Түркістан облысының тұрғынын пышақпен қорқытып, 5 млн теңге бопсалаған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Түркістан облысы полиция департаментіне Леңгір қаласының тұрғыны арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, оны белгісіз біреулер пышақпен қорқытып, күш қолданып, 5 миллион теңге бопсалаған.
Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 194-бабы 3-бөлігі бойынша тіркеп, күдіктілерді анықтауға кірісті.
Қылмыстың бетін ашып, күдіктілерді ұстауға Түркістан облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының тәжірибелі қызметкерлері мен жедел-тергеу тобы жұмылдырылды.
Төлеби ауданының аумағында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген полицейлер 5 млн теңге көлеміндегі ақшаны алып тұрған жерінен 2 жігітті ұстады. Олардың біреуі бұрын сотты болған Төлеби ауданының тұрғыны болып шықты.
Тінту шараларын жүргізу кезінде күдіктілерден жәбірленушінің қаражаты тәркіленді. Сондай-ақ күдіктілердің бірінің үйін тінту кезінде алты оқ табылды. Тиісті сараптама тағайындалды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Болған оқиғаның толық мән-жайы мен күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.