Дүниежүзілік денсаулық күнінде сала мамандары бастап, халықты саламатты өмір салтын ұстануға шақыру дәстүрі қалыптасқан. Биыл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының құрылғанына 75 жыл толыпты. Атаулы күн қарсаңында елорда тұрғындары Ботаникалық саябақта қысқа қашықтыққа жүгіріп, бой сергітіп қайтты.
«Сөзден – іске» деген ұранмен ұйымдастырылған акцияда Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі, ұйымның елдегі кеңсесінің басшысы Скендер Сыла да төбе көрсетіп, көптің ортасынан табылды. Таңғы жаттығуға кіріспес бұрын Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Дүниежүзілік денсаулық күнінің мән-маңызы туралы ой қозғап, атаулы күнде ең әуелі елді саламатты өмір салтын ұстануға шақыру өзекті екенін айтты. Расында солай, «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген» әлдеқайда тиімді.
– Бүгінгі акцияға саламатты өмір салтын ұстанудың денсаулыққа пайдасы көл-көсір екенін түсінетін қауым жиылды деп білеміз. Мұндай іс-шаралар еліміздің барлық өңірінде өтіп жатыр. 1950 жылдан бастап 7 сәуір – Денсаулық күні аталып өтеді. Бағалау қорытындысы бойынша былтыр ересектердің тек 18%-ы ғана аптасына 150 минуттан артық шынығатыны белгілі болды. Биыл Дүниежүзілік денсаулық күні «Баршаға денсаулық» ұранымен өтіп жатыр. Дені сау ұрпақ қалыптастыру – елдің басты ұстанымы. Инфекциялық емес аурулардың алдын алуда саламатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтану, физикалық белсенділікті арттырып, зиянды әдеттерден арылу маңызды, – деген А.Ғиният қала тұрғындарын денсаулыққа бейжай қарамай, профилактикалық скринингтік тексеруден уақтылы өтуге шақырды.
Ізін ала Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Скендер Сыла Қазақстан Үкіметінің қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы инновацияларды қолдауға ерекше мән беріп отырғанын атап өтті.
– «Дені сау ұлт» және «Адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатын нығайту үшін ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларын іске асыру жаңа Қазақстанның дамуына өз үлесін қосады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы негізгі бастамалардың ұлттық жоспарларға интеграциялануын жоғары бағалайды және техникалық және әдіснамалық қолдау көрсетуді жалғастырады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру сапасын жақсартуға, денсаулық сақтау саласындағы мамандардың мәртебесін арттыруға және олардың құқығын қорғауға ерекше назар аударады. Біз денсаулықты нығайтуға, бейбітшілікті сақтауға үн қосып, әлеуметтік осал топтардың игілігі үшін қызмет етуді жалғастырамыз», дейді С.Сыла.
Бұдан соң саябаққа жиналған қауым Астана медициналық университетінің жаттықтырушысы, еркін күрестен спорт шебері Сергей Глушенкомен бірге дене қыздыратын жаттығуға кірісіп, кейін қашықтыққа жүгірді.
Әлемдік зерттеулерге сүйенер болсақ, физикалық белсенділіктің аздығынан ауруға шалдығып, мезгілсіз қайтыс болғандар көп. Физикалық белсенділіктің аздығынан ауырып, өмірімен қоштастандар әлемдегі өлім-жітімнің 6%ын құрайды екен. Одан кейінгі сатыда жоғары қан қысымы (13%), темекі шегу (9%) және қандағы глюкозаның жоғары деңгейі (6%) тұр. Сонымен қатар артық салмақ пен семіздік әлемдегі өлім-жітімнің 5%-ын құрайды. Осы көрсеткіштер сайып келгенде саламатты өмір салтын ұстанбай, аурудың алдын алмағаннан өршіп тұр. Әрине, әр адам өз денсаулығына өзі жауапты. Ендеше, Денсаулық күнінде саябаққа жиналған жастар да көкейге көп нәрсе түйді деп сенеміз.
Ақпарат үшін еске салсақ, Дүниежүзілік денсаулық күніне орай елордада А.Байтұрсынұлы атындағы Binom school-да «Денсаулық сабағы» ашық сабағы өтсе, № 9 қалалық емханада «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері Астана медицина университетінің студенттерімен кездесті.