Ұстаздық – ұлы мамандық. Адамзат жаралғалы, аспан мен жердің арасындағы әрекеттік, сөздік, іс-қимылдық, дәнекерлік пен дәргейлік қарым-қатынастардың бәрінде біреу үлгі, екінші біреу үлгі алушы. Қасиетті кітапта «әуелі сөз болған» деген тұжырым бар. Ал ол сөз күллі адамзат қауымының өмір сүру қасиеттерінің түпқазықтық қағидаты. Демек, қасиетті кітап сөзі – ұстаздық дастан. Ұстазымыз, академик Зейнолла Қабдоловтың: «Ұстаздық – ұлы нәрсе» деуінде ықылым заманнан келе жатқан ықылас пен ынтымақтың әр заманда уақыттық категорияға сай мазмұндық жағынан байып, пішіндік жағынан жаңғырып жатуы ойтірек болған.
Ұлы Мұхаңның – Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің, ұлы ұстаздың өзінен кезінде бес деген баға алған Зекеңнің – Зейнолла ұстазымыздың бізге ең алғаш өз дәрісін бастағанда айтқан осынау отты сөзін жүрек ұясына қондырып, көңіл таразысында безбендеп, қызметтік кезеңдерінде үлгі етіп ұстанған Тұрсынбек дос әуелден ұстаздыққа бейім азамат болатын. Алғашқы таныстықтан бері араға түскен елу үш жылдан бермен қарай біз, курстастары, оның ұлағатты ұстаз болатынына шәк келтірген емеспіз. Жүрісінің өзі көзі танадай, өркеші баладай буыршынның күз келгендегі көркем жүрісіндей болып, сабырмен санап басып, ежелден жақсымен қанаттасып, санамен сабақтасып, ауылдан енді келіп, аузымен айналаны тыңдаған балаң да аңқаулау біздерге ол алдымыздағы аға сияқты, өкшесі таймас таға секілді болып көрінген-ді.
Осы мақаланы жазу үстінде Зекеңді – Зейнолла Қабдоловтың ұстаздық туралы сөзін еске алғандықтан да болар, оның ақын Сырбай Мәуленов туралы жазған бір мақаласының басталуы жадыма жалғаса кетті. Онда мен «Лениншіл жас» газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болатынмын. Сырбай ақынның мерейтойына байланысты ол туралы мақала жазуды Зейнолла ағадан өтінген болатынбыз. Зекең телефон шалып, мақаланың дайын екендігін, үйден келіп алып кету керектігін айтты. Айтылған уақытта ұстаздың үйіне барып, маржандай тізілген қолтаңбасы зергерден жаңа шыққан өрнектей болған мақаланы алып, автобусқа отырдым да, жол үстінде ашып оқи бастадым. «Құдай-ау, орыстың әдебиет сыншысы Антоновтың ақын Фет туралы жазған мақаласындағы «Осы бір денесі еңгезердей, орыстың орманынан шыға келген аюдай денелі ақынның қай жерінен нәп-нәзік лирика шығады деп таңғалумен отырамын» деген сөзі Сырбай Мәуленовті көргенде есіме түседі де тұрады» деп төгілткен екен Зекең. Зекең айтқандай, бәрімізге қарағанда денелі, жүріс-тұрысы палуаннан дәмелі Тұрсынбектің жайлаудан соққан самалдай, ажары нұрлы жамалдай әзіл-қалжыңы қай жерінен шыға береді деп таңданатыным да бар. Қалжыңы кезіндегі қыз-қырқынға, қазіргі құрдас келіншектерге майдай жағатын болғасын дулы орта дүркіреп сала береді. Бұл жігіт жанының кеңдігі, сөз байлығының молдығы, сөз мергеннің ондығы. Қай ортада да Тұрсынбектің дауысы басым шығып жатады. Толғап сөйлейді, ұлттық дәстүрді қорғап сөйлейді.
