географиясы неге толық оқытылмайды?», «Қазақстан географиясын оқыту әлі шешімін таппады» деген тақырыптармен түйткілді жайттар тарқатылған болатын. Сарапшы мамандардың пікірінше, жалпы білім беретін мектептерде география пәнін оқытудың бірқатар мәселеcі әлі күнге басы ашық күйінде қалып отыр.
Қазіргі кезде ел мектептерінде 5-6-сыныптарында Жаратылыстану, ал 7-11-сыныптарда География пәні оқытылады. Республиканың География пәні мұғалімдерінің қауымдастығы 8-сыныпта Қазақстанның физикалық географиясы, 9-сыныпта Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы бағдарламадан тыс қалып қойғандығына, сонымен қатар жаңартылған оқу бағдарламасы негізінде шиыршық әдісімен оқытудың тиімсіз тұстарына алаңдаушылық білдіріп келеді.
Географиядан республикалық атаулы мектеп жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Ұлжалғас Есназарова аталған мәселені баспасөз бетінде жиі көтеріп, кейінгі жиырма бес жылда жүйелі түрде оқытылып келген География пәні жаңартылған бағдарлама аясында өзгеріске ұшырағанын айтады.
– Жаңартылған бағдарламада география ғылымдарында қалыптасқан география пәнін оқытудың ғылыми жүйесі біржола бұзылды. Бүгінде бізден өзге посткеңестік елдердің барлығында дерлік өз Отанының географиясы жеке пән ретінде оқытылады. Мысалы, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты көршілеріміз егеменді ел ретінде өз географиясын оқытып жатса, Англияда оқылатын міндетті бес пәннің бірі – География. Жер көлемі шағын ғана Израиль елінде Географияны екі жыл қатарынан оқыту үрдісі қалыптасқан. Қазақстан сияқты байтақ елдің экономикалық және әлеуметтік географиясын зерделеп оқыту, ел дамуына қатысты материалдарды оқушылардың кең көлемде игеруі әзірге мүмкін болмай отыр, – дейді Ұ.Есназарова.
Осылайша, География пәнін оқытуды жүйелеуді басшылыққа алған ұстаздар қауымы «Қазақстан Республикасы жалпы орта білім беретін мектептерде географиялық білім берудің ұлттық моделі» тұжырымдамасын жасап, Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясына ұсынған еді. Осы орайда Оқу-ағарту министрлігі тарапынан жауап алмадық деген бірқатар ұстаз ұсыныс-пікірін ортаға салған еді.
Атырау облысы Жаңа Қаратон ауылы №22 орта мектептің География пәні мұғалімі Айнагүл Шайхинаның айтуынша, жалпы орта білім беру ошақтарында 8-9-сыныптарда «Қазақстанның физикалық географиясы» және «Қазақстанның экономикалық географиясын» оқытуды қайта қолға алу қажет.
– Осы мәселені былтыр сәуір айында Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи университетінде өткен «Географиялық білім берудегі озық ой және заманауи көзқарас» тақырыбындағы География пәні мұғалімдерінің республикалық съезіне қатысқан делегаттар жан-жақты талқылаған болатын. Бірақ съезде айтылған мәселелер әлі шешімін таппай келеді. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, Географияны соңғы 7 жыл оқыған оқушылар еліміздің 5 өңіріне және облыстарға қатысты қарапайым сұрақтарға жауап бере алмайды. Қазіргі уақытта сағаттардың барлығы қысқартылғандықтан, материалды толық игеру мүмкін емес. Бұл мұғалімге де, оқушыға да оңайға соқпай отыр. Мұғалім бағдарламадан қалыс қалмауды әрі оқушының тез қабылдауын қалайды. Салдарынан оқушының пәнге деген қызығушылығы жоғалса, мұғалімнің өткен материалға қайта оралуға уақыты жетпейді. Бұл білім сапасының, сондай-ақ ұлттық бірыңғай тестілеуде оқушы көрсеткішінің төмендеуіне әкеледі. «География» оқулығында тақырыптың, материалдардың берілуінде жүйелілік жетіспейді, қате көп. Материалдар әр сыныпта қайталанып келетіндіктен, ширықшықты әдіспен берілген тапсырмаларды меңгеру жемісін бермей отыр.Тәжірибелік тапсырмалар азайып кеткен. Бағдарламада материктер, мұхиттар, жекелеген мемлекеттерді аймақ бойынша ретімен меңгеруге қатысты материалдар аз. Пайдалы қазбалар, кен орындары, дайын өнім алуға қатысты тақырыптар шашыраңқы. География пәнін жете меңгерген оқушы үшін мысалы, биология сабағында жануарлар, өсімдіктер әлемін меңгеруі де оңайға түседі, – дейді А.Шайхина.
