Қостанайда әуесқой шахматшылар арасында ашық турнир өтті. Жарысты «Шахмат ойыны» республикалық челленджі аясында облыстық білім басқармасы және балалар мен жасөспірімдерге арналған шахмат мектебі ұйымдастырып отыр.
Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, шахмат спортын насихаттау мақсатындағы турнирлер – Оқу-ағарту министрлігінің «9 ай – 9 іс-шара» тұжырымдамасы шеңберінде бүкіл республика көлемінде қолға алынып жатқан шара.
70 шахматшы қатысқан турнир Қостанайдың орталық алаңында сағат 12:00-де басталды. Дәл осы уақытта қаланың бүкіл мектептері мен колледждеріндегі оқушылар мен ұстаздар да шаршы тақта сайысына отырды. Ойындар рапид жүйесі бойынша өтті. Бұл ереже бойынша жүріске шектеулі уақыт берілетіндіктен, көбіне ойы ұшқыр ойыншы озық шығып, партия тез аяқталады. Ұтқан адам екі ұпай еншілесе, тең түскендердің есебіне бір ұпайдан жазылады.
– Жалпы, шахмат адамның ақыл-ойын шыңдайтын бұқаралық спорт түріне жатады. Бүгінде Астана төрінде өтіп жатқан әлем чемпионаты жаһан жұртшылығының назарын аударып отыр. Осы чемпионат қарсаңында Қостанайда өтіп жатқан республикалық челлендж елге ең ақылды ойынды насихаттауды көздейді, – дейді шахматтан облыстың аға жаттықтырушысы Амангелді Оралбаев.
Қостанай облысы