Сөйтсек, бойы бұлғаң, сөзі нұрдан бұл ботатірсек бозбала бәрімізден кіші болып шықты. Сөзінің тұжырымы мақал, тілінің тамыры мәтел, тірегі тәмсіл, шындығы шамшыл Тұрсынбек алғашқы сәттен бастап-ақ дулы орта, думаншыл топта «қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа ғой» дегендей, төбе бидей болып төрге оза бастады. Ұстаздарымыз да ұғымтал студентті ұната бастады. Әсіресе бәріміз жақсы көретін жарқын мінез ұстазымыз Рекең – академик Рымғали Нұрғали үйіріліп үстінен түсіп, әуелі мәндес, жүре келе дәмдес, сәтті сапарда жерлес, ой суырғанда елдес болып шыға келді. Осылайша, ұзақ жылдардың ұстаздық ұлағаты бойынша өзі де профессор деген парасатты атақты қанжығасына байлады. Аудиторияны аузына қаратқан дүрегей дәріскер атанды.
Осы жерде айта кетпесек сөздің атасы өлгендей болар, Рекең – Рымғали аға біздің курсты етене жақсы көріп, елгезек пейіл танытып, жатақханаға жиі келіп, бізбен бірге студенттік қара шайды терлеп ішіп, терісі кеңейген тұста сыры мен мұңын да жайып салатын жайға жетті. Абақты басып жатқан ақтаңдақтарды аршу бағытындағы азаматтық ұстанымын жан-жақты жайып салмаса да, ретті жерінде там-тұмдап жеткізіп, тіпті кейде ашыла сөйлеп, Алашорданың тар жол, тайғақ кешуін, қапыда кеткен азаттықтың аңсарын жас жүректерге жеткізіп бақты. Әдеби қауымның аузында: «Шерағаның шекпенінен шықтық» деген тіркес бар ғой, біз де, КазГУ-дың филология факультетінен, жалыны жігерге айналып, жалауы желпініп тұрған акадамик Рымғали ағаның жүрегінен шықтық десек, артық айтқандық болмас.
Бірге бітірген курстас достардың ішінен әдебиет пен сөз өнеріне қосылған жаңа толқынның, қара шай ішкендердің қатарында болған курстастар: Құныпия Алпысбаев, Анарбай Бұлдыбаев, Балтабай Әбдіғазиев, Сейфеддин Сүтжанов, Тұрсынбек Баймолдаев филология, педагогика ғылымдарының докторлары, профессорлар атанса, Дәмегүл Байжігітова, Қоңыр Мұқатаева, Алтын Бахреддинова, Сұлушаш Бекмырзаева, Ләззат Ережепова, Зәбира Қызбаева, Сәндібек Ғұбайдуллин филология ғылымдарының кандидаттары болды, Жақсылық Айжанов, Жанар Әбдішева, Раукен Қасымова, Бақыт Назыкеева, Зейнолла Әкімжанов, Мұрат Төлендиев, Шәрбану Әбдірахманова, Әбен Жұмашев, Бисен Марабаев, Абайбек Қоқымбаев, Кемелбек Құмғанбаев, Сұлтан Шомаев, Төлеу Досмағамбетова және осы жолдардың авторының сөз өнерінде есімдері аталып, поэзия, проза, журналистика жанрларында қалам тербеді, баспаларда редактор болды, елге танымал ұжымдарда аударма өнерін дамытты, өз оқырмандары мен тыңдармандарын, көрермендерін тапты. Ал жас ұрпақты тәрбиелеудегі, ұстаздық, ұйымдастырушылық, әдіскерлік, дәріскерлік еңбектерімен елге танылған курстас достардың есімдерін атасам: Серік Сұлтанғалиев, Әбдіғали Бекішев, Шолпан Есжанова, Гүлшара Әлкенова, Сағадат Оңғарова, Ақбөпе Әбжаппарова, Майра Төлебаева, Гүлнәр Ғалиева, Сәруар Махметова, Бағдат Нұрекеева, Жәудіркөз Әлімбетова, Жадыра Есқалиева самсап қатарға тұрып, қанаттасып келе жатыр. Өмірден өтіп кеткен қыз-жігіттердің әз есімдері еске түседі. Шүкір, алғыр, алдыңғы қатардағы курс болған екенбіз. Бұл деректер бір курсқа аздық етпес. Ең бастысы, ынтымақшыл, ынтазар достығымыз сол күйінде.
Тұрсынбектің жол бастар көсемдігі мен сөз бастар шешендігі ұстаздық қызметке кіріскен алғашқы жылдардың өзінде оны алға шығарды. Жиырма төрт жасында мектеп директоры болып тағайындалып, ұжым басқарды, мектебі сол кездегі жарыс жеңімпазының Қызыл туын желбіретіп төріне ілді. Университетте алған байыпты білімі мен баянды көшбасшылық мінезі ұстаздық дастанның алғашқы тарауларын сәтімен жазып, оны бірте-бірте биік белеске жетелеп алып келе жатты.
