Егемендік алған жылдан күні бүгінге дейін Қарулы күштердің жауынгерлік-тактикалық дайындығына, ұрыс құралдарын сатып алуға, оны шебер меңгеруге көбірек көңіл бөлінді. Тек былтыр мерзімді әскерден оралған сарбаздардың жоғары білім алуына жеңілдік қарастырылатыны туралы хабарды естіп, сарбаздарды іс жүзінде ынталандыруға басымдық берілгенін білдік. Бұл ірі жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарды әскери қызметке ынталандыру жөніндегі тапсырмасы негізінде қолға алынды.
Қорғаныс министрлігі осы бастаманы үйлестіріп, сарбаздардың әскерден кейінгі өміріне серпін боларлық жобаны пысықтауға былтырдан кіріскен. Осы жаңалық әскерге баруды азаматтық міндеті санайтын жастардың Отанға қызмет өтеуге құлшынысын арттырса, әскерде жүрген сарбаздарды жігерлендірген жағымды хабар болды. Енді әскерден келген сарбаздардың жоғары білім алуына нақты қандай жеңілдік қарастырылатынын тарқатып, шарттарын тізбектеп берелік.
Әскерден келген жастардың қай-қайсысы да Ұлттық бірыңғай тестілеусіз екі жылдың ішінде жоғары оқу орнына ақылы негізде түсе алады. Бұл – бір. Екінші, әскерде жауынгерлік даярлық кезінде жүктелген міндетті мүлтіксіз орындап, жоғары нәтиже көрсеткен сарбаздардың ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-ның есебінен тегін оқуға мүмкіндігі бар. Ескеретін жайт, бұл грант емес, Қорғаныс министрлігі мен ЖОО-ның жастарға қолдауы деп түсінген дұрыс. Осыған қоса әскерден келген жастар қаласа, елдің кез келген ЖОО-ның әскери кафедрасында тегін оқи алады. Ең негізгісі, әскерде қырағылығымен көзге түскен сарбаздардың Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарында емтихан тапсырмай білім алуына жол ашылады. Енді жастар осы жеңілдікті пайдалану үшін әскерден кейін әуелі Халыққа қызмет көрсету орталығынан берілетін мерзімді әскери қызметте болғаны туралы анықтаманы, кейін әскери билеттің көшірмесімен қоса ЖОО талап ететін құжаттарды ғана түгендейді. Тіпті Қорғаныс министрлігі бұған дейін хабарлағандай әскери міндетін өтеген жастардың оқуға түсуіне аттестаттағы бағалары әсер етпейді. Бұл жөнінде Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева тарқатып айтып берген еді.
– Бірден айтайық, бұл – грант емес, 100 пайыз жеңілдік. Әскери міндетін абыроймен атқарып жүрген сарбаздарды, кейінгі жастарды ынталандыру мақсатында қолға алынды. Әскери салада ысылған, әскери тәртіпке үйренген жауынгерлердің білім алуына қарастырылған мүмкіндік деп түсіну керек. Әрине, жоғары оқу орындары жастардың бағытына, талпынысына қарайды. Бірақ аттестаттағы бағаларына қарамайды, – дейді ол.
Кез келген талапкер өзінің жанына жақын мамандықты меңгерсе, уақыт өте келе өзі таңдаған саланың шын шебері болуға ұмтылады. Жоғары оқу орындары әскерден келген жастардың аттестатына қарамай оқуға қабылдағанымен, олармен сұхбаттасқанда қай салаға бейім екенін біледі. Себебі қайткен күнде де жастардың сапалы білім алып, сұранысқа сай маман болып қалыптасуына ертең әскери бөлім емес, ЖОО жауапты болмай ма?
