Жайылымнан таршылық көріп отырған ауылдағы ағайынның жағдайы талайдан бері айтудай-ақ айтылып келеді. Бірақ бұдан шығып жатқан нәтиже аз. Өйткені егінінің етегі ауылдың іргесінде жатқан шаруа жалға алған жерін кезінде заң күшімен бекіттіріп алған. Алайда енді егін алқаптары алқымынан қысып тастаған ауылдардың айналасы аршылып, қарапайым халықтың қолындағы азын-аулақ малдың өрісі кеңейетін күн де алыс емес сияқты.
Ауыл тұрғындары елімізде енді-енді күш ала бастаған жер реформасы көптен бері қажытқан жайылым мәселесінің қарапайым елдің пайдасына шешілуіне сеп болып қалар деген үмітте отыр. Салық кодексіне 2018 жылы енген өзгеріс бойынша елді мекеннің аумағында тұрған жерді пайдаланушы енді бұрынғыдай әр гектарына емес, әр шаршы метрі үшін салық төлейді. Нәтижесінде, мұндай шаруашылықтардың мемлекетке төлейтін салығы жүз еселеп көбейіп кетіп отыр.
Мәселен, биыл Қостанай облысында шабындығы мен егіні елді мекендердің аумағына кіретін 140-тан астам шаруа өзі пайдаланып жатқан жерінің әр шаршы метрі үшін 6 теңге 27 тиын салық төлеуге тиіс екені туралы ескертпе хат алған. Өңірде елді мекендерге тиесілі жерлерге мың гектарлап егін егіп отырған жиырма шақты шаруашылық бар екен. Олардың салыққа кететін шығыны шаш етектен.
– Мысалы, «Надеждинка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұрын 992 гектарға жылына 120 мың теңге салық төлеп келсе, енді бұл 6 млн теңгеге шығып кетіп отыр. Сондай-ақ Денисов ауданындағы «Фрунзенское» серіктестігі 1 892 гектар жеріне жыл сайын 194 мың теңге салық төлеп келген. Енді 9 млн теңге төлемек. Демек, аталған жер телімдерінде егін немесе мал шаруашылығымен айналысу автоматты түрде тиімсіз болып шығады, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Әзімхан Бәйімбетов.
Ай аман, жұрт тынышта төбеден жай түскендей болған шаруашылық басшылары облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгініп, Үкіметке Салық кодексінің 503 және 506-баптарын өзгерту туралы ұсыныс жіберуді сұрап отыр.
– Мен мұндай қиындыққа сонау 2014 жылы тап болғанмын. Бұл мәселе ауыл тұрғындарының жайылым жетіспей жатыр деген шағымынан туындаған. Енді, міне, жерді өз еркіңмен бересің немесе мәжбүрлі түрде кері қайтарасың деген жағдайға келіп тұрмыз, – дейді облыстық «Фермерлер қауымдастығы» облыстық филиалының төрағасы Марат Ахметов.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бүгінде елді мекендерге тиесілі ауыл шаруашылығы мақсатындағы 31 мың гектар жер шаруа қожалықтарының еншісінде екен. Олардың ішінде қосымша келісімшартқа қол қойған 25 шаруа жаңа Салық кодексінің талаптарына көнгендей сыңай танытып отырған көрінеді.
– Иә, шарушылық басшылары күндердің күнінде осындай келеңсіз жағдайға тап болатынын әу бастан жақсы білді. Енді бұл тығырықтан шығудың екі-ақ жолы бар. Салық төлеуге келіседі немесе жерді қайтарады. Өйткені ол жерлер жайылым, шабындық, бау-бақша өсіруге, яғни ауыл тұрғындарының игілігіне арналған, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жер қатынастары бөлімінің бастығы Ғабдылқадым Мағзұмов.
Сарапшылардың айтуынша, заң бойынша елді мекендердің аумағына кіретін жайылым мен шабындық жерлер мемлекеттің меншігінде болуға тиіс. Бірақ соған қарамастан, кезінде жекенің құзырына заңсыз өтіп кеткен жерлер көп. Қазір соны кері қайтарып алудың жолдары қарастырылып жатыр. Елді мекендердің аумағындағы жерге салықты еселеу де соның бір амалы болуы мүмкін.
– Жергілікті атқарушы биліктің өкілдері ауылға қарасты жердің жалпыға тиесілі екенін біле тұра кезінде аукцион арқылы кәсіпкерлерге беріп жіберді. Соның салдарынан талай жайылымдар егіс алқаптарына айналып кетіп, ауыл тұрғындары жайылымсыз қалды. Сол кезде мен шырылдап жүріп бұл аукциондар Жер кодексі талаптарына қайшы келетінін, ауыл аумағындағы жерді жеке кәсіпкерлерге беруге болмайтынын айтып, біраз табалдырықты тоздырғанмын. Ешкім құлақ аспады. Ақыры, міне, сол кездегі қателік енді алдымыздан шығып отыр, – дейді сарапшы Владимир Дранчук.
Сондай-ақ Лисаков қаласы мен облыстың 10 ауданында жалпы аумағы 19 мың гектарға жақын жерді пайдаланып отырған 63 кәсіпкер де салықтың ауыр салмағын көтеру мүмкін емес дейді. Бұған қоса салығын мерзімінде төлемеген кейбір кәсіпкерлер соңғы 3 жылдың салығын жаңа талап бойынша еселеп төлеуге мәжбүр болып отыр. Кәсіпкерлер палатасындағы мамандардың пікірінше, мұның арты кейбір кәсіпорындардың банкротқа ұшырауына әкеп соғуы мүмкін.
Салық кодексіне өзгеріс енгізу деген күрделі мәселе тек Үкімет отырыстарында ғана қаралатынын айтқан облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері арнайы ұсыныс хат әзірлеп, «Атамекеннің» Астана қаласындағы бас кеңсесіне жолдамақ.
Қостанай облысы