Қазіргі таңда елімізде жан басына шаққанда орташа есеппен жылына 14 кг балық пен теңіз өнімдерін тұтынатындығын, бұл әлемдік көрсеткішпен салыстырғанда өте аз дегенді айтады мамандар. Ал еліміз жыл сайын шамамен 60 млн доллар сомасына 36 жақын және алыс шетелдерге 30 мың тонна балық өнімдерін, оның ішінде балықтың жон еті, қақталған-ысталған өнімдер және мұздатылған балық етін экспорттап отыр.
Талдау жүргізген сарапшылардың айтуынша, елдегі балық нарығы бес жылда бір жарым есе өсіп, ішкі нарықта 83,8 мың тонна балық пен шаян тәрізді өнімдер сатылымға түскен. 2017 жылы бұл көрсеткіш 58,3 мың тоннаны ғана құраған екен. Нарықтағы өзгерістерге байланысты 2017-2019 жылдар аралығында тұтынушылар шамамен жыл сайын біркелкі түрде 50 мың тоннадан аса балық сатып алған. Пандемияның алғашқы жылында көрсеткіш екі еседен артық ұлғайып, 112 мың тоннаны құрапты. Одан кейінгі екі жылда бұл көрсеткіш төмендеп, 80 мың тонна болған. Осы жылдар ішінде нарықтағы тек халық санының өзгергендігінен ғана емес, сонымен бірге жан басына шаққандағы тұтыну көлемінің артуы есебінен де өскендігін білдіреді. Ұлттық статистика бюросының зерттеу нәтижесіне қарағанда, соңғы бір жылда жан басына шаққанда орта есеппен 14,1 кг астам балық пен теңіз өнімдері тұтынылған. Бұл бес жыл бұрынғы көрсеткіштен 31,9 пайызға артық. Ол кезде орташа тұтыну көрсеткіші жылына бір адамға 10,7 кг болған. Талдама жүргізген сарапшылар бесжылдықтағы жылдық тұтынудың максималды көлемі пандемия басталған жылдары жан басына шаққанда 15,1 кг көрсетсе, 2020 жылы ең жоғары көрсеткіштің өзі бір адамға 20,5 кг екенін анықтаған.
Былтыр БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FАО) дүниежүзілік балық шаруашылығы мен су шаруашылығының жай-күйі туралы есебін жариялады. Онда соңғы жылдары дүние жүзінде балық тұтыну ұлғайғандығы айтылады. Десек те, мұндай өсу қарқыны әр елде әртүрлі. Су нысандарының жақындығына, бағалар мен кірістердің айырмашылығына, әртүрлі тамақтану дәстүрлері мен тұтынушылар қалауына байланысты 2019 жылы FАО сарапшылары әлемнің 227 елінде балық тұтыну деңгейіне зерттеу жүргізіп, мемлекеттерді төрт үлкен топқа бөлген. Табысы жоғары аймақтарда тұрғындар жылына 26,5 кг балық тұтынса, табысы азырақ елдерде 5,4 кг балық тұтынатындығын анықтаған. Ұлттық статистикалық бюросының деректеріне қарағанда, елімізді үшінші топтағы табысы ортадан төмен елдер қатарына жатқызуға болады. Ал Ұлттық статистика бюросының көрсеткіштері FАО-ның еліміз туралы деректерінде басқаша көрсетілген. Ұйымның сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, біздегі тұрғындар жылына 5 кг аз балық тұтынады екен. Осындай көрсеткішке қарап, елімізді ең кедей елдер тобына жатқызуға болады.
Былтыр балық өндіру табиғи аулау және жасанды өсіру есебінен 2017 жылмен салыстырғанда 53,4 пайыз, 38,5 мың тоннадан 59 мың тоннаға дейін өскенін көрсетеді. Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2022 жылдың аяғында елімізде 380 балық шаруашылығы жұмыс істеп тұрғандығын, оның үштен бірі Арал-Сырдария бассейніне Түркістан және Қызылорда облыстарына тиесілі екендігін, импорттың соңғы бес жылда артып, тұрақты түрде жылына 2-3 мың тоннаны қосып отырғандығын мәлімдеген еді. Нәтижесінде, өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында шетелдік компаниялар елімізге 50,5 мың тоннадан астам балық пен теңіз өнімдерін жеткізген. Кедендік статистика мәліметінде, біздің басқа елдерден қандай теңіз өнімдерін сатып алатындығын, мәселен, өткен жылы импортталған теңіз өнімдерінің ең жоғары көлемі ақсерке мен дунай албыртына тиесілі екендігі хабарланады. Осындай мұздатылған ақсеркенің 8,4 мың тоннасы үшін отандық гурмандар 60,9 млн доллар төлеген. Дағдарысқа қарамастан, өткен жылы елімізге осы албырт импортының көлемі 13,5 пайыз, ақшалай түрде 38,1 пайызға өсті. Негізгі жеткізушілер Норвегия мен Чили елдері болды. Тұтынушылар арасында импорттық балықтардың танымалдығы бойынша екінші орынды майшабақ алған. Оның 6,5 мың тоннадан астамы бір жылда елге әкелінді (2021 жылмен салыстырғанда өсім – 45,5 пайыз). Үшінші орында – скумбрия. Бұл балықтың жеткізілімі 4,5 мың тоннаны құрап, бір жыл бұрынғыдан 24,6 пайыз аз болған.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратына қарағанда, еліміздегі балық экспортының негізін мұздатылған тұщы су балығының филесі құрайды. 2022 жылы 7,8 мың тоннаға жуық осындай тазартылған және ішектері тазартылған балық Германия, Литва, Нидерланд және басқа да Еуропа елдеріне жөнелтілген. Қалай айтсақ та Еуропадағы басты қазақстандық бренд көксерке филесі екен. Көксерке еті Еуропалық одақ елдерінде Қазақстан брендіне айналса, қақталған-сүрленген өнім Ресейге, Украинаға, Литваға, Қытайға және басқа елдерге экспортталып отыр.
Сонымен қазіргі таңда елімізде 380-ге жуық шаруашылық балық өсірумен айналысады. Бұған республикалық бюджеттен балық өсіру шаруашылықтарын, қайта өңдеу және жем өндіру қуаттарын салу кезінде бизнестің инвестициялық шығындарын өтеу үшін шамамен 750 млн теңге бөлінген. Өткен жылы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі балық шаруашылығын дамыту үшін инвестициялық салымдар кезінде мемлекеттік қолдау іс-шаралары кеңейтіліп, қайта өңдеу мен жем өндірісі, тоған шаруашылықтары бойынша паспорттар енгізілгендігін, ведомствоаралық комиссия отырысында «Акваөсіру туралы» заң жобасының тұжырымдамасы мақұлданып, заңды әзірлеу басталғандығын, жалпы өсіру қуаты – 850 тонна, 1,0 млрд теңгеден астам сомаға 4 инвестициялық жоба іске асырылғанын атап өткен еді. Негізінен отандық балық шаруашылығының мекені – Атырау облысы. Шығарылған өнімнің 44,7 пайызын беретін бұл өңірдің ауыл шаруашылығы саласында балық өсіру ерекше маңызға ие болса, Алматы мен Шығыс Қазақстан облысы да өз үлесін қосып отыр.
Соңғы жылдары Түркістан облысындағы Шардара мен Түлкібас аудандарында жаңа жобалар да іске қосылды. Қалай айтсақ та, дүниежүзі бойынша ауланған бекіре балығының 90 пайызы еліміздегі балық шаруашылығының үлесіне тиесілі екендігін атап өткен жөн.