Негізі Қорғаныс министрлігі мен ЖОО арасындағы келісім әскери міндетін өтеген орта білімі бар жастармен қоса, кәсіптік-техникалық және жоғары білімі бар азаматтарға да қатысты. Қазірдің өзінде Қорғаныс министрлігінің бастамасын 40-тан аса жоғары оқу орны қолдап отыр. Олар ЖОО-да тегін білім алуға ниетті жастарға 3 мыңнан аса орын қарастырған. Енді ымыраға келген қос тарап осы міндеттерін заң жүзінде реттеуге кірісті. Яғни Қорғаныс министрлігімен қатар Ғылым және жоғары білім министрлігі ведомстволық бұйрықтарға өзгерістер енгізіп жатыр. Тіпті Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде әскери қызметшілерді іріктеу бойынша регламент әзірлеген. Ашып айтар болсақ, іріктеуде алдымен сарбаздың жауынгерлік даярлық бағдарламасын меңгеру бойынша қорытынды балы, тәртібі, қызмет барысында арнайы міндеттерді орындауы және психологиялық жай-күйін бағалау ескеріледі екен.
Астана қаласындағы 68655 әскери бөлімінің үздік сарбаздарының бірі Болашақ Шалғынбаев ЖОО программист мамандығы бойынша білім алуды көздеп отыр екен.
– Әскерге Өскемен қаласынан шақырту алдым. Өзім сол қаланың тумасымын. Әскерден кейін Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде білім алуды көздеп отырмын. Программист болсам деген ниетім бар. Өйткені заман ағымына қарай жаңа технологияларды, құралдарды бағдарламалайтын мамандарға сұраныс қазіргіден де жоғары болады деп ойлаймын. Оның үстіне техникадан хабарым бар. Әскерде ЖОО білім алуды жоспарлап отырған сарбаздарға арнайы уақыт беріледі. Сол уақытта шыңдалып, әскери дағдыларды шебер орындауға машықтанамыз. Мерзімді әскери қызметке келген қатарластарымның арасында ЖОО-да білім алуға ниеттеніп жүргендер баршылық. Олар да әскерден кейін арман-мақсатына жетсін деп тілеймін, – дейді сарбаз.
Үміткерлерге ЖОО-ға жолдама беру туралы шешім шығаратын комиссия әскери қызметшінің жеке рейтингін ескере отырып, өзі қалаған мамандық бойынша білім алуына жәрдемдеседі. Мұнда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алу мақсатында үміткерлер туралы барлық дерек Қорғаныс министрлігінің «мерзімді қызмет 2.0» ашық ақпараттық жүйесінде көрсетіледі. Әрі осы тізім еңбек нарығының сұранысына қарай әзірленеді екен. Яғни Еңбек министрлігінің талдауы мен мониторингі ескеріледі. Қорғаныс министрлігі Білім және ғылым департаменті бастығының орынбасары Бегім Нұрмахановтың айтуынша, әскерилерге жеңілдік жасау арқылы әскери қызметтің беделін арттыруға болады.
– Әскери міндетін өтеп, үйіне оралған жастардың білім алып, маман иесі атануына жағдай жасалып жатқаны қуантады. Оның ішінде екінің бірі емес, жауынгерлік даярлықта үздік нәтижемен көзге түскендердің ғана ЖОО тегін білім алуға мүмкіндігі бар. Бұл жоба әскери қызметтің беделін және жеке құрам мен әскери бөлімдердің жауынгерлік дайындығын арттыруға, мерзімді әскери қызметке жауапкершілікпен қарауға ықпал етеді. Мұндай жеңілдіктер бізде ғана емес, өзге елдерде де қарастырылған. Мысалы, Израильде әскерден келген жастарға 4 250 доллар беріледі. Сарбаз сол қаржыны білім алуға немесе жеке бастың қажеттілігіне жұмсаса да өз еркі. АҚШ-та ЖОО-да білім алуға, әсіресе әскери салада қалуға көбірек қолдау көрсетіледі. Көрші Өзбекстанда әскерден келген жастардың оқуға түсу үшін тапсыратын емтиханына 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Үздік сарбаздарға тегін оқуға жолдама беріледі екен. Бұл қатарға енді біз де қосылдық. Қорғаныс министрлігі қолға алған жоба білім алуды көздеген жастарға олжа, – дейді Б.Нұрмаханов.
Көп ұзамай Қорғаныс министрлігімен келісімге келген жоғары оқу орындары қоғамға қажетті, сұраныс жоғары мамандықтарды және оқу бағдарламасын нақтылайды. Яғни әскерден келген сарбаздардың қай мамандықта білім алуға мүмкіндігі бар екені алдағы күндерде белгілі болмақ.