• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
05 Шілде, 2014

Лидер

329 рет
көрсетілді

Шетел президенттері, Үкімет басшылары, көрнекті саяси және дін қайраткерлері Елбасы Н.Ә.Назарбаев туралы Владимир ПУТИН, Ресей Федерациясының Президенті: – Біз Ресей – Қазақстан қатынастарын дамытуға Сіздің қаншалықты зор жеке ықыласыңызды бөлетініңізді көріп отырмыз. Осы тікелей атсалысудың арқасында біздің қарым-қатынастарымыз өте тиімді түрде әрі жедел қарқынмен дамып келеді. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымының көлемі өсе түсуде. Сіз интеграциялық үдерістерде, әсіресе, оның ең мәнді нысандары мен түрлері бойынша сөзсіз көшбасшысыз. Қазақстанның қол жеткізген табыстары Сіздің атыңызбен тікелей байланысты. Сіздің еңбегіңізді өз отандастарыңыз ғана емес, миллиондаған ресейліктер де шынайы құрмет тұтады. Сіз еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістердің нағыз архитекторы болып есептелесіз. Си ЦЗИНЬПИН, ҚХР Төрағасы: – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бастамашысы – Нұрсұлтан Назарбаев. Біз оның үлкен саяси көрегендігі мен аймақтық қауіпсіздік пен әлемдегі бейбітшілікті  қамтамасыз етуді өзінің парызы санайтын қасиетіне тәнтіміз. АӨСШК-ні құру туралы идеяны алғаш рет Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында жария еткен болатын. Бұл бастама бүгінде өз өміршеңдігін дәлелдеп, Азия елдері арасында беделі биік, абыройы асқақ, ауқымды ұйымға ұласты. Барак ОБАМА, АҚШ Президенті: – АҚШ пен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестік туралы үнқатысу қазіргі заманғы шақыруларды шешуге деген ортақ ұстанымдарымыздың куәсі болып табылады. Мен Қазақстанға Ауғанстандағы жағдайға байланысты нақты ұстанымы үшін ризашылық білдіремін. Сіздің ұлтаралық және діни төзімділікті ілгерілетудегі күш-жігеріңізді жоғары бағалаймын. Дэвид КЭМЕРОН, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Премьер-Министрі: – Мен ең алғаш Сіздің елге сапармен келгеніме қуаныштымын. Біздің екіжақты қатынастарымыз жаңа деңгейге көтерілетінін зор қуанышпен атап өткім келеді. Оған елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік туралы келісім айқын дәлел болады. Қазақстан бүгінде Сіздің басшылығыңызбен қарқынды дамып келеді. Қазақстанның ықпалы алдағы уақытта да арта беретініне сенімдіміз. Біздер Ауғанстан бойынша бірлескен жұмысты белсенді түр­де дамытудамыз. Қазақстан бұл мәселеде маңызды және оң рөл атқарады. Қазақ­стан­ның болашағы зор, ал Ұлыбритания осы болашақтың маңызды бөлігі бола алады. Рим Папасы Бенедикт XVI: – Жоғары мәртебелі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мырза! Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі Сізге және Қазақстан халқына бейбітшілік пен өркендеу игі тілектерімді жолдауыма қуанышты мүмкіндік туғызып отыр. Еліңіздің Тәуелсіздігінің мерекесіне орай, Жаратушы еліңіздің тұрғындарының неғұрлым үйлесімді әрі әділетті қоғам құруына қуат беріп, олардың отбасылық, әлеуметтік және ұлттық өмірлері нұрлы болып, мәдени және рухани құндылықтарды құрметтеуді нәсіп етсін деп тілеймін. Жоғары мәртебелі, Сізге және елдің барлық азаматтарына Жаратқаннан шапағат тілеймін. Марк Перрен де БРИШАМБО, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы: – Жаһандану жағдайындағы қазіргі әлем мәдениетаралық және дінаралық үнқатысудың қажеттілігін сезініп отыр. