Кейінгі жылдары еліміздің шахматшы қыздары халықаралық турнирлерде жүлделі орындардан жиі көрініп, еліміздің жанкүйерлерін жарқын жеңістерімен қуантып жүр. Соның бір айғағы – блиц шахматтан екі дүркін әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Бибісара Асаубаева күні кеше Үндістанның бас шаһары – Нью-Делиде ұйымдастырылған шахматтан әйелдер арасындағы Гран-при жарысында екінші орынға ие болды.
Соңғы шешуші кезеңнің бәсекелеріне дейін турнир кестесінде көш бастап келген отандасымыз 11-турда ресейлік шахматшы Катерина Лагномен шеберлік байқасып, аса тартысты өткен кездесу тең аяқталды. Сонымен қатар турнир бойы отандасымызды өкшелеп келген қытайлық Чжу Цзинер мен ресейлік Александра Горячкина соңғы турда бір-бірімен ойнап, бұл бәсекелерде де жеңімпаз анықталмады. Сөйтіп, жарыс қорытындысы бойынша үш шахматшы да бірдей 6 ұпай жинады. Бірақ жеке көрсеткіштері бойынша ресейлік Александра Горячкинаның бағы жанып, әйелдер арасындағы Гран-при жарысының жеңімпазы атанды. Ал Бибісара Асаубаева – күміс, Чжу Цзинер қола жүлдеге ие болды. Дегенмен Халықаралық шахмат федерациясы турнир кестесінде бірдей ұпай жинаған 3 шахматшыға да 12 333 еуро көлеміндегі сыйақы мен 133 рейтингтік ұпай берді.
Енді әйелдер арасындағы ФИДЕ Гран-приінің шешуші, төртінші кезеңі Кипрдің Никосия қаласында 15-28 мамыр аралығында өтеді. Шешуші кезеңге небәрі 12 шахматшы шақырту алды. Олар: Бибісара Асаубаева (Қазақстан), Алина Кашлинская, Полина Шувалова, Александра Костенюк, Александра Горячкина, Динара Вагнер, Катерина Лагно (барлығы – Ресей), Анна Музычук, Мария Музычук (екеуі де – Украина), Харика Дронавалли (Үндістан), Нана Дзагнидзе (Грузия) және Тан Чжунги (Қытай).