• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Шілде, 2014

Партия қатары толықты

512 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті мұра­жайында, елорда күніне орай, «Нұр Отан» партиясы қа­тарына қа­был­даудың дәс­түрге айналған салтанатты рәсімі өтті. «Нұр Отан» пар­­тиясы Төрағасының бі­рінші орынбасары Бауыр­­жан Байбек партия құра­мына кірген 11 азаматқа жа­ңа үлгідегі партиялық би­леттерді табыс етті. Салтанатты шара барысында ол «Нұр Отанның» қатарына қосылған азаматтарды құттықтап, партияға өту ойланбастан, аяқасты жасалатын қадам емес, адамның азаматтық ұстанымын көрсететін, салмақты әрі ақылмен таразыланған шешімнің нәтижесі деген ойын жеткізді. «Бүгінгі шара партияның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен бағындырған асулары мен эволюциялық даму биігін бейнелейтін 15 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуімен және Астана күні мерекесінің қарсаңында өткізілуімен ерекше. Партия лидері барлық нұротандықтарды саяси көшбасшылықты күнделікті істе дәлелдеп, қоғам өмірінің барлық бағыттарында алдыңғы орында болуымызды міндеттегенін білесіздер. Сіздер де осы сенімнің үдесінен толықтай шығады деген үміттемін», – деді Б. Байбек. Бұл күні партияға белгілі сәу­летші, ел Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібекұлы, Қазақ­стан Президенті жүлдесі үшін «Қазақстан барысы» турнирінің 2013 жылғы жеңім­пазы Айбек Нұғымаров, бірқа­тар республикалық айтыстардың жеңімпазы Біржан Байтуов, Павлодар облысы ҚХА жастар бірлестігі үйлестіру кеңесінің төрайымы Элина Паули, «Петропавл құрылыс материалдары зауыты» ЖШС сату және ішкі экономикалық байланыстар жөніндегі директоры Андрей Титов, «Еуразия» бірінші арнасындағы сараптамалық бағдарламаның жетекшісі Алек­сандр Трухачев, «АРБА» тірек-қимыл аппара­­тының фунциясы бұзылған мүге­дек азаматтарды қолдау қоғамы» қоғам­дық бірлестігінің төрайымы Гүлми­ра Батпақұлова, Қазақстан Прези­денті Іс басқармасына қарасты «Оқжет­пес» емдеу-сауықтыру кеше­ні» медици­налық орталығы» АҚ прези­денті Тал­ғат Тұңғыш­баев, Талғар ауда­нын­дағы «Нұр» балалар үйінің директо­ры Тұяқ Есқожина, «Қазақстан КВН одағы» рес­публикалық жастар қоғамдық бір­лестігінің президенті Есентүгел Елеу­кен, «Астана қалалық жастар сая­саты басқармасы» МБ жетек­­­­шісі Талғат Рахманберді қосылды. Кездесуде сөз алған Жандарбек Мәлібекұлы партия қатарына қосылу өзі үшін өте маңызды шешім болға­нына тоқталды. «Ел­таңбаның авторы ретінде Ел­басының сонау тәуел­­сіздікке қол жеткізіп, мемлекетті құрған сәтіндегі әрбір бастаған игі істеріне өз үлесімді қосып келдім деп ойлаймын. Алдағы уақытта Прези­дент­тің барлық бағыт-бағдарларын қолдау­шы ретінде оның елді дамыту ісіне әлі де болса өз көмегімді тигіз­гім келеді», – деді сөз орайында Ж.Мәлібеков. Ал Б.Байтуов: «Қазақ елі экономикасы, саясаты, мәдениеті жа­ғынан да дамудың жаңа бе­лестеріне жол тартты. Әрине, мемлекет дамуы­ның жаңа сатысына көтерілер тұс­та жастарға артылар жүк те ауыр болмақ. Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған биылғы Жолдауында мәселенің барлығын жан-жақты түсіндіре келіп, соңында: «Жастар мен мұның бәрін сендерге арнап айтып жатырмын», деген еді. Мен сол кезде Елбасымыз бұл сөзді маған да арнап айтқандай әсерде болдым», дей келе, ел үшін қызмет ету – жастың да, жасамыстың да парызы саналатынын, демек, жастар жағы сөзбен де, іспен де қызмет етуге тиіс екендігін атап өтті. «Жалпы, «Нұр Отан» партиясының мүшелігіне өтуімді ел үшін еңбек етудің бір жолы деп түсінемін. Партияның мүшесі болу көкейіңдегі пікірді жоғары жаққа жеткізудің таптырмас тетігі деп білемін», – деді өз ойын түйіндеген айтыскер ақын. Салтанатты рәсім аясында Айбек Нұғымаров та сөз алды. Ол өзінің партия қатарына қосылуын былайша түсіндірді: «Біз – спортшы болғандықтан, қашан да өз еліміздің патриотымыз. Ал патриот адам өз мемлекетінің мәртебесін асқақтатуда аянып қалмайды. Мені «Нұр Отан» партиясы қатарына, міне, осындай сезім жетелеп келді. Бойында намысы бар, жүрегі елім деп соққан азаматтардың бар­лығы бұл партияның мүшесі болуға лайықты деп санаймын. Сондық­тан, Қазақстанның туын желбіретіп жүрген спортшы ретінде партия қатарына өту жөнінде шешім қабыл­дадым, бүгін, міне, қолыма партия билетін алып отырмын», деді ол. Қазіргі таңда бұл партияның құрамында 875 мыңға тарта азамат бар. Олардың қатары күн санап толыға түсуде. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».