Теннистен Астанада өтетін Билли Джин Кинг кубогі жолындағы жарыстың іріктеу турнирінің жеребесі тартылды.
Бұл межеде Қазақстан мен Польша құрамалары күш сынасатыны белгілі. Бүгін жекелеген сайыста Юлия Путинцева мен Магда Линетт және Елена Рыбакина мен Вероника Фальковска шеберлік байқасады. Ертең Рыбакина мен Линетт және Путинцева мен Фальковска кортқа шығады. Жұптық сайыстар Анна Данилина/Гозаль Айнитдинова және Алисия Росольска/Вероника Фальковска арасында өтеді. Бір қуантарлығы, қарсыластар командасының ең үздік ойыншысы, әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентек аталған жарысқа қатысудан бас тартты.
Жерлестеріміз үшін Польша құрамасындағы ең қауіпті теннисші Магда Линетт екені сөзсіз. 31 жастағы Познань қаласының тумасы қазіргі кезде WTA рейтингінде 19-орында тұр.