• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 06 Сәуір, 2023

Да Винчи жұмбағы

318 рет
көрсетілді

Өнер атаулыға құпия, тылсым, аңыз-әңгіме сынды ұғымдар таңсық емес. Талай ғасырлар бұрын туған әсем дүниеге жұрт осы заманда да таңғалып, тамсанып жатады. Тіпті, туындының тереңінде көмілген кей сырлары араға жүздеген жыл салып, су бетіне шығуы да бек мүмкін.

Өзі суретші, өзі механик Леонардо да Винчи күн­де­лігінде шифрланған құпия жаз­балар қалдырғанын жұрт біледі. Сондай-ақ ол суреттер­де де арнайы шифрлау әді­сін қолданған. Әлі күнге де­йін әйгілі Мона Лизаның пор­треті туралы, «Соңғы кеш» кар­тинасындағы жұмбақ бел­гілер жайлы пікірталастар то­лас­таған емес. Біраз уақыт бұ­рын ғалымдар оның атақты «Әлемді құтқарушы» атты туын­дысындағы жасырынған тағы бір құпияны ашты.

Жалпы, Леонардо да Винчи­дің жұмыстарының жұмбағы көп. Өйткені суретші инженерия, механика, кескіндеме, поэ­зия, философия, медицина салаларын жетік білген. Сонымен бірге ол құпия ұйымдардың да мүшесі болды.

Мәселен, Мона Лизаның жұмбақ күлкісі туралы кереғар пікірлер әлі дау тудырып келе жа­тыр. Жақында ғалымдар оның «Сальватор Мунди» немесе «Әлемді құтқарушы» деп ата­латын тағы бір кар­тина­сының астарына үңіліп, түрлі бағыттағы зерттеулер жүргізді.

Нақтырақ айтсақ, картинада Мәсіх ұстап тұрған сферадан өткен жарықтың сынғаны көрінбейді. Әдетте мұндай фигурадан жарық сынып өтсе керек-ті. Компьютерлік модельдеу арқылы Калифорния ғалымдары Иса қолына сфера емес, шар ұстап тұр дегенді алға тартады.

Бұрын бұл болжамды ға­лымдар басқа балама жо­ра­­мал­дармен қатар талқы­ла­­ған болатын. Алайда қа­зір 3D-рендерингтің озық техно­ло­гиясының арқасында маман­дар суретшінің әр бояуын­ модельдей алған. Аталған тех­но­логиялық әдіс белгілі бір уақыт кезеңіне сәйкес келетін материал­дарды, жарық көздерін және ғы­лыми білімдерді ескере отырып, суреттің жоғары сапалы бейнесін жасауға мүмкіндік береді.

Сонымен өнер туындысы­на індете зерттеу жүргізген ға­­лымдар тобы шардың көле­мін есептеді. Оның радиусы – 6,8 сантиметр. Нысанды тал­дағаннан кейін зерттеуші­лер шар­дың қалыңдығы 1,3 милли­метрден аспайтынын анық­та­ды. Сондай-ақ сфераның ар­тын­да бейнеленген Мәсіх­тің көй­легіндегі қатпарлар да Винчидің сфералық фор­мадағы жарықтың ерекше сынуы туралы білетініне көз жет­кізуге мүмкіндік береді. Өйт­кені суретші оптиканы да зерт­теген. Нағыз таланттың ас­қан білімділігіне қалай таңғал­майсың?!

Біршама уақытқа созылған зерттеу нәтижесінде «Әлемді құтқарушы» картинасы «Мона Лиза» кескініне ең жақын балама», деп түйді ғалымдар.

Айта кетейік, қазіргі уақыт­та аталған картина адамзат та­рихындағы ең қымбат өнер туындыларының бірі саналады. Ол 2017 жылы 450 миллион долларға сатылған. Автор бұл туындысын сонау 1500 жылы жазды. Өнертанушылар картинаны Леонардо да Винчи Франция королі Людовик XII сұранысы бойынша салған деседі.  Кейін картина 1625 жылы Карл I Франция патшайымы Генриетта Марияға үйленген уақытта Англияға өт­кен. 1649 жылы Карл I дарға асып өлтірілген кезде туын­ды Корольдік коллекция тізі­мінде болған. Содан 1651 жы­лы бәссаудада сатылып, ал 1666 жылы Карл II билік құрып тұрған кезде Корольдік коллекциясына қайтарылды. Ал 1763 жылы картина ізім-ғайым жоғалып кетіп, кейін бір жарым ғасыр уақыт өт­кен соң қайта сатылымға шы­ғарылған. 1900 жылы өткен сон­дай бәссаудалардың бі­рін­де «Әлемді құтқарушыны» белгісіз бір адамның жеке жи­нағына сатып алады.

Леонардоның әлемді таң­ғалдырған көп қырлы қасиеті­нің сыры еңбексүйгіштігінде болар, сірә. Жас кезінде сурет пен мүсін өнерін үйрену үшін Флоренцияға жол тартқан ол суретшілікті өнердің басты түрі деп есептеген. «Адам суреттің көмегімен дүниені таниды. Тәжірибе – дүниені танудың бірден бір жолы» деген сөзі да винчилік фразаға айналғалы қашан?!

Қылқалам шеберінің айналасында түрлі аңыз әңгіме де көп. Бірде әкесі өзінің бір танысы беріп жіберген дөңгелек қалқанды үйіне әкеліп, бала Леоға оны өз талғамы бойынша әдемі бейнелермен әшекейлеп беруді тапсырады. Ол өзінің оңаша бөлмесіне шегірткелер мен кесірткелердің алуан түрін, жыландарды, көбелектерді, ірі теңіз шаяндарын, жарқанат­тар мен басқа да жәндіктерді әке­ліп толтырады. Соларға қарап отырып шабыттанған бала су­ретші әрқайсының бейнесін фантастикалық үйлесімде пайдаланып, құз жартастардың арасынан өрмелеп шығып келе жатқан әлдебір құбыжықтардың бейнесін жасайды. Әкесі әлгі қалқанды көрген кезде ондағы құбыжық суреттерден шошып түскен деседі. Кейін бұл қал­қан үшін миландық бір герцог қомақты ақша төлеген.

Суретші инквизиция қау­пінен тайсалмай, адамның дене құрылысын зерттеумен шұғылданып, мәйіттерге ота жасаумен де айналысты. Кө­шелер мен алаңдарды аралап, адамдардың бет-әлпетіне зейін қоя қарады, ерекше бет құрылыстарын қағазға түсір­ді. Әсіресе адамдардың көңіл ­кү­йін анық көрсететін реніш, қуаныш, қайғы секілді халдер оны ерекше қызықтыр­ды. Автор күнделіктерінде: «Жа­рыққа қарап, оның нұрына зер сал, сөйтіп көзіңді қас-қағым сәтте жұмып, қайта аш, сонда саған өзің көрген жарық мүлдем басқаша көрінеді» деп жазады.