• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Сәуір, 2023

Қалаға келген қыз-жігітті қолдау қажет

395 рет
көрсетілді

Қалаға ағылған ауыл жастарының қатары жыл сайын көбейіп отырғаны қоғамды алаңдатуы керек. Жалпы, бұл – жылдар бойы шешілмеген әлеуметтік мәселенің кермек дәмі. Ушыққан мәселенің одан сайын асқынуына бейберекет жоспарланбаған ішкі көші-қонның да зор ықпалы бар. Яғни қала жағалаған азаматтардың санында ғана емес, өмір сүру сапасында да орасан алшақтық байқалып тұр.

Оның үстіне жарылқайды деп келген қаладан тапқан жұмысының сиқы тағы базарда арба сүйреу, күзетші болу немесе такси жүргізу мен кассирлік. Одан қалды тиіп-қашпа жұмыс, бүгін бар, ертең – беймәлім. Басында баспанасы да жоқ. Ауылдан безгенімен шаһар бауы­рына баспады. Себебі урбаниза­ция­ны бір жүйеге келтіруге дәл қазір мемлекеттің қауқары жетпей тұр. Бұл екеуін­сіз әлеуметтік мәселелердің туындайтыны тағы анық. Ал мұның алдын алуға мүмкін бе? Заңды сұрақ.

Осыған орай белгілі ғалым, филосо­фия ғы­­лым­­дарының докторы, Әлеу­мет­­та­ну­­шылар қауым­дас­тығы­ның же­тек­шісі Бақыт­жамал Бек­тұр­­ғанова: «Көптеген идеолог­­тің идея­­­сы айқын болмауынан жас­­тар­дың басым бөлігі ұлттық сая­сат­тан тысқары қалды. Жастар идео­­­ло­гиялық басымдықтарды өз­де­рін­ше іздеп жүр. Мемле­кет­тік иде­о­­логия жастарды жұмыл­ды­ра ал­мады», деген пікірін алға тартты.

– Бұл үдерістің негізгі тренді – жалған урбанизация. Ауыл тұр­ғындары қалаға жаппай қоныс аударады, ал мұндай саны көп халық­ты қалалық орта өзіне бейімдей алмайды. Керісінше мигранттар қала өміріне ауылдық тұрмыс-салтын алып келеді. Мұның өзі көптеген маргинал топ­ты қалыптастырып, бастысы – ұлттың бірігуіне нұқсан кел­ті­реді. Мұның бәрі экономиканы жекешелендірудің жаңа цик­лын туындатып, оның тұрақты өзін-­өзі қамтамасыз ететіндей деңгейге кө­­шуін кейінге шегереді, – дейді Бақыт­жамал Бектұрғанова.

Дегенмен урбанизация реттеген елдер бар. Бізге сол дамыған мем­­лекеттердің тәжірибесінен көп нәрсені үйренуге болады. АҚШ пен кейбір Батыс Еуропа елдерін­де субурбанизация жүре бастаған. Халық ірі қалалардың қала шеті­не, шағын елді мекенге көшіп жат­қаны туралы дерек бар. Бірақ мұ­ның бәрі ауыл шаруашылығы­мен байланысты емес. Өйткені оларда қала мен ауыл өмірінің дең­ге­йі бір-бірінен кем емес. Керісінше, шағын елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық ахуалы қаладан да асып түседі. Демек, оларға шулы, газды қаладан гөрі ауылда тұрған қо­лайлы. Себебі мұнда адам жанына қа­жет барлық жағдай жасалған. Әлбет­те, біздің ауылдық жермен салыстыру­ға мүлде келмейді. Қазақ­станда жалпы, посткеңестік елдерде ауыл қай жағынан алғанда да қаладан 50-60 жылға артта қалып қойған. Екеуінің арасы жер мен көктей. Ауылдықтардың қалаға ағылуына да осы алшақтық себеп.

