Әлем бойынша 27 ел атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін қарастырып жатса, соның ішінде 17 ел бірінші АЭС-ті салу жөнінде шешім қабылдау сатысында тұр. Ал 10 мемлекет өз шешімдерін қабылдап, жақын арада бірінші атом электр стансасын салуға кіріспек. Осы ретте таяуда Үкімет өтініші бойынша Астана қаласында Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) сарапшылары бас қосып, еліміздің ядролық-энергетикалық инфрақұрылымды дамытудағы прогресін бағалады. Төрт күнге созылған басқосуда 2016 жылы өткізілген INIR миссиясының ұсыныстары мен ұсынымдарын орындаудағы еліміздің жеткен жетістіктері мен ақпараттық алмасудағы шешілмеген мәселелерді нақтылауға мүмкіндік берді.
Аталған агенттіктің сарапшылары «Негізгі кезеңдер» тәсілінің бірінші кезеңінде өлшемшарттарды пайдалана отырып, ядролық инфрақұрылымды дамыту жай-күйіне шолу жасап өтті. Атом электр стансасын қарастырудағы дайындығы мен құрылысына ұсынымдар жан-жақты қамтылып, бірінші кезеңде елдің ядролық энергетикалық бағдарламаға қатысты негізделген міндеттемелерді қабылдау дайындығы бағаланғаны бар. Үдеріске қол жеткізген INIR миссиясының командасы ядролық энергетикалық бағдарламаны үйлестіруде атом электр стансасын қаржыландыруды, апаттық жағдайға қарсы жоспарлау және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу бойынша ұсынымдарды еліміз толығымен орындағанын атап өтті.
АЭХА делегациясының сарапшысы және басшысы Мехмет Джейхан басқосудың соңғы күнінде Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовке follow-up-миссиясының нәтижелері жөнінде баяндаманың алдын ала жобасын табыс етті. Жиын барысында вице-министр атом энергетикасын бейбіт мақсатта пайдалануды қамтамасыз етуде АЭХА рөлін жоғары бағалап, INIR миссиясының Қазақстанға және атом энергетикасын дамытатын өзге де елдер үшін маңыздылығын атады.
«Қазақстан INIR миссиясының 2016 жылы жасаған ұсыныстар мен ұсынымдарды орындауда айтарлықтай прогреске қол жеткізді. Осы күш-жігердің барлығы Қазақстан Республикасының Үкіметіне ядролық энергетикалық бағдарламаны іске асыру туралы шешім қабылдауда одан әрі қолдау көрсетеді», деген болатын Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттігі Ядролық инфрақұрылымды дамыту секциясының ядролық инженері Мехмет Джейхан.
«Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды дамытудағы АЭХА рөлін жоғары бағалайды және біздің ядролық энергетикалық бағдарламамыздың қауіпсіздіктің ең жоғары стандарттары мен озық халықаралық тәжірибелерге сәйкес келуін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараны қабылдайды. INIR миссиясын қабылдай отырып, еліміз өзінің ядролық инфрақұрылымының дайындығына нысаналы кәсіби бағалауға мүдделі екенін көрсетті. INIR миссиясы біздегі атом энергетикасын дамытуға қажетті инфрақұрылымның қолжетімділігін жақсартуды және қамтамасыз етуді талап ететін салалар мен бағыттарды айқындау үшін құнды құрал болып табылады», деді Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов.
«Атом бейбітшілік пен даму үшін» ұранымен әрекет ететін БҰҰ жүйесінің халықаралық ұйымы ретінде кеңінен танымал Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің ядролық саладағы ынтымақтастықтың халықаралық орталығы ретінде әрекет етіп, өзінің 176 мүше мемлекетімен және бүкіл әлем бойынша серіктестерімен бірлесіп, ядролық технологияларды қауіпсіз, сенімді және бейбіт пайдалануға жәрдемдесу бойынша жұмыс жүргізуде. Көптеген ел атом энергетикасын өздерінің ұлттық энергетикалық балансына тұрақты электр көзі ретінде қосуды қарастырады. Қауіпсіз, сенімді және тұрақты ядролық энергетикалық бағдарлама үшін тиісті инфрақұрылым мұқият жоспарланып, дайындалуы керек және ұзақмерзімді міндеттемелерді талап етеді. Ядролық энергетикалық бағдарламаны іске қосуды жоспарлауда дайындықты және уақытты, қаржы институттары мен адам ресурстарын инвестициялауды қажет ететін үлкен шара. Бұған 10-15 жылдық дайындық жұмыстары және шамамен 100 жылдық міндеттеме кіреді. Атом энергетикасын табысты енгізу немесе кеңейту үшін инфрақұрылымды дамыту ұлттық институттарды құру, нормативтік-құқықтық базаны құру, кадрлық және қаржылық стратегияларды әзірлеу, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу мәселелерін шешу және мүдделі тараптарды тарту сияқты іс-шараларды талап етеді.
АЭХА-ның «Ядролық энергетиканың ұлттық инфрақұрылымын дамыту кезеңдері» басылымында жаңа ядролық-энергетикалық бағдарламаны әзірлеу кезінде шешілуі керек инфрақұрылымға байланысты 19 мәселе қарастырылып, онда мемлекеттік ұстаным, ядролық қауіпсіздік, басқару, қаржыландыру, құқықтық база, кепілдіктер, реттеуші база, радиациялық қорғаныс, электр желісі, адам ресурстарын дамыту, мүдделі тараптарды тарту, алаң және қосалқы нысандар, қоршаған ортаны қорғау, төтенше жағдайларды жоспарлау, ядролық отын циклі, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу, өнеркәсіптің қатысуы және сатып алу енгізілген.
«Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) Ядролық инфрақұрылымды кешенді шолу тобы (INIR) Қазақстанда наурыз айының 28-і мен 31-і аралығында өткен төрт күндік миссиясын аяқтады. 2016 жылы жүргізілген INIR миссиясының ұсынымдары мен ұсыныстарын орындаудағы елдің ілгерілеуіне баға берді. Миссия жұмысы барысында отандық сарапшылар тарапынан 12 ұсыным мен ұсыныс әзірленді, ал 10-ы бойынша жұмыс жалғасуда. МАГАТЭ сарапшылары еліміздің бұдан алдыңғы миссияның ұсыныстарын орындауда ілгерілеушілікке қол жеткізгенін атап өтіп, миссияның жұмысы туралы есеп жобасы Энергетика вице-министрі Ж.Нұрмағанбетовке жолданды.
Соңғы нұсқа миссия аяқталғаннан кейін 2 аптадан соң ұсынылады. Миссия есебінің негізінде Ұлттық іс-қимыл жоспары, Кешенді жұмыс жоспары, сонымен қатар еліміздің ядролық инфрақұрылымының сипаттамасы жаңартылатын болады», деген пікірін білдірді Халықаралық дәрежеде өткен миссия барысында «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин.