Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстанның 2023-2029 жылдарға арналған мәдени саясатын дамыту тұжырымдамасын ұсынды. Құжатта театрларға ерекше көңіл бөлінген. Нысаналы индикаторлардың бірі – авторлық қойылымдарды үш есе ұлғайту.
Тұжырымдамаға сәйкес 2029 жылға қарай жыл сайын авторлардың 600 спектаклін сахналау жоспарланып отыр. Қойылымдар санының артуы кезең-кезеңімен жүзеге асады. Мәселен, биыл 245 спектакль қою міндеті тұр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 62 қойылымға артық.
Сонымен қатар инклюзивті топтың балалары үшін театр труппаларын ашу, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға спектакльдердің онлайн-көрсетілімдерін ұйымдастыру, жаңа театрлар салуды және жас таланттарды мемлекеттік қолдау шараларын одан әрі іске асыру көзделіп отыр.
«Еліміздің театр өнерін дамыту – алдағы бірнеше жылдағы басты міндеттеріміздің бірі. Театр біздің азаматтарымызға барынша қолжетімді болуға тиіс. Бұл тек көрермен үшін емес, сонымен қатар жас талантты драматургтер үшін де керек. Жаңа авторларсыз даму мүмкін емес, сондықтан министрлік жаңа есімдерді танытуға ерекше назар аударады. Мәселен, өткен жылы әдебиет саласындағы «Айбоз» тұңғыш ұлттық сыйлығы табыс етілді. Биыл жас жазушылар мен ақындарға арналған Президенттік әдеби сыйлық табысталады», деді Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.