• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ғылым 06 Сәуір, 2023

ҚазҰУ мен СNPC мұнай компаниясымен серіктестікке қол қойды

298 рет
көрсетілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаев ҚХР-дың СNPC мұнай компаниясының Орталық Азия және Қазақстандағы президенті Бянь Дэчжимен кездесіп, ынтымақтастық ұсыныстарын ортаға салды.

Ректор құрметті қонақты университет жетістіктерімен таныстырып, қытайлық жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыстардың жүйелі жолға қойылғанын атап өтті.

– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылымға ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде университет ғалымдары 100 инновациялық жоба әзірлеп шықты. Қазіргі таңда ғылыми жобаларды ілгерілету және коммерцияландыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. ҚазҰУ қалашығында Samsung, Hewlett-Packard, Cisco, Коnіса Minolta, Fujitsu, Alcatel, Microsoft, «Касперский зертханасы», Huawei және т.б. жоғары технологиялық компаниялардың сертификаттау орталықтары, институттары мен академиялары орналасқан. Бүгінде ҚазҰУ ҚХР-дың 43 жоғары оқу орнымен серіктестік орнатты. Университетте Қытайтану кафедрасы мен Конфуций институты жұмыс істейді, – деді ректор.

Өз кезегінде Бянь Дэчжи мырза жылы қабылдағаны үшін университет ректорына алғысын білдіріп, өз ұсынысын ортаға салып: «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстандағы көшбасшы университет. Алдағы уақытта ҚазҰУ-мен тығыз қарым-қатынаста болып, серіктестікті арттыруға дайынбыз. Сонымен қатар Қытай мұнай университеті ҚазҰУ-мен серіктестік орнатқысы келеді. Аталған университет ҚХР-дағы мұнай саласында маман даярлайтын бірден-бір жетекші жоғары оқу орны болып табылады. Екі университет арасындағы серіктестік алдағы уақытта бірлесіп кадр даярлауға және қосдипломдық білім беру бағдарламасын жүзеге асыруға сеп болады», деп атап өтті.

Жүздесу соңында қос тарап аталған ұсыныстарды жоспарлы түрде іске асыруға уағдаласып, естелік сыйлықтармен алмасты. Жансейіт Түймебаев құрметті мейманға «ҚазҰУ-дың 100 инновациялық жобалары» атты кітапты сыйға тартып, университет базасында CNPC компаниясының кеңсесін ашуды ұсынды.