• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
04 Шілде, 2014

Елдік идеялар мекені

888 рет
көрсетілді

Көне замандарда бүтін бір мемлекеттердің, қалалардың атын кітапханалары шығаратын еді. Ежелгі Мысырда көрнекті ғалымдардың қатысуымен Птолемей әулетінің екі патшасы негізін қалап, дүниежүзіне әйгілі болған Александрия кітапханасы соның айғағы. Одан бері ІХ-ХІ ғасырларда Бұхара, Самарқанд, Отырар қалаларының тарихта мәңгі қалуының сырын бай мәдениеті мен кітапханаларынан іздеген жөн. Өзіміз өмір сүріп жатқан бұл ғасыр «ақпарат дәуірі» деп аталып, ол түсінік тікелей техникаға меңзелгенімен, кітапхана мәдениеті көркею үстіне көркейіп, адамзат қоғамындағы қадір-қасиеті өз деңгейінде сақталып тұр. Кітапхана көкжиегі Ал енді әлем бойынша мемлекет бас­шыларының атындағы кітапха­налар­дың мән-маңызына тоқталайық. Прези­денттердің мұрағатын бір жүйеге келтіріп, жинақтау – әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Бұл тұрғыда мемлекет басшыларының атындағы орталық кітапхана мен қорлар көптеген елдерде жұмыс істейді. Мысалы, АҚШ, Франция, Түркия, т.б. елдерде Президент кітапханалары ашылған. Еуропа бойынша танымал кешендердің бірі – Ыстамбұлдағы Ататүрікке арналған мәдени орталық. ТМД аумағында Ресей мен Әзербайжанның бұрынғы президенттері Борис Ельцин мен Гейдар Алиев атындағы орталықтар жақсы танымал. 2009 жылы Санкт-Петербургте ашыл­ған Б.Ельцин атындағы президенттік кітапхананың ерекшелігі – оның электронды кітапхана қызметін атқаруында. Ал АҚШ-та президенттік кітапханалар желісі жұмыс істейді. Рузвельт, Трумэн, Эйзенхауэр, Джонсон, Картер, Рейган, Клинтон және осы елдің басқа да президенттері атындағы кітапханалар жүйесінің америкалық тәжірибесі Оңтүстік Корея мен Австралия президенттік орталықтарын ұйымдастыру кезінде негізге алынса, бүгінгі таңда АҚШ-та Мұрағаттар мен құжаттама ұлттық басқармасы (NARA) басқаратын 13 президенттік кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. Президенттік кітапханалардың маңыздылығы сол мемлекеттің даму, қалыптасу жолын көрсете алуымен, саяси оқиғаларға түсінік бере алуымен, сондай-ақ, мемлекетті басқарған басшының тұлғасын айқындап беруімен өлшенеді. Бұл тұрғыдан алғанда, осы жылдың басында «Назарбаев орталығы» көп функциялы мемлекеттік мекемесі жанынан құрылған «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» мем­лекеттік мекемесінің қоғамымыз үшін маз­мұны ерек. Ол Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихы оның Тұңғыш Президентінің идеялар тарихынан құралады дегенге сая­ды. Дәл осында Елбасының қызметі туралы толық әрі жан-жақты ақпараттар жинақталған. Елбасы кітапханасының негіз­гі ерекшелігі – қызметтегі Президенттің кітапханасы болуында әрі Елбасының жасампаз идеяларының жаңа көкжиектер мен перспективаларға жол ашатынын айғақтай алуында. Фостердің тағы бір тың туындысы Елбасы кітапханасы орналасқан «Назар­баев орталығы» ғимараты елордамыз­дың бірегей нысандарының қатарында аталады. Ағылшындық сәулетші Норман Фостердің осыған дейін елордадағы «Хан Шатыр», «Бейбітшілік және келісім сарайы» сынды нысандардың бас сәулетшісі болғанын білеміз. Ал, қарашық пішінде бой көтерген үшінші тың туындысынан нағыз мәдени-гуманитарлық қажеттілікке арналған нысанды танып алуға болады. Былтыр Тұңғыш Президент күні қарсаңында жаңадан салынған ғимараттың негізгі өлшемдерімен танысуға келген Елбасы Н.Назарбаев орталықта келешекте тәуелсіздігіміздің тарихы, әлемдік экономика мен саясат жөнінде зерттеулер жүргізілетінін, жастар отандық тарих саласында жаңаша білім алып, тілдерді үйренетінін айтқан болатын. Елбасы сонда: «Ғимарат биікті шолған көз жанарының пішіні тәріздес. Мен нысанды салуға атсалысқан құрылысшыларға, демеушілерге ризашылығымды білдіргелі келдім. Бұл ғимарат мемлекет қаражатына емес, жеке кәсіпкерлердің қаржысына салынды», деген еді. Ғимарат тоғыз қабаттан тұрады. Ал кешеннің жалпы аумағы 30 мың шаршы метрге жуық. Нысанның техникалық ерекшелігі шатыр құрылымында, соның арқасында ғимараттың диаметрі 81 метрге жетеді. Мұнда 500-ге дейін келушілерді сыйғыза алатын, көпшілікке арналған әртүрлі іс-шараларды өткізуге болады. Міне, сол биікке қараған көз жанары пішіндес айдынды ғимараттағы Елбасы кітапханасының мазмұндық құрылымы күні кеше Президент Н.