Кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген жерлестеріміз Мейірім Нұрсұлтанов пен Нұрсұлтан Аманжолов кезекті жекпе-жектерін Оңтүстік Кореяда өткізіп, қарсыластарын нокаутпен тізе бүктірді.
Инчхон қаласында ұйымдастырылған бокс кешінің басты айқасында өнер көрсеткен Мейірім Нұрсұлтанов (19-0, 10 КО) бүгінге дейін кәсіпқой шаршы алаңда 15 кездесу өткізіп, соның 14-ін мерзімінен бұрын аяқтаған Жапонияның мақтанышы Кадзуто Такесаконы сегізінші раундта сұлатып түсірді. Бұл жекпе-жекте орта салмақтағы WBO International тұжырымы бойынша чемпиондық атағын тағы бір мәрте сәтті қорғады.
Ал супер ауыр салмақта жұдырықтасатын отандасымыз Нұрсұлтан Аманжолов жергілікті боксшы Сук Хи Анмен қолғап түйістіріп, қарсыласын сегіз раундқа жоспарланған айқастың үшінші раундында есінен тандырды. Бұл – отандасымыздың кәсіпқой бокстағы бесінші және мерзімінен бұрын аяқтаған төртінші жеңісі.