Еліміздің астрофизиктері NASA спутниктерін басып озып, әлемде бірінші болып гамма-сәуленің жарылуын тіркеді. Бұл отандық ғылым үшін үлкен жетістік. Бұған әлем елдері де таңдай қағып отыр.
Ассы-Түрген астрофизикалық обсерваториясында орналасқан Nazarbayev University-нің жылдам телескопы (NUTTelA-TAO) гамма-сәулелі жарылыс деп аталатын ғарыштық оқиғаға жаңа әрі бірегей бақылау жүргізді. Гамма-сәулелі жарылыс ғаламдағы ең күшті жарылыс болып саналады. Халықаралық ғылыми қауымдастықтың ондаған жыл бойы жүргізген зерттеулеріне қарамастан, олардың нақты табиғаты мен параметрлері әлі күнге беймәлім әрі түсініксіз.
– Біз GRB230328B гамма-сәулелі жарылысын 28 наурыз күні кешкілік 20:55-те, яғни құбылыс басталғаннан кейін небәрі 41 секундтан кейін байқадық. Бұл бұрын-соңды жазылған гамма-сәулелі жарылыстың ең жылдам оптикалық көп арналы бақылауы болып саналады. Біз оқиғаны бір уақытта жасыл, қызыл және инфрақызыл диапазондарда бақылаймыз. Бұл бізге сигнал спектрі туралы түсінік береді. Аталған бақылаулар телескобымыздың бірегей сипаттамаларының нәтижесінде мүмкін болғанын атап өткен жөн. Бақылау халықаралық ғылыми қоғамдастыққа жарияланды, – дейді Энергетикалық ғарыш зертханасының (ECL) жобалық тобының ғылыми-зерттеу инженері Жанат Мақсұт.
Жалпы, бақылауды 14 обсерватория жүргізген. Соның ішінде бірінші болып біздің ғалымдар құбылысты байқаған. Ал қалған обсерваториялардың телескопы гамма-сәулелі жарылысты 30 минуттан кейін байқағаны белгілі болды. Демек, Nazarbayev University Энергетикалық ғарыш зертханасының командасында гамма-сәулелі құбылысты жарылыстан кейінгі 41-і секундтан 30-шы минутқа дейінгі қуатты жарқырауы туралы дерек бар. Мұндай деректер басқаларға бұйырған жоқ. Бақыланған деректерді қазір зерттеушілер тобы мұқият зерделеп жатыр. Талдау толық зерттелмеген гамма-сәулеленулердің табиғатын ашуға үлес қосады деп күтілуде.
– Бұл бақылау ғылымында жасалған үлкен қадам. Оның автоматтандырылған телескоп пен аспаптар жүйесін жасау және орнату көзқарасына, қаржыландыру мен жұмысын ғана емес, сонымен қатар ұжымның жоғары кәсібилігіне де байланысты екенін мойындау маңызды. Ең қызықты жұмыстар алда. Енді жиналған құнды деректерді өңдеу әрі талдау жұмыстары күтіп тұр. Осы жетістік үшін ұжымға алғыс білдіремін, – деді астрофизик, космолог, Нобель сыйлығының лауреаты Джордж Смут.
Энергетикалық ғарыш зертханасының негізін қалаушылардың бірі, доктор Қанат Байғарин да пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, бұл жаңалық отандық ғалымдардың үлкен әлеуетке ие екенін көрсетеді.
– Біз шынымен де жас әрі тәжірибелі ғалымдарды ғарышты және басқа да іргелі ғылымдарды зерттеуге шабыттандыратын нәтижеге қол жеткіздік. Аса қуатты телескопымыз бағдарлау кезінде гамма-сәулелік жарылыс туралы сигнал келгеннен 10 секундтан кейін, яғни 41 секундта өзгерісті бақылауға кірісті, – деді Қанат Байғарин.
Бұрын Энергетикалық ғарыш зертханасының командасы NUTTellA-TAO телескопын пайдалана отырып, гамма-сәулелі жарылыс сәтінің 58 секундынан бастап GRB201015A-ны ерте кезеңін бақылаған екен. Үш EMCCD камерасынан алынған бақылауларды бір уақытта пайдалана отырып, олар америкалық ғалымдар бұрын ұсынған «шаң шашырауы» теориясын дәлелдеді. Бақылау нәтижелері беделді Monthly Notices of the Royal Astronomical Society журналында жарияланды.
– Осыған дейінгі гамма-сәулелі жарылыстың ерте кезеңі тек жарылыстан кейінгі 1 сағатта бақыланған. Бұдан да ерте кезеңді бақылау үшін өте жылдам қозғалатын телескоп керек. Біз өзіміздегі жылдам қозғалатын NUTTelA-TAO телескобының көмегімен гамма-сәулелі жарылысты 58-ші секундтан бастап бірнеше сағат бойы бақыладық. Алған нәтижеміз осыған дейінгі тек теориялық тұрғыдан айтылған тұжырымды растады, – деді Nazarbayev University Энергетикалық ғарыш зертханасының ғылыми қызметкері Тоқтархан Көмеш.
Еске сала кетейік, Nazarbayev University-дегі Энергетикалық ғарыш зертханасы 2016 жылы астрофизик, Нобель сыйлығының лауреаты Джордж Смут және отандық ғалым Қанат Байғариннің басшылығымен ғылыми халықаралық орталық ретінде құрылған болатын. Зертхананың негізгі бағдарламалары MKIDS детекторлар мен басқа да криогендік датчиктерді, жылдам жарқылдарды зерттеуге арналған криогендік қондырғыны қамтиды. Сондай-ақ гамма-сәулелі жарқылдарды және басқа да өтпелі үдерістерді өлшеуге арналған көпдиапазонды оптикалық телескоп бойынша эксперименттерді жүргізеді. Бұған қоса аса жылдам астрономиялық аспаптарды, сондай-ақ космология теориясын және деректерді талдауларды қамтиды.