Енді кез келген азамат ел аумағындағы бос жер телімдері туралы ақпаратқа еркін қол жеткізе алады. Бұл – жер қатынастары туралы заңға енгізілген өзгерістен кейін мүмкін болып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Құжаттағы толықтырулар туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин таратып айтып берді.
– Біздің министрлік жер учаскелерін берудің ескірген ережелерін толығымен өзгертуді және оны электронды форматқа көшіруді талап ететін заң жобасын әзірлеуге белсенді қатысты, сонымен қатар бұл үдерістің тиімділігін дәлелдеу қажет болды. Менің ойымша, біз барлығын ойдағыдай іске асыра алдық. Парламенттегі әріптестеріме алғыс айтқым келеді, өйткені Мәжіліс пен Сенаттағы жалпы отырыстарда көптеген сұрақ көтеріліп, бұл заң жобасының маңыздылығы атап өтілді, – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.
Заңға сәйкес жауапты ведомство Президент тапсырмасынан кейін жер теліміне қатысты құқықтарды тіркеу рәсімдерін жеңілдететін «Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры» жүйесін әзірледі. Оған қол жеткізу қоғамдық кадастр картасы арқылы жүзеге асырылады. Ал кадастр картасы жылжымайтын мүлік пен жерді сатып алу, сату, ашық түрде жалға беру сынды белгілі бір мәмілелерді жүзеге асыру үшін мемлекеттік кадастр жүйесінен онлайн мәліметтер алуға мүмкіндік береді.
– Жоба кезең-кезеңмен кеңейтілді. Биылдан бастап, жер телімін беру жөніндегі электронды форматқа 89 қаланың жері туралы деректер көшіріледі. Қазір Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, аталған жобаны толыққанды іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деп нақтылады Б.Мусин.