• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
05 Шілде, 2014

Ерлікке тең еңбек

623 рет
көрсетілді

Жақында бір жақсы кітап жарық көріп, қолымызға тиді. Кітап авторы, атақты географ-ғалым, академик Әлия Бейсенова бұл қуанышын жалпақ жұртымен бөлісу үшін сүйінші дананы ала сала дереу «Егеменнің» Алматыдағы бөлімшесіне құстай ұшып жеткен екен. Көңілдің бұлайша толқуының да өзіндік мәнісі бар. Әлия Сәрсенқызы өткен жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне өзі бас болып атқарып шыққан ұжымдық ұстынды еңбек – Қазақстан Республикасының Ұлттық атласын кәделеп сыйға тартқан болатын. Ал енді аса қадірменді Нұрсұлтан Әбішұлының биылғы туған күніне академик апамыздың әзірлеген ерекше сыйы «Қазақстан географиясы» деп аталатын көркем безендірілген мына көрнекті кітап екен. Иә, өз елінің табиғаты мен экономикасы туралы жан-жақты білім егемен Қазақстанның әрбір азаматына қажет. Ұлттық атластың жасалуы отандық география ғылымының елеулі жетістігі ретінде бағаланған-ды. Сондықтан, тәуелсіздік жылдарында тұңғыш рет географ-ғалымдардың Мемлекеттік сыйлық иеленуі әбден заңды еді. Ал сол лауреаттардың алдыңғы қатарында география ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы География және экология жөніндегі ғылыми-әдістемелік орталықтың жетекшісі, сексеннің сеңгірінен асқан академик Әлия Бейсенованың тұруы да бір тағдыр сыйындай ғажаптың ғанибеті десек, артық айтқандық болмас. Елбасына осындай орайлы да шырайлы сый арнау құрметі де кез келгеннің пешенесіне жазыла бермес. Әлия Сәрсенқызы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі бүкіл саналы өмір бойғы ұлағатты ұстаздық, ғылыми һәм қайраткерлік еңбегімен осы үдеден табылған, соған лайықты болған сирек абзалдардың бірі. Көзге көрікті, көңілге толымды аталмыш кітабын шығарған да осы қара шаңырақ білім ордасының «Ұлағат» баспасы екен. Енді кітаптың жайына келер болсақ, беделді ғылыми жұртшылық бұл еңбектің жаратылыстану және әлеуметтану ғылымдарындағы инновациялық жаңа бетбұрыс екендігін атап көрсетуде. Олай деудің, осындай зор бағаның сәл-пәл себебіне үңілейік. Қазіргі әлем қарбалас қозғалыста. Әлем келбеті, тұтас өңірлер кейде тым едел-жедел, алмағайып өзгерістерге ұшырауда. Осыған байланысты дүниедегі ең ежелгі ғылымдардың бірі – география серпінді сипат ала бастады. Географияның бірегей ерекшелігі сонда, оның зерттеу нысаны түгелдей тұтас Жер болып табылады. Сөйтіп, география табиғатты, қоғам мен шаруашылықты біріктіріп отырған аса ауқымды дүниетанымдық ғылым болып қала бермек. Олай болса, «Қазақстан географиясы» монографиясының негізгі арқауы, түпқазық идея­сы біртұтас география тұжы­рымда­масынан шығып жатыр. Ака­демик Ә.Бейсенованың жаңа туын­дысының мәнділігі, құндылығы сонда, онда Қазақстанның таби­ғаты мен экономикасы бірыңғай бір­лікте қарастырылған, олардың қозғалыстағы күрделі кеңістігі, құрылымдық негізгі даму заңды­лықтары көрсетілген. Адамзат қоғамының барлық өмірлік маңыз­ды салаларында қазір, былайша айтқанда, географиялық ойлауды іске қосудың қажеттігі айқын десек, автор экономиканы басқарудың географиялық тетіктерін жұмысқа жұмылдыруға шақырып тұрғандай. Мұның өзі Қазақстан экономикасын өркендету орайындағы Елбасы саясатына ұтымды үн қосу деп білсек керек. Осы арада АҚШ-тың белгілі қоғам қайраткері Альберт Гор әлем­дік экономикалық дағдарыстың бір себебі географиялық білімнің кем­шіндігі деп мәлімдегенін де қаперде ұстағанымыз құба-құп болар. Иә, іргелі ғылыми негіз болмайынша жоғары оқу орындары үшін жақсы оқулықтар дайындау мүмкін емес. Монографияда әуелі Қазақстанның жалпы географиясына, табиғатына, шаруашылық салаларына, экономиканың дамуы­на әсер ететін негізгі факторларға тыңғылықты шолу жасалып, содан кейін ел өңірлерінің сипаттамасымен түйінделеді. ҚазҰПУ профессоры, география ғылымдарының докторы К.