Алматыдағы Сәбит Мұқановтың музейінде келушілердің назарын аударып, қызығушылықтарын оятатын құнды жәдігерлер баршылық. Соның бірі жатын бөлмедегі қабырғада ілулі тұрған портрет, бір қарағанда жай ғана қағазға салған сурет секілді көрінгенімен, шын мәнінде жақындап, анықтап қарасаңыз, түрлі-түсті былғары бөліктерінен құралғанын байқауға болады. Құрақ бейне. Былғары құрақтан өрнектелген. Өлшемі – 68х49 см.
Бұл портретті Солтүстік Қазақстандағы танымал мүсіншілердің бірі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Виктор Крестников жасаған. Ол – Қызылжар өңірінің елді мекендеріндегі көптеген монументалды мүсіндік композициялардың авторы. Негізгі шығармалары: «Ершов ертегілері», «Отан-Ана ескерткіші» т.б. Суретшілердің отбасында дүниеге келген Виктор Крестников біраз жетістікке жеткен, ол сәндік-қолданбалы өнермен батикпен, бейнелеу өнеріндегі кескіндемемен, графикамен айналысқан. В.Е.Крестниковтың жұмыстары Солтүстік Қазақстан облыстық бейнелеу өнері музейінің қорында сақтаулы. 1970 жылы С.Мұқановқа «Петропавл қаласының құрметті азаматы» атағы берілуіне байланысты осы портретті сыйлық ретінде ұсынған.
Бұл түрлі-түсті былғарыдан өрнектелген жәдігердің ерекшелігі сонда: Сәбеңнің келбетін келістіре жасап, Қызылжар өңірінің әсем табиғатымен астастыра бейнелеген. Ақ қайыңдар өлкесінің азаматы екені аңғарылып тұр.
Наргиза ТАСМАХАМБЕТ,
Алматыдағы C.Мұқанов пен
Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық
музей кешенінің қор сақтаушысы