Ұлттық музейде мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойына орай «Т.Жүргенов және қазақ руханияты» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, журналист Майя Бекбаеваның «Т.Жүргеновтің өмірі мен қызметі» деректі фильмінің тұсауы кесілді.
Салтанатты жиынды Ұлттық музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ақмарал Ибраева кіріспе сөзбен ашып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Іс-шара барысында ғалым Бауыржан Иманғалиев «Нарком Т.Жүргеновтің әдеби-публицистикалық мұрасы» атты баяндамасында: «Темірбек Жүргенов – ойы ұшқыр, қаламы қарымды публицист. Оның жазушылық қызметін қайраткерлік қызметінен, қалам сапасын қайраткерлік сапасынан бөліп алып қарауға келмейді» деп қайраткердің қоғамдық-әлеуметтік қызметі біршама зерттелсе де, оның қаламгерлік қарымы назардан тыс қалып қоймауын баса айтты.
Ал С.Сейфуллин музейінің директоры, профессор Марат Әбсәмет пен ардагер-ұстаз Сәбит Иманғалиев Т.Жүргеновтің жары, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері Дәмеш Ермекованың өнегелі өмірімен таныстырып, естеліктерімен бөлісті.
Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Сәби Аңсат аштықтан тұралаған халықтың рухын оятуда тұлғаның еңбегі зор екендігін айтты. «1936 жылы Мәскеуде өткен мәдениет декадасында қазақ ұлтының рухы биік, өнері мен әдебиетінің ешбір елден кем еместігін дәлелдей білуі Жүргеновтің қайсар қайраткерлігі мен орасан зор іскерлігі, айрықша ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында мүмкін болғанын ұмытпауымыз керек», деді ол.
Аталған конференция журналист Майя Бекбаеваның бастамасымен түсірілген «Т.Жүргеновтің өмірі мен қызметі» туралы деректі фильмнің көрсетілімімен жалғасты.
Күйші Жанғали Жүзбай қайраткердің қазақ музыкасына сіңірген еңбегіне тоқталып, елімізде алғашқы музыка театрын ұйымдастыруға қосқан үлкен үлесін атап өтті.
Іс-шара соңында жүргеновтанушы ғалымдар мен белгілі қоғам қайраткерлері пікір алмасып, конференцияны қорытындылады.