Азия чемпионатына 20-дан астам елдің спортшылары қатысады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Турнирге Қазақстан, Қытай, Жапония, Үндістан, Моңғолия, Иран, Оңтүстік Корея және тағы да басқа 22 мемлекеттен 400-ге жуық спортшы қатысады.
Шараның ашылу салтанатына Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
«Чемпионаттың салтанатты ашылуынан кейін мен біздің құраманың жаттығуын көріп, спортшыларымызбен кездестім. Сонымен қатар турнир жүлдегерлерін марапаттадым. Атап айтқанда, бүгін грек-рим күресінен бес салмақ дәрежесі бойынша жүлдегерлер анықталды.
Біздің елімізде күрестің қай түрі болсын ең танымал спорт түрлерінің бірі саналады және осы деңгейдегі жарыстар оның дамуына одан әрі ықпал етеді. Өз кезегінде, Мемлекет басшысы мен біздің министрлік жастар мен кәсіби спортшылар үшін күреспен айналысуға барлық жағдайды жасайды. Жаңадан үйірмелер, залдар ашып, түрлі турнирлер өткізетін болады. Солардың бірі - елорда төрінде өтіп жатқан осы Азия біріншілігі. Еліміздің балуандарына Азия чемпионатында жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жеңіс тұғырына көтерілуді тілеймін», деді министр.