• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Сәуір, 2023

Қайырлы баспана

427 рет
көрсетілді

Рамазан – ораза тұтумен шектелетін ай емес, мейірім мерекесі. Абайша айтсақ, «Біріңді қазақ бірің дос» көретін әлет. Осы қуаныш жыл оны екі ай жалғасса екен дейсіз. Сондай бір тәтті тілекті құлағымыз шалды. Оны 60 отбасы тегін баспаналы болғанда естідік. Жетісулық жомарт азаматтардың қарекетіне халық қатты сүйсі­ніп қайтты.

Ешқандай қаражатсыз тұрғын үйге қол жеткізген тұрғындар құдды қасиет­ті айда тілегі қабыл болға­н­дай мәз-мейрам. Талдықор­ғандықтардың риясыз қуа­нышы аспанды әлдилеп тұр­ғандай. Су жаңа үй арнайы солар үшін салынған. Бірден 60 отбасына баспана кілті табысталды. Тұрғын үйлі болғандардың бәрі – әлеуметтік осал топтағы жеті­сулықтар. Олардың қата­рында 10 баланың анасы, мүмкіндігі шектеулі бала тәр­биелеуші, жарымжан жандар бар. Бәрі шынайы, ешқандай пафос жоқ.

Қуаныш иелері ешкімге, ештеңеге шығындалмайды. Тек шырайлы шаһардың орталығындағы су жаңа бас­панаға қоныс аударады. Мем­лекет басшысы еліміз­дегі бизнес өкілдерін жиып, елдікті, егемендікті бірге асқақтатуға бірлесе жұмыс істеуге, қайырымдылық жа­сауға, туған жерді түлету­ге, ел экономикасын өркен­дету­ге бірлесе атсалысуды ұсынған еді. Міне, соның жемісі Талдықорғанда жалға­сын тапқандай.

Жаңадан пайдалануға бе­рілген көпқабатты тұрғын үйдің жалпы аумағы – 4 702 шаршы метр. Өз иелерін тапқан баспананы белгілі атымтай жомарт Данияр Абул­ғазин салдырған. Мұн­дай жаңалықты баспана кілтін табыстау рәсімінде Алматы облысының бұрынғы әкімі Қанат Бозымбаев баян етті.

– Қасиетті Рамазан айын­да қуанышты сәттің куәсі болып тұрмыз. Баспаналы болу қандай бақыт?! Тал­ды­қорған қаласында 15 мыңнан аса тұрғынның бас­панаға мұқтаждығы барын облыс әкімі болып тұр­ғанда білетінмін. Бас­пана тапшылығын азайту үшін түрлі жоба, бастамалар жасақталды. Соның бірі де бірегейі – елдегі кәсіп­керлердің, мықты меценаттардың көмегімен баспана салып, әлеуметтік осал топтарды үймен қамту. Данияр Рүстемұлына телефонмен хабарласып, бас­панаға мұқтаж жандардың көптігін айтқанмын. Содан қайырымды азамат қамсыз қалмай, осы баспананың іргетасын қалап, бүгінде сіз­дерге сыйға тартуда. Бұл көпқабатты тұрғын үйден пәтер алғандардың шаңырағы шат­тыққа, қуанышқа, бақытқа толсын, – деді Қ.Бозымбаев.

Артынша сөз алған Д.Абул­ғазин жергілікті әкімдікке, «Харекет» қайы­рым­дылық қорына, оның ішінде құрылтайшысы Мадияр Серікбаевқа алғысын біл­діріп, қайырлы іске Мем­лекет басшысының сөзі себепкер болғанын да жасырмады. Қайырымдылық қорына ерекше тоқталуының да жөні бар. Себебі «харекеттіктер» үй иелерін анықтапты.

Мұнан соң ұйымдас­тырушылар пәтер кілттерін салтанатты түрде иелеріне табыстады. Олардың қатарында Ерлан Серікбаев та бар. Су жаңа пәтердің иесі екінші топ мүгедегі екен. Қанша жылдан бері үй кезегінде тұрған. Осы уақытқа дейін пәтер жалдап тұрып келген ол көз жасына да ерік берді.

«Қасиетті айда тілегім де, арманым да орындалды. Қайырлы жандарға алғаусыз алғыс білдіремін. Шыны керек, көкірегім сайрап тұрғанмен толқыныстан сөйлей де алмай тұрмын. Бастысы, осындай риясыз қуаныш әрбір шаңы­рақ­та орын алсын», деді Е.Серікбаев.

Қайырлы істің иелері мұнымен тоқтап қалмапты. Баспанаға қол жеткізгендерге басқа да тарту жасапты. Әрбір пәтерге асүйлік жиһаз бен ыдыс-аяқ, бір-бір мұздат­қышты сый етіпті.

Іс-шара барысында ел ағаларының мұндай жомарт­тығына разы болған Ақмарал Донбаева ыстық ілтипатын білдірді. 10 баланың анасы қайырымды жандардың мұндай қамқорлығы бүгін үшін емес, болашақ үшін жасалған өрісті тірлік екенін сөз етті.

«Бүгін өзім үшін емес, балаларым үшін қуанып отырмын. Әрбір бала оңтайлы ортада, жайлы жерде өмір сүруі керек. Осы уақытқа дейін пәтер алу арман болды. Қазір сол тілеуіміз орындалып отыр. Балаларымның атынан, өзімнің атымнан ел ағаларына ризалығымды білдіремін. Сол кісілердің арқасында болашақтың 10 тұлғасы алаңсыз білім алып, жайлы жерде тұратын болды», деді А. Донбаева.

Іс-шара соңында пәтер иелері естелік суретке түсіп, Рамазан айында риясыз ризашылықпен тарқасты.

 

Жетісу облысы