Ақтөбе қаласындағы №31 қазақ орта мектебінің мұғалімі Нұргүл Қорғанбаеваның айтуынша, әлемнің көптеген елінде География пәнін оқытудың ғасырлық жүйесі қалыптасқан. Жаңартылған оқу бағдарламасы енгізілгеннен кейін географияны оқытудың ғылыми жүйесі мүлдем бұзылған.
– 6-сыныптағы бастапқы курста жер шары және географиялық қабықтар толық қамтылып келсе, 7-сыныптағы «Материктер мен мұхиттар географиясы» курсында әрбір материк пен мұхит, табиғат ерекшеліктері, мемлекеттерге жеке тоқталатын толық географиялық білім беретін жүйенің жойылғаны қынжылтады. Өз еліміздің табиғат ерекшеліктерін, экономикасы мен әлеуметтік мәселелерін толық оқытатын 8-сыныптағы Қазақстанның физикалық географиясы, 9-сыныптағы Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы пәні курстарының оқыту жүйесі мүлдем өзгерді. Оқулықтарда түсініксіз тапсырмалар көп. Табиғат ерекшеліктерін сипаттайтын физикалық аудандандастыру мен ел экономикасының ерекшелігін оқытатын сағаттар қысқарып қалды. Осы орайда оқушылардың дүниетанымы, оқу үрдісінде ұлттық тәрбие жұмысын жандандыруда География пәні қарастыратын мүмкіндіктердің барлығын тиімді пайдаланудың маңызы ерекше, – дейді Н.Қорғанбаева.
Павлодар облысы Ертіс ауданы М.Горький мектебінің география пәнінің мұғалімі Дәурен Ілиясовтің пікірінше, жалпы географиялық білімнің дәстүрлі ұлттық, рухани, саяси құндылықтар және оқушының сана-сезімін қалыптастырудағы рөлі зор.
– География пәніне қосымша курс ретінде Өлкетану, Туған жер географиясы сабақтарын өткізу пән бойынша сағат жетпей қалған тақырыптарды игеруге ықпал етеді. География пәні мұғалімдерінің шығармашылық қызығушылығын ояту мақсатында дәптер және балалардың картада жасаған жұмыстарын тексеруін ынталандыру да қаперге алатын жайт. Сонымен бірге сағаттар санының аздығына байланысты география мамандығына баратын түлектер көрсеткіші төмен. Маман тапшылығынан бірқатар мектепте бұл пәнді биология, тарих пәндерінің мұғалімдері жүргізеді. Өз ісінің мамандары оқытпағандықтан, география пәні өзектілігін жоғалту үстінде. Егер жоғарыда айтылған мәселелер шешімін тапса, Қазақстан географиясы пәні заманға сай қайта жанданып, негізгі пәннің біріне айналатыны анық, – дейді Д.Ілиясов.
Түркістан облысы Ордабасы ауданы Амангелді атындағы орта мектептің география пәнінің мұғалімі Гүлнар Шотай да өз пікірімен бөлісті.
– Мектеп оқушыларын жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша соңғы жеті жыл көлемінде оқытып келеміз. Осы уақыт ішінде ұстаздар мен білім алушылар біршама қиындыққа тап болды деуге негіз бар. Біріншіден, географияның әліпбиі саналатын картаны 6-сыныпта Жаратылыстану пәні шеңберінде биолог, химик мамандар оқытып жүргені жасырын емес. Сондықтан География пәнін 6-сыныптан оқытуды қайтару керек. Екіншіден, шиыршықталған оқыту моделі бойынша 7-сыныптан бастап сол картамен жұмысты игермеген бала география ғылымының барлық саласын бір жылда шолып шығады. 8-сыныпқа келгенде сол оқу мақсаттары сәл күрделеніп қайталанып келеді. Бала алдыңғы біліміне сүйеніп, білімі мен дағдыларын арттыруы керек. Алайда білім алушылардың көбісі бір жыл тұрмақ бір тоқсан бұрын игерген оқу материалдарын ұмытып, қайталауға тура келеді. Сондықтан география пәнін оқытудың бұл моделі тиімсіз болғандықтан, 6-7-сыныптарда бастапқыда материктермен мұхиттар географиясын оқытып, ғылымның негізгі ұғымдарын, табиғаттағы құбылыстар мен үдерістердің заңдылықтарын ұғындырып, базалық білімді қалыптастыру қажет. Келесі қадам: 8-сыныпта негізгі базалық білім, дағдылар қалыптасқан білім алушыларға туған жерінің ерекшеліктерін географиялық заңдылықтарға сүйеніп игеруге жол ашылады. Қазіргі бағдарлама бойынша 9-сыныпта бөлінген сағат саны материалды зерттеуге жеткіліксіз. Себебі игеруге тиісті материалдың көптігінен білім алушылардың өзіндік жұмысы (сарамандық жұмыстар) мүмкіндік бермейді. 9-сыныпта туған жерінің табиғат ерекшеліктерін толық игерген балаға адами және табиғи ресурстардан бастап әлеуметтік және экономикалық географиясын оқыту қажет, – дейді ол.