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезін өткізу Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін 2010 жылдың алдындағы өте жақсы дайындық кезеңі болып табылады. Ангела МЕРКЕЛЬ, ГФР Канцлері: – Жауапты міндеттерді әрі қарай атқаруыңызда Сізге зор табыстар мен сәттілік тілеймін. Экономикалық, қоғамдық және саяси реформаларды жүргізуде Қазақстан бұдан былай да Германия тарапындағы қолдауға сенім арта алатын болады. КИРИЛЛ, Мәскеу және Бүкіл Ресей патриархы: – Өскелең ұрпақпен діни-ағартушылық жұмыс жүргізу білімді және үйлесімді қоғам құруға айтарлықтай үлес қосып, ұлтаралық қатынастардағы шиеленіс деңгейін төмендетуге жағдай жасай алар еді, бұл болашақта қазіргі заман бетпе-бет келіп отырған көптеген проблемалардан құтылуға көмектесері анық. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа дінаралық үнқатысуды қолдағаны, әртүрлі дін ұстанушылардың жүрегіне жақын бейбітшілік пен өзара көмек идеяларының жолын ұстанғаны үшін шынайы ризалығымды білдіремін. Фахд Бен Әбдел Әзиз ӘЛ САУД, Сауд Арабиясының Королі: – Жоғары Мәртебелі Президент Нұрсұлтан Назарбаев мырза! Басы­ңыз­ға амандық тілеймін, Сізге Ал­ланың рахым шапағаты жау­сын! Мен Жаратушы Алладан Жо­ғары Мәртебелі Сізді және Аста­на­да өтіп жатқан Әлемдік және дәс­түр­лі діндер көшбасшылары съезіне қа­­ты­­су­шыларды табысқа және ізгілікке жеткізіп, жарылқай гөр деп тілеймін. Сізді және қазір барлық ұлттар мен халықтар соғыс пен қақтығыстан, өшпенділік пен кемсітушіліктен ада дүние орнатуды көксеп, адамзат проб­лемаларын бірлесіп шешуге және бейбітшілік пен қауіпсіздік орнатуға ұмтылған бүгінгі таңда осындай әлемдік съезд өткізу жөніндегі Сіздің жаһатшылығыңызға қуаттаушылығымды білдіру қуанышты жайт. Түрлі мәдениеттер өкілдері, дін мен қоғам қайраткерлері арасында өзара түсіністікке жетудің құралы ретінде Сіз таңдаған үнқатысу – бұл дүние жүзінде ынтымақтастыққа жетудің ең сара жолы. Коитиро МАЦУУРО, ЮНЕСКО-ның Бас директоры: – Қазақстан басшылығының жаңа бейбітшіл бастамалары ЮНЕСКО тарапынан жоғары бағаланып отыр. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың әлемнің жекелеген елдерінің ядролық әлеуетін еселеуі сияқты қауіпті үрдістердің пайда болуына байланысты алаңдаушылығына қосыла отырып, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Алматыдағы форумын жаңа дүниетаным қалыптастыруға қосылған елеулі үлес деп санаймын. Қазақстан Президентінің халықаралық беделі көп ретте Қазақстанды Азиядағы бейбітшілікті нығайту процесі лидерлерінің қатарына қосқан АӨСШК жаһатшылықтарының табысқа жетуіне жәрдемдесті. Қазақстанның өз жаһатшылығы бойынша ядролық қарудан бас тарту жөніндегі шешімінің маңызын айқын көрсетіп берді. Александр ЛУКАШЕНКО, Беларусь Республикасының Президенті: – Біз әр жолы Астанада болғанда, өзімізге әлдене алуға тырысамыз. Бұл қалада озық технология, қызғылықты архитектуралық ойлар бар. Қазақстанды біз Беларусь үшін ең тиімді және перспективалы серіктес ретінде танып келеміз. Сіздің елде біз үшін әртүрлі жобаларды жүзеге асыруға ешқандай проблема жоқ. Бұл ынтымақтастығымыздың деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Любовь СЛИСКА, РФ Мемлекеттік Думасының вице-спикері: – Маған жетілдіруге болатын, өзгеше жасауға болатын нәрсені Н.Назарбаевтың сынаудан тайынбайтыны қатты ұнайды. Қазақстан басшысының өзара қарым-қа­тынастарымызды жетілдіруге деген әке­лік қамқорлығы Ресейде ілтипатпен қабыл­да­нады, мұнда бәрі де Н.Назарбаевты іш тартып тұрады. Абдулла ГҮЛ, Түрік Республикасының Президенті: – Әр сапарымда өркендей түскеніне куә болып жүрген Астана қаласы – Қазақстанның динамизмі мен Президент Назарбаев мырзаның көрегенділігін бейнелейтін ең үлкен туынды. Астананың құрылыс жұмыстарына түрік компаниялары мен жұмысшыларының да үлес қосуын түрік-қазақ ынтымақтастығының ең әсем нышандарының бірі ретінде бағалаймыз. Эмомали РАХМОН, Тәжікстан Президенті: – Ашық-жарқындығы, шыншыл­ды­ғы, тартым­дылығы, адамға сүйіс­пе­ншілігі – мұның бәрі де Нұрсұлтан Әбішұлының табиғатына тән қасиет­тер. Қазақ жұртының, елінің көп ұлтты халқының алдын­дағы, тарихтың алдындағы жоғары жауапкершілік сезімі оның бойынан әманда ажыраған емес. Ол ұлы ұйымдастырушы ретінде Қазақстанды Кеңестен кейінгі кеңістіктің дамыған мемлекеттерінің біріне айналдырды. