Мәдениет және спорт министрлігі жуырда елімізде балалар ең көп айналысатын спорт түрлерінің рейтингін жариялады. Тізімнің алғашқы сатысына футбол жайғасқан болса, кейінгі орындарда волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика және үстел теннисі үйірмелері тұр.
Мәселен, елімізде 1 млн 63 мыңға жуық адам футбол үйірмесіне барады екен. Олардың қатарында аталған спортпен кәсіби түрде айналысатын қыз-жігіттер де бар. Болашақ футбол жұлдыздарын жаттықтырып, тәрбиелеп шығару үшін бүгінде Қазақстан бойынша 17 мыңға жуық үйірме жұмыс істейді.
Кейінгі жылдары Қазақстанда командалық спорт түрлеріне деген қызығушылықтың артқаны байқалады. Бұған елімізде 766 мыңнан аса адам волейболмен, 562 мыңға жуығы баскетболмен айналысатыны дәлел бола алады. Жалпы, волейбол спортынан жасөспірімдер мен ересектерге арналған 16 мыңға жуық үйірме, баскетболдың қыр-сырын үйрететін 11 738 үйірме бар.
Сонымен қатар соңғы уақытта жастар арасында жеңіл атлетика мен үстел теннисі ойындары да кең танымалдыққа ие бола бастаған. Атап айтқанда, «Спорт падишасы» атанған жеңіл атлетикамен 384 мыңға жуық отандасымыз шұғылданады. Еліміз бойынша бұл спорт түрінен 7 380 үйірме жұмыс істеп тұр.
Ал жас ерекшелігі мен физикалық дайындығына қарамастан жалпыға бірдей қолжетімді спорт түрі саналатын үстел теннисімен елімізде 242 мыңнан аса адам айналысады екен. Министрліктің дерегі бойынша, елімізде 8 мыңға жуық үстел теннисі үйірмесі бар. Өкінішке қарай, еліміздің спорт жанкүйерлері үшін нөмірі бірінші спорт түріне айналған бокс үйірмелеріне небәрі 126 мыңға жуық адам қатысса, дзюдомен 133 мың спортшы айналысады. Ал 116 мың адам еркін күреспен шұғылданады.