Назарбаевқа таныстырылды. Осы жерде көпшілікке ұғынықты болу үшін мына бір мәліметтерді қосқымыз келеді. «Назарбаев орталығы» деп аталатын Есілдің сол жағалауында орналасқан су жаңа ғимараттың тұсауын өткен жылы Тұңғыш Президент қоры кескен болатын. Тарихта алғаш рет шетелдік орталықтардың моделімен құрылған Қазақстан Президенттік орталығы жұмысын бастайтынын Тұңғыш Президент қорының баспасөз қызметі мәлімдеген еді. Кешеннің құрамына Тұңғыш Президент қорының өзіндік ақпараттық аймағы болып есептелетін мұражай мен кітапхана кіретіні, қор жанындағы әлемдік экономика және саясат институты өз жұмысын жалғастыратыны да сонда белгілі болған. «Мұражай мен кітапхана осыған ұқсас мекемелердің дәстүрлі үлгісінде жұмыс істемейтіндігін атап кеткен жөн. Мұражай ірі ақпарат орталығы ретінде қалыптасқан. Оның негізгі мақсаты – республиканың егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен оның үдерістерінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тарихи рөлін ерекше толық ашу. Ал өз кезегінде, Президенттік кітапхана зияткерлік ғылыми-зерттеу орталығы болуы тиіс. Кітапхана қорының жалпы көлемі 46,5 мың бірлікті (кітаптар, брошюралар, басқа да құжаттар), соның ішінде, 20 мың бірлікке дейін жабық қорды сақтауға есептелген», деп жазды «Қазақстан тарихы» порталы. Идеялар кеңістігі «Назарбаев орталығы» ғимараты­ның Президенттік кітапханаға тиесілі бірінші қабатында «Мәңгілік ел» галереясы орналасқан. Оның негізгі идеясы ұлттық болмыстан ажырамауға үндейді. Елбасының жасампаздық қызметін «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев. Қызмет хроникасы» атты сериялы кітап көрмесі баяндайды. Көрмеде хроникадан тыс тәуелсіз Қазақстанның мемлекет ретінде құрылуы, қалыптасуы және өркендеуіне негіз болған Елбасы идеяларына толы еңбектер қойылған. Екінші қабат Президент экспозициясымен көз тартады. Мемлекет басшысының идеялары шартты түрде алты тақырыпқа топтастырылып, интерактивті үстелге жинақталған. «Біздің айналамыздағы әлем» тақырыбындағы экспозицияда адамзаттың алдында тұрған, атап айтқанда, ядролық қауіп-қатерден экологиялық мәселелерге дейінгі аралықтағы іргелі мәселелерді шешуге қатысты айтқан Елбасы идеяларының мән-маңызы паш етіледі. Бейбітшілік пен келісімді сақтау, сондай-ақ, әріптестік пен интеграцияға баратын жол «Жұмсақ күш» тақырыбының негізі болып табылады. Қазақстанның экономикалық табысы­ның негізі мен тұжырымдамалық ұстаным­дары «Бастама және серіктестік» тақыры­бында көрсетілген. Бұл елдің 90-шы жылдардағы дағдарыстан шығудан бастап «Қазақстан-2050» Стратегиясына дейінгі тарихы. Елбасының саяси стилінің ерекше қыры өмірді жақсы жаққа қарай өзгертетін қуатты идеяларды санаға сіңіре алуында десек, «Өзгерістер қуаты» тақырыбы дәл осы орайдағы материалдар мен құжаттарға негізделген. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы, руханилық және зайырлылық, ұлт дамуы­ның басқа да бағалы қырлары «Қазақстан патриоты» тақырыбында өрнектелген. Ал «Тауып айтылған сөздің құндылы­ғы» тақырыбы Елбасының барлық идея­ларын байланыстыратын буын болып есеп­­т­еледі. Экспозицияның бұл тақыры­бына Пре­зиденттің негізгі еңбектері қойыл­ған. Экспозицияның негізгі мақсаты – Мем­лекет басшысының жан-жақтылығын жалпыға паш ету. Елбасының ақындығын, компо­зи­торлық дарындылығын, сәулет­керлік қа­сиетін, домбыраны шебер тартып, шахматты ерекше ойнайтынын, ән айтуды сүйетінін «Шығармашылық бұрыш» және «Отбасылық альбом» тақырыптары