Қаймолдинованың пайымдауынша, аталмыш еңбектің құрылымы мен мазмұны Қазақстан географиясының іргелі салалық оқулықтарын жасауға теориялық негіз болмақ. Академик А.Қошанов бұл кітап туралы хаттамаға түскен пікірінде былай дейді: «Еңбектен экономикаға қажет керемет леп сезіледі. Осы ауқымды кітапта жазылған Қазақстанның экономикалық бағытының өзі – шикізаттық экономика. «Шикізат» деген сөз географиядан шығады. Бұл еңбекті бүгінгі Қазақстанның экономикасын көрсететін кітап дер едім. Кітаптың талқылау көзінде тұрған ядросы – «табиғат – адам – қоғам». Демек, экономиканың қақ ортасындағы ең негізгі, ең маңызды нәрсе адам капиталы екендігі мықтап ескерілген. Ал «қоғам» деген сөз – әлеуметтік мәселе. Бұдан кейін 14 облыс пен қалаларды бөліп қарастыруынан «аймақтық экономика» келіп шығады. Бұл да мемлекетіміздің саясатын паш етеді. Сондықтан, бұл кітапты өте ауқымды, керек дүние деп есептеймін». Профессор А.Шәменов кітапты «Қазақстанның экономикалық географиясы» деп атасақ дәлірек болар еді, дейді. Ендеше, еліміздің жер бедерін, табиғат байлығын, шаруашылық салаларын, аймақтардың дамуын, осы орайдағы мемлекеттік бағдарламалар мен стратегияларды біртұтас бірлікте жинақтап, зерттеген бұл еңбектің маңызы зор екендігі де еш күмәнсіз. Шын мәнінде де монография­да Қазақстан туралы физикалық-географиялық және экономикалық-географиялық мағлұмат-деректер барынша молынан қамтыла, үйлесімді ұштастырылған. Мұның өзі география бойынша ғылыми еңбектер әзірлеу ісіндегі бір игі жаңалықтың нышанындай қабылданып та жатыр. Кітаппен танысып шыққан маман емес адамның өзі де монографияның негізгі құрамдас бөліктерінің желі­сін үзбеген логикалық байланысын, негізгі мазмұнның айқын сабақ­тастығын, баяндаудың тартым­ды­лығын аңғарар еді. Экономика ғылымдарының докторы Е.Түркебаев, Е.Үпішевтер де өз пікірлерінде монографияның көп­теген жақсы жақтарын атап көр­сетіпті. Айтса айтқандай. Кітап мұқабасында берілген сызба­нұсқаның нақ кіндігіндегі негізгі түйін «табиғат – адам – қоғам» екен. Осынау ұлы категориялардың өзара байланысын дұрыс шешу жолында көп-көп ғылым салалары қамтылған, олардың сабақтастығы, ықпалдастығы, телегей-теңіз бір арнада даму заңдылықтары ілкімді көрсетілген. Иә, бұл кім-кімге де өте пайдалы кітап. Жай оқырманға да. Студентке де. Маманға да. Со­ны­мен бірге, мүйіздері қарағайдай министрлер, компаниялар мен шаруа­шылық салаларының басшы­лары, әр деңгейдегі әкімдер де бұл кітаптан ел экономикасын өркен­детуге септігін тигізер өзіне керекті табар еді, алар еді деген ойдамыз. Туындыдағы негізгі тұғыр – табиғат қорларын тиімді пайдалану негізінде соған қатысты ғылымдардың өзара ықпалдастығы, сабақтастығы арқылы қазіргі экономиканың дамуын нақтылап көрсету. Демек, мұнда табиғат байлықтарын тиімді пайдалану жолдары ел экономикасын дамы­тудың алғышарты ретінде ұсыны­лады. Яғни, бұл жай ғана «ғы­лым үшін жасалған ғылым» емес, ел кәдесіне арналған атау­лы, асқаралы еңбек. Ендеше, сексеннің сеңгірінен асқанда мұндай мұғдарлы монографияға кірісіп, осыншама тер төгіп, қажыр-қайрат жұмсаған бұл еңбекті академик Әлия Бейсенованың ерлігі десек те, елжандылығы десек те, қашанда халқының алдындағы жүзі жарқын аймаңдай апамызға осының екеуі де хош жарасар. Түйіндей айтсақ, отандық географияның жаңа биігін, жаңа сатысын танытар тағылымды еңбектің дүниеге келіп, жарыққа шығуын тағы бір жақсылық нышанына балайық. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.