Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңі басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
ҚазҰУ құрылысының басталуына орай естелік капсуланы қондыру шарасына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров, ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаев, бизнес және ғылым өкілдері, еліміздегі жоғары оқу орындарының ректорлары, ірі компания басшылары қатысты.
Жиында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «ҚазҰУ-дың тарихы тереңде жатыр. Оқу ордасы алғаш академиялық қалашық моделімен салынған болатын. 1974-75 жылдардан кейін университетке кең көлемде инвестиция құйылмаған. Сондықтан бүгінгі шараның маңызы өте жоғары. Жоспарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қолдап отыр. Қара шаңырақ ҚазҰУ-дың екінші тынысы ашылды деуге болады», деді министр.
Шара барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров сөз сөйлеп, ҚазҰУ ұжымы мен білім алушы жастарын айтулы күнмен құттықтады.
Өз кезегінде университет ректоры Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ құрылысының ІІ кезеңін жүзеге асыру студенттер үшін жасалып жатқан бастама екенін жеткізіп, «ҚазҰУ еліміздегі іргелі, көшбасшы оқу орны ретінде әлемге танымал. Еліміздің және шетелдің көптеген жастары заманға сай білім алу үшін Қазақ ұлттық университетін таңдайды. Бүгінде оқу ордасында 24 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Оның ішінде 50-ге жуық мемлекеттен келген 3 мыңнан астам шетелдік студент бар. ҚазҰУ QS WUR әлемдік рейтингінде 150-орынға көтерілді. Мемлекет басшысы бұл жоспарды өткен жылы университетімізге жұмыс сапарымен келгенде көріп, барлық бастамаларымызға қолдау көрсетті. Бүгіннен бастап Президент бекіткен жоспар бойынша ҚазҰУ қалашығының ІІ кезеңін іске асыру жұмыстары басталады», деп атап өтті.
Айтулы шара барысында келешек ұрпаққа жолдау жазылған хат арнайы капсулаға салынды. Болашаққа жазылған хатта: «Біз ҚазҰУ-ды жаңғыртудың жаңа дәуірі қарсаңында тұрмыз. Бұл – университет үшін тарихи сәт. Міне, бүгін құрылысы басталғалы тұрған студенттер қалашығын жаңғыртудың ІІ кезеңінде жасалатын жұмыстың бәрі сіздердің игіліктеріңіз үшін. Осы жатақханада тұрып, оқу корпустарында біліммен қаруланып, ертеңгі күні елге қызмет етеді деген үлкен үмітіміз, зор сеніміміз бар. Өйткені ел болашағы сіздердің қолдарыңызда» делінген.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасөз қызметінің мәліметінше, алдағы жоспарда қалашықта 14 700 орындық оқу ғимараттары, 12 мың шаршы метр әкімшілік корпустар, 35 000 шаршы метр емхана, 3000 шаршы метр спорттық-сауықтыру орталығы, қызметкерлерге арналған тұрғын үй, инновациялық орталық, ғылыми-зерттеу орталығы, технопарк және студенттер мен магистрларға, докторанттарға үш гектар жерге 12 мың төсек-орынға арналған жатақханалар бой көтеретін болады. Сондай-ақ қолданыстағы жатақханалар, оқу корпустары мен әкімшілік ғимараттар күрделі жөндеуден өтеді.