• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Сәуір, 2023

Қайта ашылған «Қорғас»

457 рет
көрсетілді

Осыдан үш жыл бұрын жаһандық індетке байланысты уақыт­ша жабылған «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халық­аралық орталығы» арнайы экономикалық аймағына (ШЫХО АЭА) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. Бүгінде халықаралық орталық туристерді қабылдауға дайын.

Көпке аян, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халық­аралық орталығы – «Нұрлы жол» жаңа эконо­микалық саясаты мен «Жібек жолы» экономикалық белдеуі стратегиясы аясындағы әлемде теңдесі жоқ Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобасы. Сондықтан оның ұлт үшін маңызы зор. Карантин кезінде ғимараттың өткел бөлігіне кең көлемді жөндеу жұмысы жүргізілген болатын. Осы орайда «Қорғас» ШЫХО» АЭА БК (басқарушы компаниясы)» АҚ инвестициялар және маркетинг департаментінің директоры Әсет Байғараевтың бастауымен туристер қабылдайтын орталықта атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысып қайттық.

Департамент дирек­торы­ның айтуынша, екі бөлімнен тұратын өткізу залында турис­терді жайлылықпен қамта­масыз етуге арналған терминал қайта жабдықталып, еден толығымен жаңартылған.

Темір қоршаулар шыны бөлімге ауыстырылып, әрбір паспорттық бақылау кабинасына тепловизорлар қойылыпты. Туристердің кедергісіз өтуі үшін «Блок-А» залына кірер алдында турникеттер орна­тылған. Кеденнен ақылы өтуді қалайтын туристер үшін бизнес-терминал (VIP терминал) жасалған. Залды кондиционерлеу жүйесі жаңартылып, туристер мен олардың жүктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аумақ жарық­тандырылып, бейнекамералар орнатылған.

Орталық қайтадан ашыл­ғаннан кейін «Қорғас» ШЫХО-ға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, ТМД және басқа елдерден турис­тер көптеп ағылатыны ақиқат. Сон­дықтан орталық қыз­меті барлық бағытқа жетіл­дірі­ліп цифр­ландырылып, келу­шілерді қабылдау сапа­сының деңгейін арттыруға әре­кеттенуде. ШЫХО аума­ғын­да автокөлік кептелісін бол­дырмау мақсатында авто­маттандырылған тұрақ жүйесін әзірлеуді, жолаушылар залында ана мен бала үшін бөлек бөлме, банк бөлімшелері, дәріхана, пост-терминал, бан­комат, дүкен, кофехана және намаз оқитын орын­дар қарас­тырылған. Сондай-ақ Арбат, сауда орталықтары, қона­қүй кешені, фуд-корт, түрлі ұлттық тағамдар мейрамханасы сияқты туристердің уақытты жайлы және қызықты өткізуіне қолайлы жағдайлар жасалған.

– Отандық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Қытай тарапымен бірлескен этнофестиваль, Қазақстан тауар өндірушілерінің жәрмеңкесін және халықаралық қолөнер шеберлерінің көрме­сін өткізу жоспарлануда. Қазір ха­лық­аралық орталықты дамыту­ға бағытталған көптеген жос­пар мен идея жүзеге асуда. Өткел залдарында кезектің алдын алу үшін келушілерге билет­терді онлайн сатып алу­дың жеңілдетілген жүйесі әзірленбекші. Билеттің құны бір адамға шамамен 3000 теңгені құрайды. Орталық ашыл­ғаннан кейін күніне шамамен 3 мың адам қабылдауға мүмкіндік қарастырылған. Бас­қарушы компания 2023-2025 жылдарға арналған даму стратегиясын әзірледі, – дей­ді орталықтағы инвести­циялар және маркетинг департаментінің директоры Әсет Байғараев.

 Осы стратегия шеңберінде Даму тұжырымдамасы сауда-туристік кластерді дамытуға бағыт­талады. Сондай-ақ сауда орта­лықтары, қонақүй, ойын-сауық кешені, көрме орталығы және сол сияқты басқа да инвестициялық жобалар көзделген «Қорғас» ШЫХО» АЭА бас жоспары нақтыланады. Инвестициялық тартымдылықты арттыру мақ­сатында осы жобаларды іске асыру үшін инвесторлар тартуды жоспарлап отыр.

Ашықтық қағидатын ұста­нады және келіп түс­кен барлық жобаны барынша объективтілікпен қарастырады. Ел аумағында тұра­тын әр азамат биылғы 1 сәуір­ден бастап орталықтан айына бір рет құны 500 еуродан аспайтын 25 келі тауарды баж салығынсыз әкете алады. Ал көрсетілген мөлшерден асқан әр келі тауар үшін 4 еуро көлемінде салық төлеуге міндетті. Қысқасы, орталық саяхатшыларды қабылдауға сақадай сай.

 

Жетісу облысы