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саладағы табыстары тағылым аларлық. Нағыз басшы ғана осындай нәтижелерге жете алады, бұл жағынан алғанда, Нұрсұлтан Әбішұлы – өз халқының даусыз басшысы. Пан Ги МУН, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы: – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезіне қатысушылардың барлығына сәлем жолдау мен үшін зор абырой. Мен Президент Н.Назарбаевқа және Қазақстан Республикасының Үкіметіне осындай аса қажетті үнқатысуға бүкіл әлемнен діни лидерлерді жинағаны үшін алғыс айтамын. Толеранттылық, құрмет, бүкіл адамзаттың өзара түсіністігі мен тең құқылы болуы сияқты жалпыадамзаттық құндылықтар барлық діннің өзегі болып табылады, сондай-ақ, ол Адам құқықтарының бүкіләлемдік декларациясында бекітілген. Қандай болмасын дін жолын ұстанатын адамдарды бейбітшілікке және лайықты өмірге ұмтылыс біріктіреді. Үлкен бір отбасының мүшелері сияқты біз ортақ проблемалармен және қауіп-қатерлермен бетпе-бет келеміз, барлық дінге сенушілер ортақ іске өз үлесін қосқан жағдайда ғана оларды еңсеру мүмкін болмақ. Пак Кын ХЕ, Корея Республикасының Президенті: – Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы әлеуетті әрі бизнес ахуалға ең қолайлы ел ретінде әлемді мойындатып отыр. Бұл орайда, «Қазақстан-2050» Стратегиясы елді одан әрі дамытудың өте дұрыс таңдалған жолы болып табылады. Біз Сіздің елмен ынтымақтасуға ниеттіміз және осы бағыттағы серіктестіктің тиімді  болатынына сенімдіміз. Өткен ғасырда қазақтар қиын-қыстау кезеңді бастарынан өткеріп жатқанына қарамастан, Орталық Азияға күштеп қоныстандырылған корейлерге үлкен көмек, барынша қолдау көрсетті. Ал қазір корейлер Қазақстан қоғамының бөлінбес бөлшегіне айналып отыр. Бұл жерде қазақстандықтардың сол ашық-жарқын мінезі корейлердің экономикалық дамуындағы тәжірибесімен ұштасса, біз елдеріміздің болашақтағы өсіп-өркендеуін жақындата алар едік. Ислам КАРИМОВ, Өзбекстан Республикасының Президенті: – Өзбекстанда Сізді Қазақстан тарихының бетбұрыс сәтінде сая­си, экономикалық жә­не әлеуметтік рефор­малардың барысында бас­шылық еткен аса көрнекті мемлекет қайраткері деп біледі. Өзбекстанда Сізді біздің халқымыздың нағыз досы деп біледі, әрі өзіңіздің өзбек-қазақ қатынастарының серпінді дамуына қосқан үлесіңіз баға жеткісіз деп біледі. Біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыз арасындағы қарым-қатынастар әрдайым тарихымыздың, мәдениетіміздің, тіліміз бен дініміздің жақындығына негізделіп келеді. Біз ғасырлар бойы қатар өмір сүрдік, өмір сүріп келеміз және мәңгілік бірге өмір сүре беретінімізге сенімім кәміл. Шейх Абдалла Бен Әбдел Мухсин АТ-ТУРКИ, Бүкіл дүниежүзілік Ислам лигасының Бас хатшысы: – Қазақстан Республи­касының Президенті – Жоғары Мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаев! Съездің Жоғары Мәртебелі қадірменді қаты­су­шы­­лары мен меймандары! Бәріңізге тыныштық ті­леймін, баршаңа Алланың рахымы мен нұры жау­сын! Қазақстан Республикасының Президенті Жоғары Мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевқа мәдени және діни санаттың маңдайалды өкілдерін Әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндердің осы съезіне шақырғаны үшін алғысымды айтамын. Съездің қорытындылары мен нәтижелері белгілі бір өркениеттің құрамындағы белгілі бір дінді ұстанатын сан түрлі қауымдастықтар мен топтардың арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа көкжиектерін ашады деген үміттемін.