Ғасырдан астам тарихы бар Қостанай жылқы зауыты жабылып қалуы мүмкін деген әңгіме желдей ескелі бірнеше жылдың жүзі болды. Мәселенің анық-қанығын білмекке зауыт басшысы Айгүл Амандықоваға хабарласып, «Қазақ тұлпарының» қазіргі жай-күйін көзімізбен көріп, өзіңізбен сөйлескіміз келеді деп едік, ол кісі «Қазір сұхбат бермеймін, біз туралы ештеңе жазбаңыз!» деп ат-тонын ала қашты. Осылайша, ұялы телефонына жіберген 16 сауалымыз да жауапсыз қалды.
Зауыттың дүрілдеген дәуірі
Бір анығы, дәл қазіргі таңда «Қазақ тұлпары» серіктестігі қарызға белшеден батып отыр. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, серіктестіктің бүгінгі берешегі 240 млн теңгеден асып кеткен.
1999 жылы экономикалық құлдырауға түсіп, жабылып қала жаздаған ескі Қостанай жылқы зауыты 2000 жылдың 10 қаңтарында Үкімет қаулысымен «Қазақ тұлпары» мемлекеттік кәсіпорны болып қайта ашылып, алдына үлкен селекциялық мақсаттар қойылды. Ең бастысы – Қостанай жылқы тұқымын аламан бәйгелер мен ат спорты ойындарында бәсі басым ағылшын мен арабтың дайын аттарымен бәсекеге түсе алатындай етіп селекциялық жаңғырту және осы бағытты ұстана отырып жаңа «Қазақ тұлпары» тұқымын шығару еді.
Осы мақсатта атқарылған селекциялық жұмыстардың нәтижесінде 2005-2016 жылдар аралығында «Қазақ тұлпарының» сәйгүліктері шетелден әкелінген таза қанды жылқылармен бірге түскен бәйгелерде 359 жүлделі орынға ие болды. Қостанай жылқылары осы жылдары өткен әртүрлі бәйгелерде 147 рет бірінші, 125 рет екінші, 87 мәрте үшінші орын алып, ұзын-саны 16 автокөлік ұтып алған.
2013, 2015 жылдары жаңа селекциялық жетістік ретінде мойындалған Неон және Форт айғырларынан тарайтын құлындарды көбейту мақсатында Әділет министрлігінен арнайы патент алынды. «Қазақ тұлпары» ДНК зертханасы Қазақстанда ең алғашқы болып ИСАГ, яғни халықаралық жануарлардың генетикалық орталығының ресми мүшесі болып тіркелді.
«Қазақ тұлпары» елімізде бірінші болып асыл тұқымды айғырлардың шәуітін мұздатып сақтау және биелерді қолдан ұрықтандыру зертханасын іске қосты. Қостанайдан басқа өңірлерде мұндай зертхана жоқ. Мұнда 2430 пайет айғыр шәуіті мұздатылып сақтауға қойылған. Сондай-ақ қолдан ұрықтандырылған 47 құлын өсіп шықты.
Қостанай қазанаттары әр жылдары ат спорты түрлерінен өткен республикалық жарыстарда алдына қара салдырмай келді. Бұған дәлел ретінде 2009 жылы 25 шақырымда озып келген Гипотезаны, осы жылы 15 шақырымда қара үзіп келген Жазираны, 2013 жылы 120 шақырымды алқынбай еңсеріп, жеңіс тұғырынан көрінген жорға Таралғыны, 2015 жылғы көкпарда «Алтын тұғыр» иегері болған Нұртобаны айтсақ та жеткілікті. Қостанай жүйріктері 5 мәрте республика чемпионы атанды. Ал Баталы, Тобылғы, Сыйлас, Алаш, Тойбастар, Бота, Ғанибет, Демократия, Сардар, Талисман, Тарлан сынды тұлпарларды жұрт әлі күнге дейін аңыз ғып айтып отырады.
Конкурдан 10 жыл бойы ел құрамасында болған Партизан мен шөгеннен (поло) республика құрама командасында ойнаған Қостанайдың 25 қазанаты туралы әңгіме бөлек.
Жылқы зауытын сол кезде басқарып тұрған ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Мұғалжар жылқысының авторы Нәбидолла Кикебаевқа хабарласып, зауыттың қазіргі жағдайы туралы не дейсіз деп сұрадық.
