Наурыз айындағы ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) сынағын 111 мыңға жуық оқушы тапсырды. Оның ішінде түлектердің 75 пайызы қазақ тілінде, 25 пайызы орыс тілінде, 141 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
ҰБТ басталғалы шекті балды 78 пайызға жуық немесе 86 мың талапкер жинап, 22 пайызы шекті балл жинай алмаған. Наурыздағы сынақтың орташа балы 70-ті құрады. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 1 балға жоғары. Ең жоғары балл – 136.
– Наурыз ҰБТ-сы 10-31 наурыз аралығында өтті. Жалпы, наурыздағы ұлттық бірыңғай тестілеуге 111 мыңға жуық адам қатысты, өткен жылмен салыстырғанда 8 мыңға артық. Әдеттегідей, тестілеушілердің ең көп таңдаған комбинациялары – «Математика-Физика» (19 пайыз) және «Биология-Химия» (19 пайыз). IT бағыттарға түсуге қажетті жаңа «Математика-Информатика» комбинациясын ҰБТ-ға қатысушылардың 11 пайызы тапсырған. Тестілеу штатты режімде өтті, – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Айта кету керек, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін тестілеуге қосымша 40 минут бөлінді, қажет болған жағдайда оларға көмекші беріледі. Сонымен қатар олар үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар жасалған. Қабылданған іс-шаралар нәтижесінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 бала ҰБТ тапсырды.
85 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 109 оқушы шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.
ҰБТ-ға дайындықты жақсарту мақсатында Ұлттық тестілеу орталығы оқу жылының басында тестілеу пәнінің спецификацияларын, тест жоспарын, «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндерінен 100 дата, «Информатикадан» терминдер тізімін, «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» пәндерінен шығармалар тізімін өз сайтында және әлеуметтік желілерінде жариялаған болатын.
Сондай-ақ 2022-2023 оқу жылының басынан бастап Ұлттық тестілеу орталығы ірі білім беру орталықтарымен бірге бас емтиханға дайындалу үшін онлайн-сабақтар өткізеді. Ал prob-ent.testcenter.kz сайтында талапкерлер тегін байқау сынағынан өте алады.