Қазіргі күні еліміздің қай саласы болмасын ішкі нарықта ғана емес, әлемдік нарыққа өз тауарын шығаруды қолға алған. Соның ішінде «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастыру барлық өңірде жүзеге асып жатыр. Сапасы жағынан шетелдік тауарлардан кем түспейтін біздің өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін кәсіпкерлер бар ыждағаттарымен қаржы салуға ынталы.
Десек те, бизнес саласындағы «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы отандық өндірісті қолдаудың нақты шараларымен әлі де болса толықтырылу керектігі жөнінде таяуда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінде айтылды. Кездесуге қатысушылар азық-түлік өнімдерін өндіру бойынша қауымдастықтар мен салалық одақтардың басшылары, бағдарлама отандық өндірушілердің мүдделерін қалай қорғауға тиіс екендігіне қатысты өз пікірлерін білдірді.
«Қазақстанда жасалған» бағдарламасын талқылау онлайн форматта өтті. Қатысуға шақырулар көбінесе отырысқа бір күн қалғанда келеді. Көптеген бизнес өкілі дайындалуға немесе қатысуға үлгермей жатады. Сондықтан біз жұмыстың тексерілген түріне оралуды және заңнамада талап етілгендей, осы бағдарламаны талқылау үшін тікелей жұмыс тобын құруды ұсынамыз. Топ бизнестің барлық түзетуі мен ескертуін жазбаша түрде және хаттамамен қабылдайтын болады. Тек осылай ғана біз тараптардың пікірлерін ескеріп, жұмыс істейтін құжатты ала аламыз», дейді «Қазақстан Сүт одағының» директоры Владимир Кожевников.
«Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық бағдарламасын әзірлеу туралы жыл басында жарияланған еді. Оның негізгі мақсаты жергілікті нарықта сапалы отандық өнімді жан-жақты қолдауда, өндірушілерге өз өнімдерін сауда желілерінде ілгерілетуге көмектесіп, неғұрлым тиімді сату шарттарын алуы үшін декларацияланады. Қазірдің өзінде отандық азық-түлік өнімдеріне арналған сауда сөрелерінің 50% және өнеркәсіптік тауарларға 10% бөлу туралы ұсыныс талқыланып жатыр. Бірақ, өндірушілердің пікірінше, отандық өнімдердің көптеген санаты бойынша еліміздегі бөлшек сауда сөрелерінің 70%-ына дейін бөлу қажет. Бүгінгі таңда азық-түлік нарығының сауда желілері үстемдік етіп, өздерінің ыңғайына қарай ережелер жасайтындығы бар.
Ал бұлар отандық өндірушіге мүлдем пайдалы емес. Сауда – экономиканың қажетті элементі. Бірақ өзіндік өндіріс мемлекет үшін маңыздырақ болуға тиіс. Ішкі өндіріс елдегі тұрақтылықты, сыртқы қауіптерден нақты тәуелсіздікті қалыптастырып, мемлекеттік бюджет пен жұмыс орындарын құрады. Табысты елдердің барлығы өзіндік өндірісті дамытуға және қолдауға ұмтылады. Өндірушілер атап өткендей, дәл осы өндіріс экономика үшін анағұрлым маңызды және құнды. Азық-түлік өндіру индустриясы отандық өндірушілердің мүддесіне назар аудара отырып, мемлекеттік реттеуді қажет етеді, бұл үшін түбегейлі қадамдар қажет. Сауда ережелеріне қатысты заңнаманы қайта қарау, импортты бақылауды күшейту қажет.
Кездесуге қатысушылар атап өткендей, үкіметтік бағдарламаны әзірлеушілер кәсіпкерлер белгілеген осал тұстарға назар аудармастан, отандық өндірісті қолдау мәселелерін шешу үшін жауапкершілікті өндірушілердің өздеріне жүктегісі келеді. Салалық одақ өкілдерінің пікірінше, «Қазақстанда жасалған» белгісімен тауарды ерікті сертификаттау жүйесін құру идеясы дәл осылай көрінеді. Жауапкершілікті өндірушілерге артып, солардың қаражатына жасауды көздейді. Бағдарлама бойынша жұмыстың бірінші кезеңі аяқталды, бірақ бизнесті елеулі қолдау іс-шаралары іс жүзінде пысықталмаған деп атап өтті кездесуге қатысушылар. Бүгінгі таңда бағдарламамен жұмыс шын мәнінде еліміздің кәсіпорындарында өндірілген тауарлар таңбаланатын «Қазақстанда жасалған» белгісінің жаңа дизайнын талқылауға әкелді. Бағдарламаны әзірлеушілер сыртқы бетіне қызығушылық танытып, әдемі логотиптің артында елдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізін құрайтын отандық тамақ өндірісін қолдау жөніндегі іс-шаралар кешені болуы керек екенін ұмытып кеткен сияқты. Өндірушілер бағдарлама олардың мүдделерін сауда желілерімен күрделі өзара қарым-қатынас жағдайында қорғап, жоқ қызметтер мен әртүрлі ретро-бонусты, сатылған тауар үшін алты айға дейін пост-төлемдерге тосқауыл қояды деп үміттенеді.
Сонымен қатар өндірушілер бағдарламада импорттық өнімдердің сапасын тексеруді ұйымдастырудың нақты шараларын күтеді. Жасыратыны жоқ, импорттаушылар көбінесе жергілікті заңдардың талаптарын орындамайды, ал олар жеткізетін көптеген өнімнің сапасы өте төмен. Салалық одақтар өкілдері егер нарықты осындай күмәнді тауардан тазартып (ал бұл елдің барлық азық-түлік айналымының үштен біріне дейін), орнына отандық өндірістің лайықты өнімі тұруы қажет екендігін айтады. Елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сауда желілері тарапынан отандық өндірушілер үшін тиісті жағдай жасау маңызды.
«Біз өндірушілердің көзқарасын тыңдадық. Бәріміз Қазақстанда тұрамыз және сөзсіз жергілікті өндірушілерге басымдық берілуі керек. Жауапты ведомстволар бизнестің пікіріне құлақ асып, өндірушілердің ескертпелері мен тілектерін қабылдайтындығына және «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы аясында барлық қатысушылардың мүддесі үшін еліміздің өндірісін дамыту мақсатында жұмыс істейтін құрал болатындығына үміттіміз», деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Ербол Есенеев.
Сонымен жиын барысында қатысушылар «Қазақстанда жасалған» бағдарламасын әзірлеушілер бизнестегі өзекті мәселелердің ескерілуін, әзірге құжатты түзетіп, пысықтауға болатындығын жеткізді.