1995 жылы тәжік-ауған шекарасында интернационалды міндет арқалап, шекарак үзетінде тұрған Ішкі әскердің 17 жауынгері жаумен айқаста мерт болды. Аталған жауынгерлерді еске алу мақсатында жыл сайын 7 сәуір күні Ерлік күні атап өтіледі. Биыл да «Қазбат» жауынгерлерінің құрметіне ашылған Ерлік аллеясындағы «Ер есімі – ел есінде» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аталған шараға ІІМ басшылығы, Ұлттық ұлан қолбасшылығы, жергілікті атқарушы билік органдарының, қоғам өкілдері, әскер және локальды қақтығыстардың ардагерлері қатысты.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов ерлердің рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоғын қойды.
Жиын ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов ержүрек ұландар жайлы сөз сөйледі.
«Мемлекет басшысы есіл ерлердің ерлігін лайықты бағалады. Оның Жарлығымен ерлік танытқаны үшін қаза болған 5 адам ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, 12 адам «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен наградталды. Еліміздің қалаларында ескерткіштер қойылып, көше атаулары берілді. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының қолдауымен осы шынайы оқиғаның желісімен түсірілген «Қазбат» фильмі жарыққа шықты. Осы оқиға тарихта да қалсын, өскелең ұрпақ батырларымыздың ерлігін ұмытпасын деген ниетпен таспаланған кинокартина – жауынгерлерге Ұлттық ұлан тарапынан көрсетілген құрмет болды. Ер есімі – ел есінде. Жауынгерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды! Олар біздің мәңгілік жадымызда!», деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов.Сондай-ақ шара барысында құқықтық тәртіп әскерінің ардагері, 7 сәуір күнгі оқиғаның куәгері запастағы подполковник Нұржан Байбосынов сөз сөйлеп өз естеліктерімен бөлісті.
Сонымен қатар, Шекара әскерлері ардагерлерінің ұйымы «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы генерал-майор Тұрсын Уәжанов та жиналғандардың алдында сөз сөйлеп, қазақстандық жауынгерлердің ерлігі туралы айтып өтті.
Бүгінде Ерлік аллеясы мен «Ер есімі – ел есінде» ескерткіші халықтың ержүрек ұлдарға деген мәңгілік тағзымындай болып тұр. Жыл сайын бұл жерде Ұлттық ұланның елордалық жас сарбаздары өз халқына адал болуға серт беріп, Әскери ант қабылдайды.
Шара барысында «Ер есімі – ел есінде» ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, Ұлттық ұлан мен Шекара қызметі астаналық гарнизондарының жеке құрамы салтанатты шерумен жүріп өтті. Одан кейін қатысушылар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің патриоттық орталығына барып, 7 рота жауынгерлерінің рухына бағышталып арнайы дайындалған деректі фильмді тамашалады.
Айта кетсек, дәл осы күні еліміздің өзге өңірлеріндегі Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде де тағзым жасау шаралары өтті.