Түркістан облысы Жетісай ауданы Әл-Фараби атындағы №12 орта мектептің География пәні мұғалімі Раушан Әкімшаева: «Қазіргі кездегі жаңартылған білім беру негізінде оқу үрдісін ұйымдастыруда жеке тұлғаның өзін-өзі таныту тетіктерін, ғылыми ойлау әдістерін, зерттеу мәдениетінің негіздерін игеруді, кәсіби мақсаттарын қалыптастыруды қамтамасыз ету қажеттілігі бірінші орында. Одан бөлек тұлғаның рухани-адамгершілік тәрбиеленуі де өзекті. Сол себепті мектеп бағдарламасына Қазақстанның физикалық географиясы мен Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясын қайта енгізген жөн. Сонда оқушылардың отанымыздың географиясын, табиғат жағдайларын, алуан түрлі ресурстарын, ұлан-байтақ аумағындағы құбылыстар мен үдерістері туралы түсініктері молаяды. Қазақстанның физикалық географиясымен қатар экономикалық және әлеуметтік географиясын меңгерген оқушы қандай мамандықты таңдаса да өмірлік қажетіне жарата алады», деген пікірін жеткізді.
– Жаңартылған мазмұндағы бағдарламаға географияның барлық саласы кіріктірілгендіктен, географиялық заңдылықтардың жүйесі ескерілмей қалған. Жаратылыстану білімін интеграциялап оқытудың алғашқы кезеңінде табиғат құбылыстары туралы дұрыс, біртұтас түсінік қалыптастыруға мүмкіндік беріп, табиғат туралы ғылымдарды одан әрі саралай оқып үйренуге негіз қалайды. Алайда кіріктірілген ғылым саласы болғандықтан, 5-6-сыныптардағы жаратылыстану пәнін республика мектептерінде биология, жүктемесі аз болса, тіпті химия пәнінің мұғалімдері де оқытып жүргені қынжылтады, – дейді Жамбыл облысы Меркі ауданы №44 орта мектептің География пәні мұғалімі Гүлмира Найзабекова.
Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған жаңа қазақ орта мектебінің Георафия пәні мұғалімі Гүлзира Әлиакбарованың айтуынша, жаңартылған бағдарлама мазмұны өте күрделі. «Оқулықта да жүйесіздіктер кездеседі. География республикалық атаулы мектеп қауымдастығы әзірлеген тұжырымдама жобасында көрсетілгендей, бағдарламада ескерілмеген, оқулықта жетілдіретін тұстарға назар аударған жөн. Оқушыға географиядан тиянақты білім беру үшін физикалық, экономикалық, әлеуметтік тақырыптарды оқыту уақыт күттірмейді. Өз елі туралы мәліметтерге қанық өскен оқушының да алға қойған мақсаты, болашақта таңдайтын мамандығы да нақты болатыны сөзсіз», дейді ол.
ТҮЙІН:Тәуелсіз елдер тәжірибесін пайдаланумен қатар көптеген жыл бойы уақыт сынынан өткен география пәнін оқытудың отандық әдістемесін заманауи білім жүйесіне икемдеудің маңызды екенін атап өткен ұстаздар қауымы жаңартылған бағдарлама мазмұнын байытумен қатар оқулықтарды да жетілдіру қажеттігін алға тартты. Осы орайда ұлтжанды ұрпақ тәрбиесінде География пәнін оқытудың ұлттық моделін іске асырудың маңыздылығына мән бере отырып, географиялық ғылымның бейберекетсіздігіне жол бермеу қажет деген ұстанымдарын білдірді.