Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы халыққа Жолдауында «...мектептердегі орта білімнің сапасын көтеруде, білікті педагог кадрларды даярлауды жетілдіруде дарынды жастарды іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына даярлау» міндетін күн тәртібіне қойған еді.
Әр елдің кемел келешегі қабілетті де талантты жастарының әлемдік деңгейде білім алып, ғылым-білім кеңестігіне еркін енуіне, интеллектуалды ұлт қалыптастыра білуіне тәуелді. ХХ ғасырдың басында-ақ мамандықтардың күрделіленуі адамдарды атқаратын қызметіне қарай кәсіптік жағынан іріктеп, арнайы даярлау кажеттігіне адамзат назарын аударған болатын. 1907 жылы Берлинде тұңғыш рет осы мәселеге арналған дүниежүзілік конгресс өтсе, одан бір жылдан кейін Америкада «Кәсіптік бағдарлау бюросы», Англияда «Мамандық таңдау кеңесі» құрылды. Содан бері жастарды қабілетіне қарай белгілі бір мамандыққа бағдарлай әзірлеу мәселесі жалпы білім берудің ең басты проблемасы ретінде күн тәртібінен бір сәт түсіп көрген емес.
Бүгінгі таңда «әлемнің барлық жетекші елдерінде ортаңғы сыныптардан бастап, саралап бейінді оқыту жүзеге асырылады. Әрбір оқушы жеке қабілет, қызығушылығына қарай өзінің даму бағытын таңдап, кәсіби бейімделу жолына ерекше назар аудара бастайды. Кеңес мектебінің жағдайында оқушылардың өзіндік дара қабілеті мен қызығушылығын оның ертеңгі атқарар іс-сипатына қарай жастай қалыптастырып дамыту факультативтік сабақтар, үйірмелер, секциялар арқылы мардымсыз жүргізілді. Оқушыларды қабілетіне қарай жастай саралап, кәсіптік бағдарлы білім берудің өркениетті елдердегі ғасырға жуық тарихи тәжірибесі ескерілмеді. Керісінше, 17 жасқа дейін мазмұн да, мақсат та бірдей, жалпы білім беру қатаң, бірыңғай жүзеге асырылды. Елімізде ерекше қабілетті, талантты да дарынды балаларды арнайы топтап, саралап оқытуға бетбұрыс өткен ғасырдың 90-жылдарынан басталды. Ел Президентінің 1996 жылғы «Дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау және дамыту» жөніндегі Жарлығы дарынды балаларға білім берудің мемлекеттік деңгейдегі маңыздылығын және оның көкейкестігін көрсетіп берді.
Әлемдік білім берудің практикасында барған сайын үздіксіз күрделене беретін интеллектуалдық, шығармашылдық мамандықтарға жастарды даярлау, 12 жылдық лицейлер, 13 жылдық гимназиялар, арнаулы мамандандырылған мектептер арқылы жүзеге асырылады. Ондай мектептер Еуропада ерте заманда пайда болып, бүгінге дейін жастарға қабілетіне қарай саралап білім беруде. Олар ғасырлар бойы адамзатқа қызмет етіп, озық тәжірибе жинақтаған, теориялық жағынан да жүйеге келген оқу орындары. Бастапқыда лицей мен гимназиялар аты ғана өзгертілген жай мектеп базасында құрылып жұмыс істеді. Ондағы оқыту үдерісін ұйымдастыру, білім мазмұны, мұғалімдердің әдістемелік деңгейі өзіне дейінгі мектептен алыс кете алмады. Оған оқушыларды іріктеп, топтауда да үлкен өзгеріс болмады.
Ал біз сөз еткелі отырған педагогикалық лицей мүлде тыңнан, жоғары педагогикалық оқу орнының ғылыми-әдістемелік, материалдық негізінде құрылды. Сол кездегі Орал педагогикалық институтының ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Т.Рысбеков балалардың оқуына да, жатақханасына да ыңғайлы институттың бір ғимаратын босатып беріп, жоғары оқу орнының ғылыми-әдістемелік базасын оқушыларға студенттермен бірдей пайдалануға толық мүмкіндік жасады. Бұл байланыс жыл сайын дамытылып отырды.
Дарындылық – өте күрделі құбылыс. Ол туралы ғылыми-теориялық түсініктер де әртүрлі. Біз дарындылықты баланың бір немесе бірнеше ғылым саласында жоғары жетістікке жетуіне көмектесетін қабілет деп алдық. Осы негізде дарынды балалар мектебінің бірден-бір мақсаты – баланың ақыл-ой жағынан дамуына барынша тиімді жағдай жасай отырып, оларды интеллектуалдық мамандықтарға даярлау еді. Сондықтан жалпы білімнің сапасын көтеруге, нақты бейінді кәсіби бағдарлы білім беруге ерекше мән берілді.