байқатады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың кітапханасы заман талабына сай ашылған жаңа кешен болып табылады. Қазақстан Президентінің ұлттық және әлемдік тарихтағы ерекше рөлі мен оның тұлғасының тарихи ауқымдылығын әлемге паш ету – кітапхананың бас­ты міндет­терінің бірі. Кітапхананың құрылы­мы мұрағаттық-мұражайлық, кітапханалық және ғылыми-сараптамалық кешендерді қамтиды. Жаңа технологиялар мүмкіндігі Президент кітапханасының мұрағат­тық-мұражайлық қызметі Елбасының қызметі мен оның тәуелсіз Қазақстанның даму және қалыптасуындағы тарихи рөлі, сондай-ақ, ауқымды шығармашылық мұрасын көпжақты зерттеу туралы құжаттарды жүйелеуге және оны жинауға бағытталған. Кітапхананың мұрағаттық қорында дәстүрлі мәтіндік құжаттар қатарында бейне, аудио және фотоматериалдар бар. Осыған байланысты мұнда олардың сақталуын қамтамасыз ететін арнайы бөлме жұмыс істейді. Сондай-ақ, мұрағат құжаттарын реставрациялау мен консервациялауға арналған заманауи лабораториялық кешендер бар. Кітапхананың мұрағаттық қызметіне ендірілген «Hi-tech» технологияның бірі «Бұлтты қор мұрағаты» деп аталады. Мұнда «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қызметінің жылнамасы» топтамасы жинақталады. Жоба бойынша шексіз ақпаратпен, суретпен, бейнематериалдармен, кітаптармен, қол­жазбалармен және құжаттармен жұмыс істеу әлемнің кез келген нүктесінде іске аса береді. Сондай-ақ, мұнда құрылым­далмаған мәліметтерді сақтауға да мүм­кін­дік қарастырылған. Елбасы кітапханасындағы ерекше жобалардың бірі «Елбасының мобильді кітапханасы» деп аталады. Жоба маз­мұнымен және жаңашылдығымен бірегей болып табылады. Мұндай мобиль­ді кітапхана әлемдегі президенттік кітапха­налардың бірде-бірінде жоқ екенін жүр­гізілген зерттеулер көрсетті. Онда 28 кітап жинақталған. Мобильді кітапхана Президент кітаптарының қолжетімділігін арттырады. Кез келген оқырман планшет, смартфон қолдану арқылы Елбасының тұшымды еңбектерінен сусындай алады. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті мұрасын насихаттау, Президент кітапханаларының өзара байланысын нығайту жұмыстарымен кітапхана бөлімі айналысады. Баспа үйі Елбасы қызметін насихаттауға байланысты кітаптарды мазмұны мен полиграфиялық сапасының талаптарға сәйкестігін тексеріп, жан-жақты әрі көпдеңгейлі сараптамадан өткізеді. Президент тұлғасына, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына арналған еңбектерді басып шығаруға редакциялық кеңестің беделді шешімі мен Баспа үйі сериясының авторлық белгісі негіз бола алады. Баспа үйі Елбасы Н.Назарбаев туралы кітаптардың біртұтас қорын құру, еңбектерді басып шығару жоспарын жасау, Елбасы туралы бірнеше мәрте шыққан басылымдармен бірге жаңа ғылыми-көпшілік еңбектерден тұратын кітаптардың арнайы сериясын қалыптастыру бойынша ауқымды ғылыми жұмыстар жүргізеді. Бүгінгі таңда кітапхана қорында 20 мыңға жуық еңбек жинақталған. Президент Н.Назарбаевтың стратегия­лық бастамаларын ел ішінде және шетелдерде ілгерілетіп, Мемлекет басшысының қызметін ақпараттық-сараптамалық тұрғы­дан талдау Сараптамалық орталыққа жүкте­леді. Бұл тұрғыда сарапшы мамандар Орталық Азия, Ресей, Қытай, Еуроодақ, АҚШ және басқа елдердегі зерттеу орта­лық­тарымен, жетекші сарапшылармен ты­ғыз қа­рым-қатынаста жұмыс істеуді көздей­ді. Тұңғыш Президент кітапханасы Елба­сына сыйға тартылған жәдігерлерді жинақтаумен де айналысады. Кітапхананың қорында Президенттің жеке коллекциясынан 500 экспонат жинақталған. Олар – мемлекет басшылары мен олардың ресми өкілдерінің сыйлықтары, өнер бұйымдары және Президенттің өз қаржысына алынған тарихи жәдігерлер. Қорыта айтқанда, Президент кітапхана­сына тәуелсіздік жылдары Елбасы салған идеологиялық даңғыл жолды көздің қарашығындай сақтап, оны келер ұрпаққа аманаттау жүктеліп отыр. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.
Соңғы жаңалықтар