– Кезінде тәжірибелі ғалымдарды айтпағанның өзінде, «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының жас мамандардың ішінен 1 ғылым докторы, 6 ғылым кандидаты шықты. Мықты-мықты мамандар бар еді. Қазір олардың көбінің қайда жүргенін білмеймін. Бүгінде генетик ретінде мықты ғалым шәкіртім Индира Бейішова ғылым докторы. Қазір Оралдағы үлкен генетикалық зертхананы басқарып отыр. «Қазақ тұлпарында» екі зертхана жұмыс істеп тұрған. Генетикалық зертхана Қазақстанда ең бірінші халықаралық деңгейіндегі зертхана болатын. Екіншісі – айғырдың ұрығын сақтап тұрған биотехнология зертханасы. Ондай зертхана Қазақстана әлі жоқ. Кезінде ол жерде арнайы қор жасадық. 2500-ден астам пайет асыл тұқымды айғырдың ұрығын сақтап қойғанбыз. Сол қордың өзін жоқ қып жіберген сияқты ғой. Генетикалық лабораториясы істемей қалыпты қазір. Мен Қостанай ғылыми зерттеу институтына бас директор жұмысына ауыстырылғанда соның бәрі жұмыс істеп тұрған, – деді ғалым.
Жол картасы әзірленді
2014 жылы мемлекет тарапынан қаржыландыру тоқтап қалған соң, шаруасын құлдыратып алған жылқы зауыты 2020 жылы екі жыл мерзімге «Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибе стансасының қарамағына өткен. Ақпан айында облыс әкімінің қатысуымен өткен жиында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тимур Бейсенбаев екі кәсіпорынның арасындағы сенімгерлік басқару мерзімнің аяқталғанын, соған байланысты келісімшарт ұзартылмай қалғанын мәлімдеді. Басқарма басшысы сөзін «Ендігі міндет – Қостанай жылқысын қайткенде сақтап қалуымыз керек. Ол үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінен кәсіпорынды сауықтыруға қаржы бөлуді сұрап, зауытта сауатты менеджмент қалыптастыруымыз қажет» деп түйіндеген. Жиында кәсіпорынды субсидиялау қажет, сонда ғана тығырықтан шығуға болады деген ұсыныстар да айтылды.
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов та «Қазақ тұлпарының» аса қиын жағдайда отырғанын тілге тиек ете келіп: «Бұған жол берсек, еліміздегі бірегей жылқы зауытын жоғалтып алуымыз әбден мүмкін. Сондықтан бұл мәселені бақылауға аламыз. Қостанай тұқымын одан әрі дамыту үшін, асылдандыру жұмыстарын облыстық бюджеттен дербес қаржыландыруға дайынбыз» дегені бар.
Содан бері екі ай өтті, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, «Қазақ тұлпары» мен «Қарабалық АШТС» арасындағы келісімшарт 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылыпты.
Ақпан айында Тимур Бейсенбаев зауытта небәрі 48-ақ бас асыл тұқымды жылқы қалды деп еді, ауыл шаруашылығы басқармасының соңғы мәліметіне сенсек, екі айдың ішінде оған 4 бас қосылып, кәсіпорындағы асыл тұқымның саны 52-ге жеткен. Оның ішінде 2 айғыр, 29 бие, 19 байтал, 13 құлын бар.
«Қазақ тұлпары» серіктестігі 4 мың 478 гектар алқапты пайдаланып отыр: 3 648 гектар егін алқабы, 830 гектар жайылымы бар. Былтыр 11 34 гектар жерге бидай еккен серіктестік бір гектардан 22 центнер өнім алып, 2 мың 493 тонна бидай бастырып алған. Оған 111 гектар көпжылдық шабындықты қосыңыз. Зауыттың 3 автогаражы, техника қоятын 2 алаңы, 1 қамбасы, күрделі жөндеуді қажет ететін 2 қоймасы бар. Серіктестіктің 2 жеңіл, 1 жүк көлігі, 5 тракторы, жұмыс істемей тұрған 2 комбайны, 3 тіркемесі тағы бар.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2021 жылы облыс бюджетінен 60 млн 801 мың теңге қаржы бөлініп, «Қазақ тұлпарына» қарасты «Арғымақ» ипподромына жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Басқарманың мәліметінше, былтыр Қостанай қазанаттарының қатысуымен өткен бәйгелердің жалпы сыйлық қоры 43,2 млн теңгені құраған. Биыл ат спортын дамыту және Қостанай асыл тұқымды жылқыларын дамыту мақсатында өтетін ат жарыстарына республика бюджетінен 100,8 млн теңге бөлініп отыр.
Алайда Нәбидолла Кикебаев ағамыздың пікірінше, қыруар қаржы шығындап, бәйге өткізе бергеннен асыл тұқымды Қостанай жылқысы көбейіп кетпейді.
