• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Шахмат 11 Сәуір, 2023

Янның айқын жеңісі

289 рет
көрсетілді

Классикалық шахматтан Астанада өтіп жатқан әлем чемпионатының екінші партиясы Ян Непомнящийдің жеңісімен аяқталды. Ресейлік гроссмейстер бұл жолы қара фигурамен ойнаса да, бәсекені ақ фигурамен бастаған қытайлық Дин Лижэньді небәрі 29 жүрісте сүріндірді.

Әлем чемпионы атағынан үміткер екі шахматшы да бәсекенің алғашқы партиясын аса сақтықпен бастап, қателік жасамауға тырысқан еді. Сондықтан болар, бірінші партия бес сағаттан аса уақытқа жалғасты. Ал екінші партияның алғашқы минуттарында үміткерлер өте белсенді болды. Айналдырған 1-2 минуттың ішінде екеуі де үш жүрістен жасап үлгерді. Төртінші жүріске келгенде қытайлық гроссмейстер Дин Лижэнь барша шахмат сарапшылары мен жанкүйерлерін таң­ғалдырып, ешкім күтпеген h3 жүрісін жасады. Сөйтті де орнынан тұрып, өз бөлмесіне кетіп қалды. Ал мұндайды күтпеген Ян Непомнящий де өз эмоциясын жасыра алмай, бір жымиып алды.

Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында журналистер Ян Непомнящийден қарсыласының күтпеген жүрісі туралы пікірін сұрағанда ол: «Әрине, бұл жүрісті Лижэньге оның секунданты Ричард Раппорттың ұсынғанын бірден түсіндім. Бұл жүрістің қаншалықты ұтымды яки сәтсіз болғанын айта алмаймын. Бірақ Диннің өзіндік идеясы болды және ол іске асқан сияқты», деді ресейлік шахматшы.

Дин Лижэнь бұл қадамға не үшін барғанын былай түсіндірді: «Жалпы, бұл жүріс шахматта өте сирек кездеседі. Мұны маған секунданттарым ұсынған еді. Меніңше, жақсы жүріс болған сияқты. Себебі h3 жүрісінен кейін менде алға қадам жасауға көп мүмкіндік болатынын түсіндім. Бірақ бүгін бұл жүріс маған көмектеспеді», деді Д.Лижэнь.

Сонымен қатар қытайлық гроссмейстер бұлай жеңілу өте ұят жағдай екенін де жасырып қалған жоқ. «Мен партияның бастапқы кезеңінде не болып жатқанын аса қатты түсіне қойған жоқпын. Тек қарсыласым F5 жүрісін жасағаннан кейін әрі қарай ойнау маған ауыр болды. Ал ат С6 жүрісінен соң мен бұл партияда жеңілгенімді түсіндім. Екінші партияның тағдырын осы жүріс шешіп кеткен сияқты», деп сөзін аяқтады Дин Лижэнь.

Ал Ян Непомнящий 18-ші (f5) жүрісінен кейін өз жеңісіне сенімді болғанын айтты. Осылайша, үш жарым сағатқа жалғасқан матчта Непомнящий жеңіске жетіп, жалпы есепте алға шықты – 1,5 – 0,5.

Кеше үміткерлер ереже бойынша алғашқы екі партиядан кейінгі алғашқы демалыс күнін өткізді. Непомнящий бұл күнді көбірек ұйқыға арнайтынын айтса, Дин демалыста да дайындығын жалғастыратынын жеткізді. Ал бүгін шахматшылар үшінші партияда шеберлік байқасады.