Дарынды балалар мектебі әлемдік және өзіміздің отандық озық тәжірибелерге сүйене отырып өзінің бірыңғай білім-тәрбие жүйесін жүзеге асырды. Өйткені біз жалпы білім берудің жай мектептердегі дәстүрлі бағыты жаңадан ұйымдастырылып отырған дарынды балалар мектебіндегі элитарлық білім беру талабын қанағаттандыра алмайтындығын әу бастан жақсы түсінген едік. Бірінші күннен бастап жаңа оқу орнын ұйымдастыруда, ондағы білім-тәрбие мазмұнын айқындауда дүниежүзілік тәжірибедегі сан алуан бағыттарды, идеяларды және өзімізде қалыптасқан кейбір тәжірибелерді де өз жағдайымызға ыңғайлап, жүзеге асыру міндеті тұрған еді. Өркениетті елдердегі дарынды балаларға білім берудің тәжірибесі, оған негізделген педагогикалық идеялар қаншалықты нәтижелі болғанмен, оны өзімізге тікелей көшіре салу мүмкін емес. Ол үшін білім берудің тың, күрделі міндеттерін шеше алатындай ғылыми-әдістемелік база, қолайлы білім ортасы керек болатын.
Жаңа типтегі мектептер жай мектептерге қарағанда білім сапасының дамуына әжептәуір ықпал етті. Елімізде 2004 жылы тұңғыш өткен білім сапасын тестілік (ҰБТ) бақылау кезінде ең жоғарғы балға ие болған республикадағы 20 мектептің барлығы да гимназия, лицей мен дарынды балалар мектебі еді. Олар 120 балдық мүмкіндіктен 86,8-ден бастап 94,3 дейін балл жинап, жай мектептерге қарағанда өздеріндегі білім сапасының жоғары бола алатындығын нақты дәлелдеді.
Республикада оңдаған жылдар бойы тұрақты үздік көрсеткішке жеткен, 1993 жылы ашылған жаңа типті мектептің бірі – Батыс Қазақстан облысындағы мамандандырылған дарынды балалар мектебі. «Білім туралы» заңда жазылғандай, мамандандырылған дарынды балалар мектебінің басқа жаңа типті мектептерге – гимназия, лицейлерге қарағанда статусы жоғары. Батыс Қазақстан мамандандырылған дарынды балалар мектебі де дарынды балаларға элитарлық білім беруді қамтамасыз етіп, тың инновациялық тәжірибелер жүзеге асыруды қолға алған еді.
Біріншіден, сыныпта оқушының қабілет-қызығушылығына қарай бірыңғай «бейінді білім» берілді. Жекелеген пәндер тереңдетіліп оқытылатын англо-саксондық және де әр оқушының шығармашылық жеке дара қабілетін дамыту бағытындағы фин жүйесі жүзеге асты. Бұл бағыт көп уақыт өтпей-ақ өзінің ерекше тиімділігін көрсетті. Екіншіден, Франция, Германия, Қытай елдеріндегі таңдау және міндетті пәндерді қосарланған сабақ (сабақты 80-90 минут ұзақтықта өткізу) арқылы жүзеге асыру қолға алынды. Үшіншіден, білім стандартын оқушылар жүйелі, тұрақты меңгеріп отыруы үшін білімді бақылаудың жапондық мониторингтік әдістеріне ерекше мән берілді. Осы жылдары университеттің әдіскер-ғалымдары жұмыс істеді. Университет ғалымдары мектепте сабақ берді, арнаулы курстар жүргізді, оқушыларды ғылыми жобаларға, олимпиадаларға әзірледі. Сонымен қатар мектепте әдістемелік деңгейі жоғары, шәкірттерге қатаң талап қоя білетін білімді ұстаздар тобы білім берді. Жоғары оқу орнын үздік бітірген өз түлектеріміз мектепке келді. Олардың кейбірі қазірдің өзінде жақсы көрсеткішке қол жеткізді.
2000 жылы Батыс Қазақстан облысының әкімі, Мәскеу мемлекеттік университеті және Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті ректорларының арасындағы үшжақты келісімшарт негізінде мектепте М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы А.Н.Колмогоров атындағы физика-математика мектебінің білім орталығы ашылды. Шарт талабы бойынша шетелдік білікті мамандар мектепте болып, білім ордасының оқу жоспары, бағдарламасымен танысып, сабақтарға қатынасып, мұғалімдерге әдістемелік көмектер көрсетті. Бұл байланыс Мәскеу мемлекеттік университетімен дәстүрлі өткізілетін халықаралық оқушылардың «Колмогоров оқулары» ғылыми конференциясына 2002 жылдан бері жыл сайын тұрақты қатысуға жол ашты. Осы жылдары 20-ға жуық оқушымыз Колмогоров мектебіне оқуға қабылданды. Ол мектепті бітірген оқушылар М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде, Бауман, Губкин атындағы Мәскеудің техникалық университеттерінде өз білімдерін жалғастыруға мүмкіндік алды. Мектеп университеттің ғылыми-әдістемелік және өзінің де сапалы білім мүмкіндігін пайдалана отырып осы жылдар ішінде облыстық, республикалық олимпиадалардың бірнеше жүлдегерін даярлады. Алғашқы үш жылда қатарынан лицей облыстық олимпиадада бірінші орынды иеленді. Одан әрі мектеп шәкірттері республикалық деңгейге көтерілді.
