«Astana Qazaqstan Team» велокомандасының көшбасшысы Алексей Луценко Италиядағы дәстүрлі «Сицилия турында» жеңіске жетті.
Төрт күнге жалғасқан бәсекенің соңғы кезеңінде мәре сызығын бірінші болып кескен отандасымыз Алексей Луценко жалпы есепте де үздік шықты. 216 шақырымға жалғасқан жарыстың ең қиын және таулы кезеңін жерлесіміз 5 сағат 29 минут 50 секунд ішінде жүріп өтті. Одан кейінгі орындарға оңтүстікафрикалық Луис Мейнтджес («Intermarché – Circus – Wanty») пен италиялық Винченцо Альбанезе («EOLO-Kometa») жайғасты.
Жалпы есепте де дәл осы үш велошабандоздың мерейі үстем болды. Ал «Астана» велокомандасына биыл ғана қосылса да, екі жарыста үздіктер қатарынан көрінген британиялық Марк Кавендиш бұл жолы 102-орында қалып қойды.