«Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағына ие мәдениет қызметкерлеріне төленетін үстемеақы мөлшері екі есе ұлғаяды. Енді бұл марапат иелеріне базалық лауазымдық еңбекақының 100% мөлшерінде үстемеақы төленеді. Қаулы жобасы жуырда өткен Үкімет отырысында бекітілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биылдан бастап «Қазақстанның халық әртісі» атағы қайта берілетін болған еді. Құрметті атаққа лайық мәдениет қайраткерлері Республика күні қарсаңында марапатталады.
Айтулы марапат еліміздің театр, цирк, музыка және кино өнерін дамытуға ерекше үлес қосқан, осыған дейін «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» немесе «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болған мәдениет қызметкерлеріне беріледі.
«Қазақстанның халық әртісі» атағын қайта тағайындау мемлекет тарапынан өнер қайраткерлерінің еңбегін бағалауға, кәсіби қасиеттерін дамытып, жетілдіруге, кәсіби шеберлік деңгейін арттырып, жаңа өнер туындыларын жасауға ынталандыруға ықпал етеді. Сондай-ақ жас буынның шығармашылық жағынан өсуіне, ұрпақтар сабақтастығына қызығушылық арттыруға үлес қосады», деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.