Алматы-Павлодар пойызында ер адам ішімдік ішкені үшін 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оқиға Алматы-Павлодар бағытындағы жолаушылар пойызында болған. Құқық бұзған жолаушы Шығыс Қазақстан облысы Ақтоғай станциясына келгеннен кейін пойыз бастығының актісі бойынша түсіріліп, желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлеріне берілді.
Бұл туралы көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов айтты. Тексеру барысында көлік полицейлері Павлодар облысының 28 жастағы тұрғынын анықтады. Алкогольді ішімдікке масайған жолаушы балағат сөз айтып, жолсеріктердің ескертулеріне құлақ аспаған. Осылайша қоғамдық тәртіпті бұзған.
«Тәртіп сақшылары құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 3-бөлігі, 434-бабы 1-бөлігі бойынша екі хаттама толтырып, іс Павлодар облысы Баянауыл аудандық сотына жіберілді. Айта кету керек, ер адам бұған дейін де қоғамдық орындарда алкоголь ішкені үшін жауапқа тартылған. Енді өрескел әрекетін қайта жасап отыр. Сот әкімшілік істің материалдарын қарап, оны 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу түрінде әкімшілік жаза тағайындау туралы қаулы шығарды», деді М.Айтуғанов.