Азаматтық парыз деген сөздің де өмірдегі мән-маңызын Тұрсынбек өзінің жеке басымен көрсетті. Әскерден келіп, оқалы погондары ортаға бедел болған сақа солдат, курстастарымыздың алдында тамағын кенеп сөз бастап, қабағын керіп ой тастап, жаңа қырын жарқыратты. 1982 жылы кеңес әскерінің ұзын шинелін киіп, жамбасына тапанша байлап, сарт-сұрт аяқ басып, күректей қолын офицерлік фурашкасының күнқағарына қалт қадап, екі жыл еркіндіктің ауылынан алыстады. «Үстімде сұр шинелім, ақсаңдай басып келемін» деп Қасым ақын жырлағандай, екі жылдан соң Тұрсынбек ақсаңдай басудың орнына, жасқанбай басып, Алматы облысының Іле ауданындағы орыс тіліндегі орта мектепке директор болып шыға келді. Ерекше айтар жайт, Тұрсекең осы орыс мектебін көп ұзатпай таза қазақ мектебіне айналдырды. Бұл оңай шаруа емес еді, осы жолдағы жүйкеге салмақ салған сан алуан күресте ол палуан мінез көрсетіп, жалғандықтың жамбасын жерге тигізді. Осы мәселе қоғамда әлі күнге ыри-дыри болып жатқаны белгілі, ал Тұрсекең мұны сол кездің өзінде-ақ жүзеге асырды. Азаматтық іс-қимыл деген осы болар. Әлихан Бөкейханның «ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деуінде айдай ақиқат бар. Мұны да Тұрсынбек Баймолдаев мінезімен дәлелдеді. Осы мінезбен, егемен жылдардағы елеулі еңбегімен ол тәуелсіздік тарихындағы ұлттық білім шежіресінің өзіндік беттеріне лайықты қолтаңбасын қалдырды.
Ұстаздық ғылымның іргетасын осылайша қапысыз қалаған Тұрсынбек Молдаханұлы осынау жемісті жылдарда қандай ғылыми-әдістемелік еңбектер жазды? Оны да сараң сандар мысалында айтсақ: 1998 жылы «Бүгінгі уақыттағы мектепті басқарудың менеджменттік негіздері» туралы ғылым кандидаты дәрежесін, 2009 жылы «Жалпы білім беретін мектепті басқарудың ғылыми-әдістемелік негіздері» деген тақырыпта ғылым докторы атағын сәтті қорғап шықты. 2006 жылы Білім беру саласының үздігі атанып, 2008 жылы ғылыми-әдістемелік саладағы еңбектері үшін «Алтынсариннің алтын төсбелгісін» кеудесіне қадады. Сонда Ыбырайдың төл шәкірті демеске бола ма? Әрине болады. Ұстаздық дастанын ұлы Ыбырайдан өрістеткен өреннің өнегесі енді көпке үлгі, жүздеген шәкіртіне тәлім-тәрбие. Осы саланың мәселелері туралы жазған 150-ден астам ғылыми мақаласын жіліктеп, талдаудың шағын мақалада мүмкіндік жоқ, алайда осының өзі оның тұла бойы тұнған ұстаздық ілім, ұлағатты тағылым екені даусыз.
Тұрсынбек Молдаханұлы 1992 жылдан 2007 жылға дейін Алматы облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру, 2007-2009 жылдары республикалық осы мекеменің директоры болғандығын айтсақ, оның тапжылмас майданы – ұстаздық, алғы шебі – білім беру саласы, жеңісі – құрмет пен абыройға ие болған жылдар екені шыға келеді. 2009 жылдан Абай атындағы педагогикалық университеттің профессоры, кафедра меңгерушісі деген атағы және бар.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» (Абай). Тұрсынбек те ұстаздық етуден жалыққан жоқ. Абыз Абайдың ғақлия тапсырмасын орындаумен келеді. Қазақ баласына ұлттық ұстаздық көптік етпейді, өмірден тапқан байыпты біліміңді ортаға сала бер, олжа – ұлтыңдікі. Ұлтқа қызмет жасаудан артық қандай мәртебелі міндет бар, Тұрсеке!
Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты