• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Сәуір, 2023

Әскери борышын өтеген сарбаздар үйіне қайтты

553 рет
көрсетілді

Қазақстан Қарулы Күштерінің дәстүрі бойынша, Сарыөзек гарнизонының шабуылдау бригадасында белгіленген қызметін абыроймен өтеген 200-ден аса сарбазды шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Осыдан бір жыл бұрын 2022 жылдың көктемгі айларында әскер қатарына еліміздің әр өңірінен шақырылған сарбаздар, енді міне, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып шықты.

Олар бір жыл бойы әскери мамандықты меңгеріп, жауынгерлік даярлықта елеулі нәтижелерге қол жеткізді, сондай-ақ мінездерін шыңдап, әскери тәртіпті үйреніп, командада жұмыс істеуді іске асырды.

Запасқа шығарылған сарбаздарға құрмет көрсету шарасы әскери бөлімнің саптық алаңында ұйымдастырылып, оған бригаданың әскери қызметшілері мен Қарулы Күштердің ардагерлері қатысты.

Салтанатты жиында бригада командирі подполковник Даулет Секенов жеке құрамды маңызды іс-шарамен құттықтап, сөз сөйледі. Оның айтуынша, запасқа шығарылған сарбаздар бір жыл ішінде егеменді мемлекетіміздің тыныштығы мен қорғанысын қамтамасыз етіп, тұтастығын сақтауға өз үлестерін қосқанына алғысын білдірді.

Сонымен қатар, жауынгерлік даярлығындағы жоғары көрсеткіштері үшін ең үздік сарбаздар грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ бөлім командирінің атынан запасқа шығарылған бірқатар әскери қызметшілердің ата-аналарына алғыс хаттар жіберілді.

Одан кейін сарбаздар саптық адыммен ортаға шығарылып, бөлімнің жауынгерлік туымен қоштасты. Оларға бір жылдың көлеміндегі әскери іс-шаралар мен оқу-жаттығуларынан естелік ретінде фотоальбомдар таратылды. Бірқатар үздік сарбаздарға арнайы дайындалған ту астындағы фотосуреттер салтанатты түрде табыс етілді.

«Міне бүгін біздің бір жылдық әскери қызметімізде аяқталды. Біз Отан алдындағы борышымызды абыроймен атқардық деп ойлаймын. Бізді жоғары жауынгерлік даярлық пен әскери тәртіпке үйретіп, әрқашан қолдау көрсеткен офицерлер мен сержанттарға айтар алғысым мол. Болашақ жастарға айтарым Отан алдындағы міндеттерін өтеп, айбынды әскерімізде қызмет етуге шақырамын», деді әскери борышын аяқтаған сарбаз ефрейтор Жандос Алмасов.

Салтанатты қоштасу рәсімі бөлімнің жеке құрамының салтанатты шеруімен аяқталды.