Кейінгі жылдары Қырғызстанның күресі жақсы дамып келеді. Қазіргі кезде балуандық өнерде бай дәстүрі бар алпауыт мемлекеттердің балуаны олармен санасады. Әсіресе грек-рим күресі шеберлерінің қарқыны күшті. Бір ғана мысал, 2021 жылы Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарында айыр қалпақты ағайындар бір күміске қол жеткізсе, былтыр Белградта ұйымдастырылған әлем чемпионатында екі алтын мен бір қоланы олжалап, жалпы есепте үздіктер қатарына қосылды. Таяуда Қазақстан күрес федерациясы баспасөз қызметінің мұрындық болуымен біз аталған елдің ұлттық құрама командасының бас бапкері Азат ЕРКІНБАЕВҚА жолығып, әңгімелескен едік.
– Азат мырза, алдымен өзіңіз жайында мағлұмат берсеңіз. Балуан ретінде қандай табысқа қол жеткіздіңіз және ұлттық құраманың бас бапкері болып қай кезде тағайындалдыңыз?
– Бозкілемде біраз жыл тер төктім. Елішілік жарыстарда топ жарып, 2005 жылы Азия біріншілігінде қола медаль иелендім. 2012 жылы Қырғызстан ұлттық құрамасының тізгінін ең беделді балуандардың бірі, Олимпиада мен әлем чемпионаттарының жүлдегері Қанатбек Бегалиев ұстады. Сол кезде мен үлкен спорттан енді ғана қол үзген едім. Бірден Қанатбектің көмекшісі болдым. Ал бас бапкерлік қызметке 2018 жылдың көктемінде тағайындалдым.
– Кезінде Қырғызстанның грек-рим күресі шеберлері әлемдік деңгейдегі жарыстарда жүлдені сирек алатын еді? Бұған не себеп болды?
– Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдерде Қырғызстанның күресі көпке дейін еңсе тіктей алмады. Барлық жағдай қаржы мәселесіне келіп тірелді. Сол кезде Ратбек Санатбаев қана дүбірлі додаларда дараланып жүрді. Басқа балуандарымыз әлемдік деңгейдегі жарыстарда көңіл көншітерліктей нәтижеге қол жеткізе алмады. Бұл жағдай күрес десе ішкен асын жерге қоятын қырғыз халқын, басшылар мен бапкерлерді қанағаттандырған жоқ. Сол кездері күрес жанашырлары бірігіп, «Балуандық өнердің көсегесін қайтсек көгертеміз?» деп біраз бас қатырды. Содан осы бағытта ауқымды істерді қолға алып, біраз шаруа атқарылды. Уақыт оза ерен еңбек өз жемісін бере бастады.
– Тоқсаныншы жылдары тек әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы Ратбек Санатбаевқа ғана сенім артып келдіңіздер? Оның өзі Алматыда жаттығатын. Солай ғой?
– Иә, оныңыз рас. Ратбек аға бізге «жол ашып берді» десек те болады. Сөз орайы келгенде, қырғыздардың мақтанышына айналған азаматқа қазақтың даңқты балуаны Дәулет Тұрлыхановтың көп көмек көрсеткенін айта кеткен абзал. Оның еш алаңсыз жаттығуына барынша жағдай жасалды. Сондай қамқорлықтың арқасында Санатбаев күрес әлеміндегі биік белестерді бағындырды. Өкінішке қарай, ол кісінің өмірі келте болды. Бірақ қырғыздың талай қарадомалақ баласы Ратбек ағаларына еліктеп, күрес үйірмелерінің табалдырығынан аттады. Кейіннен Қанатбек Бегалиев, Руслан Түменбаев, Данияр Қабонов, Жанарбек Кенжеев, Уран Қалилов және тағы басқа балуандар шықты. Осы азаматтардың барлығы да Қырғызстанның классикалық күресінің еңсе тіктеуіне зор еңбек сіңірді.
