Бізде өрескел түсінік қалыптасқан. Қазақша білмейтін, жатпен жұп құраған адамды ұлттың жауы, адамның соры санаймыз. Жуырда өзіміз куә болған бір оқиға әлгі түсініктің тас-талқанын шығарғандай болды.
Мерекелік нөмірдің біріне кейіпкер іздеп шарқ ұрған әріптесіміз Халықаралық бағдарламалар орталығына хабарласады. Бұл – баршаға белгілі «Болашақ» бағдарламасын ұйымдастыратын, үйлестіретін мекеме. Журналистің көктен іздегені жерден табылып, орталық әлемдік рейтингтің сарапшысы атанған, жас болса да тың жобаларымен жаһан назарында жүрген ғалымды ұсынады. Әлемдік рейтингті түзетін таңдаулы топтың қатарында болу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ екені белгілі. Бірақ әлгі ғалым қыздың бір міні бар екен. Қазақша білмейді. Біздің журналистің де бойында бір «кілтипан» бар. Орысшаға шорқақ. Қайтпек керек?
Қолға түскен кейіпкерді құр жіберу – журналиске сын. Бас тартайын десе, бұдан артық кейіпкер табылмайды. Табылса да, ол да осы секілді болуы мүмкін ғой. Оның үстіне шетелде оқып, ғылым жолында жетістікке жеткендердің дені қазақшаға шорқақ келетіні тағы бар. Амал жоқ, ақыры екеуі ағылшын тілінде сөйлесіпті. Екі қазақтың ана тілінде түсінісе алмауы үлкен қасірет, әрине. Ол аздай ғалым шетелдікке тұрмысқа шыққан екен.
Ана тілін білмейтіндігіне, жат жұртқа ұзатылғанына қаны қарайып, жаны жүдеп отырып мақаласын жазған әріптесіміз әне-міне газет бетіне түскелі тұрған дүниені кейіпкеріне оқытып алуды жөн көріпті. Хабарласса, жас ғалым «Мақалаңыздың бір жеріне анамның есімін кіріктіре аласыз ба?» деген өтініш айтыпты. «Неге?» деп таңғалған журналиске: «Менің ғылым жолындағы алғашқы ұстазым анам еді. Ол – қазақ әйелдерінен шыққан алғашқы өнертапқыштың бірі. Әттең, ғұмыры келте болды. Жетістікке жетіп, бақытқа бөленгенімді көре алмай кетті. Өтініш, ұмытылып бара жатқан есімі қайта жаңғырып, аруағы бір аунап түссің, тілегімді орындаңызшы» деп қиыла жауап қайырыпты.
Мынаны естіген әріптесіміздің сол жерде буын-буыны босап, ұялы телефонын да өшіруге шамасы келмей сұлқ түсіп отыра кетіпті. Тілін білмесе де, түбін ұмытпаған, жатпен жұп құраса да, дінін жоғалтпаған қарындасын іштей жазғырып, сөккені үшін Алладан мың мәрте кешірім сұрапты. Сөйтіпті де, ғалымның анасына бір сөйлем емес, тұтас бір абзацты арнапты. Шынында да, анасы елге белгілі үлкен ғалым болыпты. Дәрінің бірнеше түрін ойлап тапқан екен.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, таңғалғанның көкесін мақала шыққан соң көрдік. Ғалым қыз өзі туралы келістіріп мақала жазған журналисті редакцияға іздеп келді. Әдетте, мұндай жағдай сирек кездеседі ғой. Қолында папкасы бар бір қыз, кілең жігіттер отыратын кабинеттің есігін ашып, рұқсат сұрап ішке енді. Бірден таныдық. Соның дәл өзі. Қазақшасы да тәп-тәуір екен. Тек «қате сөйлеп қоямын ба» деп қуыстанатын көрінеді. Сонда не айтты дейсіз ғой.
«Біріншіден, мақалаға анамның еңбегі туралы дерек қосқаныңызға ризамын, – деді әріптесімізге бұрылып. – Екіншіден, сізбен қазақ тілінде тілдесе алмағаныма кешірім сұраймын. Үшіншіден, қазақ газеттеріне деген көзқарасымды өзгерткеніңіз үшін алғыс білдіремін. Қысқасы, сізге жүзбе-жүз рахметімді айтып, қолыңызды алуға келдім», деді. Сөйтсе, ғалым қыз осы күнге дейін «қазақ тілді журналистер орысша білмейді, ағылшыннан мүлдем мақұрым» деген көзқараспен өмір сүріп келген екен. Орысшаны қойшы, газет журналистерінің арасында ғаламдық тілде де дидарласа алатын жаңа буынның қалыптасып келе жатқанын білмеген ғой.
Осы оқиғадан кейін әріптесіміз де ағынан жарылды. «Осы күнге дейін қазақша ұқпайтын қандастарымды, жатпен жұп құраған жерлестерімді ұлттың жауы санаушы едім. Қателескен екенмін және қателескеніме қуанып отырмын. Ғалым қыздан көп ғибрат алғандай болдым. Ана тілін білмейтіндер ұлтын сүймейді деген ұшқары ойдан енді аулақ боламын. Әлгі қызбен әңгімелесіп отырып аңғарғаным, нағыз қазаққа жаны ашитын ғалым екен. Жаны ашымаса, ғылыми жаңалықтары мен жобаларын шетелде жүзеге асырар еді ғой. Жоқ, игіліктің бәрі еліме болсын деп отыр. Анаға деген, аруаққа деген құрметі қандай? Мұндай қадам тамырынан ажырамаған қазақ қыздарының ғана қолынан келеді. Қазақ тілін білмегені үшін қаракөздерімізді бекер жазғырады екенбіз. Соны ұқтым. Ана тілін білгені жақсы, әрине. Бірақ ұлтқа қызмет етуге бұл да кедергі емес екен. Осыған көзім анық жетті», деді.
Бұл жағдай бізді де сан түрлі ойға жетеледі.
Айтпақшы, журналист әріптесіміз ғалым қыздың атақты анасы туралы мақала дайындап жатыр.