– Қазір енді жыл сайын 80 млн ақшаға ат шаптырамыз дейді. Қостанай жылқысы шабатын бәйгелерді жиі ұйымдастырсақ, содан тұқым көбейіп кетеді дейді. Оның бәрі утопия, дұрыс емес нәрсе.
Бәсекелестігі жоқ қостанай тұқымы жеке шапқан бәйгелердің республика көлеміндегі басқа ағылшын-араб тұқымы қатысқан жарыстарда деңгейі төмен болады, болашағы болмайды. Одан гөрі, сол ақшаға бие сатып алу керек. Облыс әкімі бәрін өз қолыма аламын, сақтап қаламын деп талап қылып жатыр деп естідім. Бұлай болса, ат спортына жіберіп жатқан қаржыны алу керек. Кезінде 150 бас асыл тұқымды актімен тапсырып кеткенбіз. 3-4 жылдың ішінде 50-ге жетпейтін жылқы қалған. Енді жоқтың орнын толтыру үшін не істемек керек? Кезінде болған жылқылардың қайда сатылып кеткені белгілі ғой. Біздің кезімізде де сатылған. Сатылып тұрады. Сатылған малдың қай жерге сатылғаны туралы мәліметтің бәрі есеп бөлімінде жазулы тұр. Қазір сол құжаттарды көтеріп, жұрттың қолында жүрген Қостанай биелерін қайта әкеліп, қайта көтеруге болады. Оның 2014-2015 жылдары туған төл қазір 8-9 жастағы әдемі бие болды. Олардың бәрінің құжаты бар. Қазір 40 бие әкеп қойса, соның өзі жетеді. Содан-ақ көбейіп кетеді өзі. Ол жерде ешқашан 100 биеден артық болмаған. Тайларын қосқанда 286 бас. Ол жердегі орын 286-ақ басқа арналған. Кезінде 400 жылқы болған дегені бос сөз. Біз ұстап жүрген кезде әрі кеткенде 100 шақты бие болған. Қазір енді зауыттың өзінен шыққан 40 биені қайтып сатып алса, зауыттың өз биелері бар, көбейіп кетеді. Одан басқа жол жоқ, дейді Мұғалжар жылқысының «атасы».
Ғалым таяуда 2024-2026 жылдарды қамтитын «Жылқы өсіруді дамыту» деген үлкен бір ғылыми республикалық бағдарлама жасауға қатысыпты. Оған Ауыл шаруашылығы министрлігі 3 жылға деп 900 млн теңге шамасында қаржы қарастырады.
– 1 жылға 300 млн теңгеден келеді. Бірақ бұл Қазақстан бойынша – адай, көшім, қостанай, жабы деген сияқты асыл тұқымның бәріне бөлінген қаржы. Соның ішінде Қостанай зауытын қайта жаңғыртуға жылына 100 млн теңгедей бөлінетіндей етіп жобаладық. Бірақ бұл – 2024 жылдан бастап іске қосылатын жоба. Оны ұтып алу үшін қазірден бастап дайындалу керек. Бұған жан-жақтан кәдімгідей қолынан іс келетін мықты ғалымдарды тарту керек. Әйтпесе, ортанқол мамандар ақшаны ұтып алады да, шала-шарпы жұмыс істеген болады да, мерзімі аяқталған соң, тайып отырады. Сондықтан облыс басшылығы ендігі 2024-2026 жылғы бағдарламаға қатысуға дайындығын жасау керек. Зауытты тәжірибелі ғалымдармен күшейтіп, жаңағы екі зертхананың жұмысын қайта жандандыру керек. Ең үлкені – ниет болу керек, – дейді Нәбидолла Кикебаев.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда Қостанай тұқымды жылқылардан және олардың будандарынан 215 сынама алынған. «Қазақ Тұлпары» серіктестігінде және жеке азаматтардың қолында бүгінде 203 Қостанай тұқымды жылқы бар екені анықталып, тіркеуге қойылып, паспорттау рәсімінен өткен. Сондай-ақ Қостанай Ақмола, Ақтөбе және Қарағанды облыстарынан 10 асыл тұқымды бие сатып алынып, 2023 жылы Қостанай жылқы тұқымын сақтау және дамыту жөніндегі Жол картасы әзірленген.
2021 жылы шілдеде Премьер-министрдің бұрынғы орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен ұлттық брендтерді дамыту жөніндегі кеңесте де қазақы қазанат – Қостанай жылқысын қалпына келтіру және сақтау бойынша Жол картасы әзірленгені айтылған. Өкінішке қарай, осы Жол карталарының жұмыс істеуі қиын болып тұр.
Қостанай облысы