– 1993-2016 жылдар аралығында өткен әлем чемпионаттарында Қырғызстанның грек-рим күресі шеберлері бар-жоғы үш жүлде ғана алды. Атап айтсақ, 1999 жылы Ратбек Санатбаев – қола, 2006 жылы Қанатбек Бегалиев – күміс және 2010 жылы Данияр Қабонов қола медальдерді иеленді. Есесіне 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында Бегалиев екінші және Руслан Түменбаев үшінші орынды олжалады. Бірақ содан кейін де спорттың осы түрінің көсегесі бірден көгермеді ғой. Не себепті деп ойлайсыз: елде дарынды жастар аз ба еді, әлде мемлекет тарапынан қаржыландыру жағы кемшін болды ма?
– Оның себебі көп. Бұрынғы кезең туралы мен ештеңе айта алмаймын. 2012 жылы Лондон Олимпиадасынан құралақан қайтқаннан кейін ұлттық командамыздың тізгіні Қанатбек екеумізге сеніп тапсырылды. Біз ел үмітін ақтау үшін көп еңбектендік. Бірақ бірден елеулі табысқа қол жеткізе алмадық. Мәселен, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпия ойындарында 59 кило салмақта күрескен Арсен Ералиевтің жеңіс тұғырына көтерілуге мүмкіндігі болды. Нәтижесінде, ол қола медаль үшін тартыста өзбекстандық Елмұрат Тасмұратовқа есе жіберіп, бесінші орында қалып қойды. Құрлықтық деңгейдегі додаларда көбіне-көп күміс пен қола медальды қанағат тұтып келдік. 2014 жылы Руслан Царев пен Жанарбек Кенжеев Астанада ұйымдастырылған Азия чемпионатында екі алтын алғанда, ерекше шаттандық. Себебі сол кезге дейін аталған жарыста Қырғызстанның әнұраны бірде-бір рет екі мәрте шырқалған жоқ еді. Осылайша, бірте-бірте еңсе тіктей бастадық.
– Есесіне бүгінгі таңда Қырғызстанның грек-рим күресі шеберлерінің даңқы дүркіреп тұр. Соңғы бес-алты жыл аралығында әлемдегі ең мықты командалардың қатарына қосылдыңыздар. Соның бәрін көре отырып, кезінде біз «Egemen Qazaqstan» газетінде «Қырғыздарға қызыға қарайтын болдық» деген мақала да жариялаған едік...
– Барлығы да осы саланың басы-қасында жүрген мамандардың табандылығы мен ізденісі, қажырлы еңбегі мен ауызбіршілігінің арқасы. Қырғыз күресінің көсегесін көгерту үшін ешқайсымыз аянған жоқпыз. Соңғы бес жыл ішінде әлем чемпионатында бес жүлде олжаладық. Ақжол Махмұдов пен Жоламан Шаршенбеков әлем чемпионы атанды. Оған Жоламанның екі күмісі мен Амантұр Исмаиловтың қоласын қосыңыздар. Токио Олимпиадасында Ақжол күміс медальды мойнында жарқыратты. Жакартадағы Азия ойындарында төрт өреніміз жеңіс тұғырына көтерілді. Соңғы бес құрлық чемпионатында 35 жүлде олжаладық. Оның алтауы алтын, 9-ы – күміс және 20-сы – қола.
– Былтыр Белградта жалауы желбіреген әлем чемпионатындағы көрсеткіштеріңіз тіпті керемет болды. 2 алтын мен 1 қоланы иеленіп, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға табан тіредіңіздер.
– Сербияның астанасында Ақжол мен Жоламан қарсылас шақ келтірмесе, Амантұр үшінші орынға табан тіреді. Әрине, үш бірдей өреніміз жеңіс тұғырында қол бұлғап тұрғанда, кеудемізді мақтаныш сезімі кернеді. Тіпті көзімізге жас та келді. Сол күндері тек спортшылар қауымы ғана емес, күллі қырғыз халқы ерекше шаттанып, қалпақтарын аспанға атып қуанды. Негізі аталған жарыстың жалпыкомандалық есебінде біз бесінші орынды иеленген едік.