«Болашақ» бағдарламасы – қазіргі мектептердің білім беру деңгейін анықтайтын бірден-бір көрсеткіш. Осы жылдар ішінде мектеп аттестатына қол жеткізген жастарымыз еліміздің ең таңдаулы жоғары оқу орындарында өз білімін жалғастыруда. Әлемнің таңдаулы білім ордаларында «Болашақ» бағдарламасы бойынша жүзден астам түлегіміз білім алды. Ұлыбритания, АҚШ, Польша, Қытай, Малайзия, Түркия, Ресей, Аустралия, Чехия сынды әлемнің оңдаған елінде білім алушылардың дені физика-математика, гуманитарлық бағыттағы басты мамандықтардың иесі. Олардың қатарында университеттерде оқып жүріп әртүрлі халықаралық деңгейдегі конкурс жүлдегері болғандар да бар. Солардың бірі – Дархан Иманғалиев. Ол 2007 жылы мектепті «Алтын белгі» аттестатына аяқтап, Қазақ-Британ техникалық университетінің«Ақпараттық технология» факультетін үздік дипломмен тәмамдады. Кейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Манчестер университетінде оқып жүріп, «Codejam» бағдарламасы бойынша Испания, Қытай, Италия, Ұлыбритания, Жапония студенттері қатысқан халықаралық жарыста жеңімпаз атанды. Еліміздің бір ғана өңірінен-ақ интеллектуалдық қабілеті мен білімі әлемдік деңгейге ұласқан небір жастарымыз шыққанын осыдан-ақ көруге болады.
Мектептің сапалы білім беру бағытындағы инновациялық тәжірибелері республикалық деңгейде таныстырылып келеді. Осы жылдары республикалық баспа беттерінде бірнеше ондаған әдістемелік-ғылыми мақала жарияланып, «Университет базасында дарынды балаларға білім берудің педагогикалық негіздері», «Дарынды жастар – ел болашағы», «Дарынды жастарға – элитарлы білім» атты кітаптар жарық көрді. Сонымен қатар дарынды білім беру бағытындағы балалармен жұмыс істейтін жалпы білім беру мекемелерінің басқарушы қызметкерлерімен республикалық, аймақтық тәжірибе алмасу семинарлары өткізілді. Демек, қоғамның зияткерлік, шығармашылық тұлғаларын қалыптастыруда мамандандырылған мектеп өз үлгісін кең таратуда. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде облыстық мамандандырылған дарынды балалар мектебінің түлектері жыл сайын 100 пайыз грантқа ие болды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Білім және өркениет» ұлттық инновациялық, ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастырумен өткен республикалық байқауға қатысып, мектеп І орынды иеленді. Мектептің тәуелсіздік жылдары қол жеткен әлемдік стандартқа сәйкес озық инновациялық тәжірибелері «Тәуелсіздік энциклопедиясына» енгізіліп, мектепке І дәрежелі диплом, «Құрмет грамотасы» табысталды.
Дейтұрғанмен, кейінгі жылдары жаңа типті мектептер сан жағынан азайып, сапа жағынан да жай мектептерден көп алға оза алмай отыр. Оның себебі не?! Бірінші кезекте ақылы, қосымша білім беру орталықтарының көптеп ашылуы кедергі болып отыр. Мұндай орталықтар ірі қалаларда ғана емес, облыс орталықтарында да барған сайын көбейіп келеді. Ал Еуропа елдерінде репетиторлықпен айналысуға заңмен тыйым салынған. Репетиторлар өздері берген білімнің сапасына да, нәтижесіне де жауап бермейді. Демек, ақылы кешкі мектептер барған сайын сан жағынан дамығанымен, оқушыға да, мемлекетке де тиімсіз жұмыс істеп жатыр. Бүгін оны ашық айтатын уақыт жетті. Сол секілді қазіргі таңда дарынды жастарға сапалы білім беруде әлемдік деңгейде мол тәжірибе жинақтаған, бүгін біз сөз етіп отырған, дарынды балалар мектебінің өзі толықтай қалыптасқан жүйені сақтап қалуда да, оны одан әрі дамытуда да дәрменсіздік танытып отыр.
Нәсіпқали ДӘУЛЕТОВ,
педагогика ғылымдарының кандидаты
Батыс Қазақстан облысы