– Ауылда күнкөріс барған са­йын қиындап кетті. Жұмыссыздық белең алды. Ауыл халқы мал, жер күтіміне шамасы келмейтін жағ­дайға жетіп қалды. Қол жетпес ба­ға­дағы арнайы техникалар, жем-шөптің қымбаттауы, көмірден бас­тап, тұрмыстық қажеттіліктер­дің еселеген бағамен жеткізілуі – міне, осының барлығы ықпал етпей қоймайды. Жастардың қалаға көшу себебінің қатарында осы мәселелер тұр. Шын мәнінде, ауыл аздаған фермерлер мен қоры бар тұрақты қызметтегі адамдар үшін ғана жайлы орын. Сондай-ақ біріншіден, ауыл адамы «Қала үлкен, қалайда жұмыс табылады» деп ойлайды. Екіншіден, ауыл адамдары әлеуметтік дискриминацияны сезінеді. Яғни қалада­ғы­дай жоғары дәрежедегі мектеп, емханалар жоқ. Мысалы, дарынды балаларға арналған, «Назарбаев» мектебі секілді, тағысын-тағылар. Әрі қарай білімнің жоғарғы сатыларынан оқшау қалады. Таңдаулы жоғары оқу орындары, «Болашақ» бағдарламасы. Ауыл тұрғындары «2-сорт» сияқты қабылданады, – дейді саясаттанушы Айдос Бәдел.

Ауылды өз деңгейінде дамыту арқылы ұстап тұру қалаға ағыл­ған көшті де тоқтады. Мұндай мүм­кіндікті әлемдік тәжірибе көрсе­тіп келеді. Әрине, оның бәрі сәт­ті жүзеге асты деуге келмейді. Деген­мен әлем елдері ауылдық елді ме­кен­дерін сақтап қалуға әрекет қылып жатыр. Осы мәселені зерттегенде шетелдерде ауылға көшіп, ауыл шаруашылығымен айна­лысуға ықылас білдіргендерге мемлекет жан-жақты қолдау жасайтынын аңғардық. Арнайы жоба-жоспарлары жеткілікті. Айталық, АҚШ, Канада, Италия, Испания, Жаңа Зеландия, тіпті Ресейде де осы мақсатқа арналған арнайы бағ­дарламалар бар. Мәселен, деректерге көз салсақ, АҚШ-тың біраз халқы ауылдық жерде тұрады. Де­генмен ауыл шаруашылығымен айна­лысатындар үлесі 11 пайыз көлемінде екен. Атақты «Бір қа­бат­ты Америка» адамдардың жер­мен айналысуы – ауыл өмірін қол­дауға бағытталған мемлекеттік бағ­дарламалар нәтижесі. Бұл бағ­дарламалар үш блокқа бөлінген: тұрғын үй құрылысы, инженерлік нысандар салу және ауыл экономикасын дамыту. Осы орайда ауылдағы үйін жөндеу үшін 20 жылға 1%-бен 20 мың АҚШ долларынан аспайтын несие бере­тіндігін айтып өткен жөн. Ауыл шаруашылығы министр­лігі сонымен бірге ауылда үй салуға да бөлек несие қарастырған. Кана­дада ауыл тұрғындарын қол­дау­ға бағытталған «Home Grown Solutions» бағдарламасы жұмыс істейді. Жоба аясында бірнеше отбасына грант беріледі. Бұл қаржы негізінен үй салуға, жөндеу жұмыстарына жұмсалады. Ал Ита­лияның ең тұр­мысы төмен айма­ғы Молизеге көшіп келгісі келген тұрғындарға сол облыстың әкім­шілігі адам басына ай сайын 700 еуродан (теңгемен 343 мың теңге) қаражат төлейді екен. Үш жылда бұл қаржы көлемі 24 мың еуродан аспауға тиіс көрінеді. Көшіп келушіге қойылатын басты талап – шағын қалаға орналасып, онда өзінің бизнесін ашуға міндетті. Бұдан қала әкімшілігі де құр қалмайды. Оған инфрақұрылымды дамыту үшін ай сайын мемлекет 10 мың еуро бөледі. 10 мың еуро теңгеге шаққанда бүгінгі бағаммен 4 млн 912 мың теңге.

 

Қарағанды