– Иә, ұпай саны бойынша Түркия, Әзербайжан, Сербия және Ираннан қалып қойып, бесінші орынға тұрақтағандарыңыз рас. Бірақ медальдың саны мен сапасы бойынша үшінші орын (2 алтын, 1 қола) алған екенсіздер. Алдарыңызда – сербтер (4 алтын) мен түріктер (2 алтын, 3 қола) ғана.
– Онда тіпті керемет екен (бір рахаттанып күліп алды).
– Азат, кейбір жанкүйерлер қазіргі кезде Қазақстанда Жоламан мен Ақжолға лайықты қарсылас жоқ деп есептейді. Әлде жаңсақ пікір ме?
– Ол уәжбен келіспеймін. Қай кезде де Қазақстанның күрес мектебі өте күшті болған. Қазір де солай. 60 кило салмақта Айдос Сұлтанғали мен Мейрамбек Айнағұлов бар. Екеуі де – әлем чемпионаттарында екі реттен жеңіс тұғырына көтерілген сақа спортшылар. Жоламан үшін олар – өте қауіпті қарсыластар. 77 кило салмақ дәрежесінде Демеу Жадыраев, Мақсат Ережепов, Темірлан Шадукаев сынды мықты балуандар бар. Ақжолға да олармен арпалысу оңай емес.
– Кейбір мемлекеттің ұлттық құрама бапкерлері аса жауапты жарыстарға өз шәкірттерін немесе көңілдері түскен балуандарды ғана апарып жүргені белгілі. Ал шын таланттар тасада қалып қояды. Сіздерде осы жағы қалай?
– Біздің елде ондай әділетсіздікке жол берілмейді. Шын мықтыға еш уақытта қиянат жасамаймыз. Бізге дейін де солай болған, біз де солай істейміз. Қырғызстанның ішкі біріншілігінде топ жарған балуандар бірден халықаралық аренаға шығады. Сол бәсекелерде өздерінің мықтылығын мойындатқан балуандар дүбірлі додаларда ел намысын қорғайды. Ешкім өз шәкіртін сүйремейді. Барлығымыз ортақ мүдде, яғни қырғыз спортының абыройын асқақтату үшін ғана жұмыс істейміз.
– Жоғарыда есімдері аталған шоқжұлдыздардан бөлек, Узур Жүсіпбеков, Қаныбек Жолшыбеков, Тынар Шаршенбеков, Атабек Азизбеков, Каледин Асыкеев және тағы басқа апайтөстер шықты. Олардың барлығы да құрлықтық деңгейдегі додаларда дараланды. Осы балуандардың қазіргі аяқ алыстары қалай?
– Бәрі де бабында. Биыл жауапты жарыстар өте көп. Алматыдағы Азия чемпионаты, Ханчжоудағы Азия ойындары және Белградтағы әлем чемпионаты бар. Алла қаласа, өзіңіз есімдерін атаған балуандарды сол жарыстарда көресіздер.
– Қазіргі кезде спорт саласын қаржыландыру жағы қалай? Мемлекет тарапынан күрес түрлеріне тиісті көңіл бөліне ме?
– Қырғызстанда тек күреске ғана емес, спорттың барлық түріне мемлекет және агенттік тарапынан барынша қолдау көрсетіледі. Қаражат жағынан еш қағажу көріп жатқан жоқпыз. Бәрі де дұрыс, барлығы да жақсы.
– Биыл Белградта әлем чемпионаты өтеді, келесі жылы Парижде Олимпия ойындарының алауы тұтанады. Сол жарыстарда қанша жүлде аламыз деп жоспарлап отырсыздар?
– Жорамал айтуға аса әуестігім жоқ. Бірақ сол жарыстарға барған балуандарымыздың барлығы да жүлде алып, Қырғызстанның даңқын асыру үшін еш аянып қалмайтыны анық.
– Әңгімеңізге көп рахмет, Азат мырза! «Қазақ пен қырғыз бір туған» деп бекер айтпайды ғой. Алдағы уақыттарда өтетін байрақты бәсекелердің барлығында бауырлас қос елдің өрендері жеңіс тұғырында қатар тұруына тілектеспін.
– Сізге де көп рахмет.
Әңгімелескен
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»